ШАҒЫН КӘСІП – ДИҚАНҒА НӘСІП

Басылымның бүгінгі санында ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде өлкенің негізгі байлығына айналған күріш дақылын өсіріп, егін ісіне екпін беріп, жаңа қарқында жұмысқа кіріскен «Алтыбас» шаруа қожалығы жөнінде сөз етпекпіз. Ұлы іске сарқылмас күш жұмсаған шаруа қожалығы 2020 жылдан бері жұмысын жалғастырып келеді. Төрағасы Асылжан Жақапов – Шиелі ауданы, Телікөл ауылының тумасы. Бүгінде егін басында 10 адамды тоғыстырып, үздіксіз көбейіп жатқан дала байлығының сапасына үлкен үлес қосуда. Жылма-жыл өріс тартқан қарқынды еңбек бірер жыл ішінде жоғары нәтижелер көрсетеріне сенім мол.
Тынымсыз еселенген еңбек дабылына көктем айы тағы да серпін беріп, тағы да шырай кіргізгендей. Осынау табиғатпен үндестікте «Алтыбас» шаруа қожалығы биыл 200-250 га жерге күріш, 50 га жерге жоңышқа, 15 га ауылдық үлесі бар жерлерге түрлі дәнді дақылдар екпек. Қазіргі таңда егіншілер егін егіп, жер жырту жұмыстарын бастап кетті. Шаруа қожалығы тарапынан күріш дақылының «Лидер» сорты өндіріліп шығарылады. Бүгінде Сыр маржанымен ауыл тұрғындарынан бөлек, түрлі аймақтар қамтамасыз етіліп отыр. Саналы еңбектен сапалы өнім алуды мақсат еткен дала диқандары жылына әр гектардан 50-55 центнерге жуық өнім жинайды.
Әрине, қиындықсыз кәсіп болмайды. Диқандар егін ісінде су тапшылығы мәселесімен жиі ұшырасатынын айтады. Бұл үшін жыл сайын жер қазу жұмыстары жүргізіледі. Десе де, игілікті істе ілгерілеу бар. Бірнеше жылдан бері дала жұмыстарына төселген еңбек адамдары егіннің қыр-сырына қанығып, жауапкершілікті арттыра түскен. «Алтыбас» шаруа қожалығының халық игілігіне атқарып жатқан қызметі де аз емес. Жеке қаражат пен техникаға ауылдың сыртқы айналмалы каналдарын қазып, даланы аяқсумен қамтуға жағдай жасап отыр.
Егіншілердің бұл шаруашылықты жыл санап нығайтуға, аудан салтанатын, өмір көркін түрлендіруге қосып жатқан үлесі орасан. Себебі егілген тұқымды күтіп-баптап, сапалы өнім жинау оңай шаруа емес. Бұл жөнінде:
– Күріш өсіру көп еңбекті талап етеді. Бұл үшін жұмыла жүріп, нәтижелі әрекет етуге тырысудамыз. Егін мен егіншінің бір толқында жүретіні рас. Сондықтан атқарылып жатқан жұмыстар төккен терді ақтаса, нұр үстіне нұр, – деді Асылжан Жанболатұлы.
Ұлы іске сарқылмас күш жұмсап, егін даласын жігер беретін тетікке айналдырған шаруа қожалығы жаңа қарқындағы жұмысын жалғастыра бермек. Биыл егістік даласына арпа мен мақсары дақылдарынан да өнім алу жоспарланып отыр.
Таслима ӘЛІШЕР