ҚАМБА ТОЛАР АСТЫҚҚА

Аталған жиынға аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мамандары мен шаруа қожалық төрағалары қатысты. Ең әуелі кездесуді аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов ашып беріп, шаруа қожалықтарына көктемгі дала жұмыстарының барысы жайлы толықтай тарқатып айтты. Осыдан соң, бірқатар мәселелер талқыланып, диқандар тарапынан ұсыныс тілектер айтылды. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов бүгінгі таңдағы басты мәселенің бірі – тұқымның тазалығы екенін нақты атап өтіп, шаруа қожалықтарына себілетін тұқымдардың тазалаудан өткізілуі керек екенін ескертті. Сондай-ақ қожалық төрағалары сала мамандарына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Айта кетейік, жоспарға сай жүзеге асырылып жатқан егін егу науқанына биыл егістік үшін өткен жылмен салыстырғанда 500 гектарға артық аумақ берілген. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына 1696,2 тонна дизель отыны бөлінген. Ал наурыз айына 364,8 тонна бөлінсе, берілген баға литріне 212 теңгені құрап отыр.
Иә, басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын диқан қауымы ала жаздай егіннің бабын жасау үшін осы кезден барлық құрал-саймандарын сайлап алып іске кіріскен. «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» демекші, тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, қызу тірлікке араласуда. Сондықтан биыл да ауданның еңбеккерлері күріштен тау тұрғызып, қамбаны қызылға толтырып, ел мерейін үстем етеді деп сенеміз.
Сымбат СҰЛТАН