Жайылымы болмаса мал азады, қайырымы болмаса жан азады
Кеше аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов арнайы жұмыс сапарымен Жиделіарық және Керделі ауылдық округтерін аралап, егістік алқабындағы қысқы жем-шөп қорын жинау жұмысымен танысты. Елдегі ахуалға бейжай қарамаған аудан жастары да шөп жинау жұмысына белсенділік танытуда. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген қазақы тәмсілді ескеріп, жастардың бұл ісіне «бәрекелді» дестік.
Биыл табиғаттың тосын мінезі кімге де болса ертерек қамдануды ұқтырғандай. Бастысы бас аман болсын дейміз. Баяғыда үлкендер «мал-жаның аман ба?» деп саулық сұрасқан ғой. Қазір, бұлай сұрасаң қуаңшылыққа тап болған ағайынның көңіліне одан сайын кірбің түсіретіндей болып көрінуі мүмкін. Себебі, ертеден қазақ төрт түлікпен бірге жасап келеді. Малына әлдеқандай жағдай болса, жанына бататыны содан. Ішсе сусын, кисе киім, жүрсе көлік болған малдың қазақ үшін пайдасы ұшан теңіз болғандықтан қазақ малдың бабын күйіттеп, қолайлы жағдай жасаған. Мәселен, жазда жайлауға, күзде күздеуге көшкені адамзаттың емес, осы малдың азықтануына байланысты екені баршаға мәлім.
Бұл мәселе аймақ, аудан басшыларының басты назарында болған. Енді міне, Президент Қ.Тоқаев өз бақылауына алып, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру керек деп кесіп айтты. Сонымен қатар, «жалпы, бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Негізгі себеп – әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Қазір мал жаю үшін 29 млн гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 млн гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 процентінде жайылымдық жер тапшы» дей отырып, жайылымдық жер мен шөп әсіресе, Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отырғанын атап өтті. Мұнымен қоса, «Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мән берген жөн. Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тәсілін жетілдіріп, оның ауқымын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмысты Президенттің тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек» деп сала мамандарына тапсырма берді үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Мал азығы жайлы келелі жиындар ауданда да жиі талқыланып, ауылдарды аралауға басшылар өткен аптада кірісіп кеткен еді. Бұл ретте Е.Апетов бірқатар ауылдарды аралап, көзбен көріп шықты. Аудан әкімінің орынбасарымен бірге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков, аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекші маманы Н.Сапарбаев та болды. Кешегі сапары Жиделіарық пен Керделі ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов ауыл тұрғындарына егістік алқабындағы бау шөптерді орып, қысқы мал азығын жинап алуға мүмкіндік берілгенін айтты. Сондай-ақ, ауыл әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына халыққа түсіндіру-ағарту жұмыстарын жүргізіп, қысқы жем-шөпті жеткілікті мөлшерде жинауды және тиісті шараларды дер кезінде ұйымдастыруды тапсырды.
Мал азығын дайындауға еріктілер мен жасыл елдіктер де өз үлестерін қосып, атсалысуда. Жәрдемдескен жастар пресс шөпті жинап, әлеуметі төмен отбасыларға түсірісіп беруде. Айта кетейік, жуырда «Бидайкөл» шару қожалығының егістік алқабына 25 жас барып көмектескен болатын. Осылайша жастар ағайынның басына түскен сынақты бірлесе көткеруге күш салуда.
Ақбота Баянбай