Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылда атқарылатын іс көп

Ауылда атқарылатын іс көп

«Өткен жылға өкпе жоқ» деген дана халқымыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы
аясында өткен жылы Бидайкөл
ауылында атқарылған істер жөнінде ауыл басшылары ел алдында есебін берді. Халық қалаулылары межелеген жұмыстардың бәрі орындалды, бәрі тап-тұйнақтай, тамаша деп ауыз толтыра айтып, халықтың «ду» қол шапалақтаған алғысын алды.
Айтпағымыз, біткен іске сыншы көп. Атқарылған жұмысың мен табысыңды ешкім, ешқайда алып кетпек емес. Ол жұмыстар жайлы тоқталмай-ақ қоялық. Ауыл мәдениеті, оның сәулеті мен дәулеті көркі, заманауи келбетінен, азаматтарының рухани жан дүниесінен, оның тазалығы мен мәдениетінен көрінбек. Ауылдың үстінен дарияға дейін жиырма шақырым, одан әрі Қарғалы ауылы мен Жаңақорғанның Байкенжесіне қатынайтын үлкен жол сайрап жатыр. Осы жолдың ауылдан шыға беріс күн шығыс жағына жолаушылар үшін үлкен аялдама соғу көптен бері айтылып жүрген. Аялдаманы ауыл көлеміндегі Иіркөл кеніші «Семізбай-U» ЖШС азаматтарының ынтымақпен жұмыла жасаған қажыр-қайраттарының арқасында бітіріп, ел игілігіне табыстады.
Халқымызда: жол, көпір салуды сауапты іс санайды. Әрине, мұндай істердің біразы іске асты, тек оқушы, жаяу жүргіншілер үшін қатынас жолдарын салу әлі де шешімін таппай келе жатқаны толғандырады. Ауыл орталығындағы М.Шоқай көшесі жағалауындағы жаяу жүргіншілер жолы тозығы жетіп, адам түгілі малдың жүруі қиындап барады. Сондай-ақ, З.Пірімбетов көшесі бойына да жүргіншілер үшін жолдың қажеттілігін айтудан көпшілік шаршамаған сыңайлы.
Осы мақала барысында еске саларлық жай көше атаулары жайында. Көше атаулары жайлы ауыл түгілі, сонау Алматыдағы Ы.Алтынсарин атына берілген 100-ақ метрлік (небары 2-3 нөмірлі үй) сынға алынғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол жайында (жазушы, аудармашы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімханұлының «Ақшоқы» көп томдық 2016 жылғы шығармасында) айтылған. Осының кері бізге келмесіне кім кепіл?
Қазір жеке басының тұрмысы үшін, жоғары биліктегі азаматтардың малын баққаны үшін де, халықтың таңдауынсыз көшеге есімін беріп іліп қойғанын көргенде кәдімгідей қынжыласың. Ел үшін, халқына қалтқысыз қызмет еткен адал ниетті перзенттерге есімін беруде соншалықты кірпияздық танытуы ойлантарлық жәйт.
Ауданымыздың айнасы «Өскен өңірде» жағы талмай, шырылдап, әрдайым оқырманның назарына ұсынып келе жатқан кент тазалығына байланысты мақала-суреттер аудан көлеміндегі барлық
ауылдарға да қатысты деп айтамыз.
Біздің құндылықтарымызды қадірлеп, көз­дің қарашығындай сақтап, жаңғыртып аудан көлемінде көптеген мәдени шаралар ұйымдасты­рылып келеді. Алайда, ескерткіштер мен көшелер­дің, аялдамалардың тазалығына, сәулетіне ұқыпты қарау жөнінде әттеген-айларымыз кездесіп қалып жатады.
Оразбек
Жұмаділұлы.
03 наурыз 2018 ж. 1 226 0