Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал азығы маңызды мәселе

Мал азығы маңызды мәселе


Апта ортасында аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетовтің төрағалығымен, аудандық ауыл шаруашылығының басшысы Мұрат Әшірбеков ауыл тұрғындарының қысқы шөппен қамтамасыз етілуін қадағалау барысында Шиелі ауданының 6 ауылын бір күндік жұмыс сапарына енгізіп, егістік алқабындағы жоңышқалықты аралап шықты.
Ауыл аралап, жем-шөпті бақылауға алғандағы мақсат қазіргі қуаңшылықтың әсерінен болып тұрғаны белгілі. Көктемнің кеш шығып, жауын-шашынның аз болуы көктің шығуына теріс әсерін тигізді. Одан қалды Сырдариядағы су деңгейінің өте төмен болуына байланысты көлдерге су жіберілмеді. Арық, жап біткенге су бармағандықтан жайылымдық жерлер тұзданып, сор, кебірге айналды.
Аралдағы қуаңшылық өз алдына үлкен проблема. Қуаңшылыққа себеп болған көктің шықпауы төрт түліктің қырылуына алып келді. 600-ге жуық ірі қара қырылды деген ақпарат әлеуметтік желіде тарап кетті. Қалтафонның арғы жағынан қырылған малдың өлекселерін көру тойымшылықта отырған көпшілікке ауыр тимесі анық.
Алайда, «малым-жанымның садағасы» деп баптап отырған малы күйекке жетпей қырылды да қалды. Экологиялық табиғи апат деп қоя салмай құрғақшылық пен қуаңшылықты ескерген аймақ басшысы Г.Әбдіқалықова Арал ауданындағы шаруашылықтарға жем-шөп жеткізу жөнінде шұғыл тапсырма берді. Облыс басшысының тапсырмасымен қуаңшылық орын алған өңірге 116 тонна жоңышқа шөбі апарылса, алдағы күндері 518 тонна мал азығы жіберілетін болды. Бұдан бөлек, ауданға жәрмеңке ұйымдастыру, жерасты су көздерін ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сонымен қатар, барлық өңірлерді аралап, әкімдер мен ауыл шаруашылық бөлімдеріне нықтап тапсырма берді. Осылайша күрделенген ахуал өз ретімен шешіліп келеді.
Алдымен аудан әкімдігінде қысқа мал азығын дайындау және жем-шөпке байланысты жиын өтті. Жиынға бірқатар бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері және ZOOM платформасы арқылы ауылдық округ әкімдері қатысты. Биылғы жылы аудан бойынша 125 мың тонна шөп, (оның ішінде 85 мың тонна табиғи шөп, 40 мың тонна жоңышқа) 28 мың тонна сабан, 540 тонна сүрлем дайындау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда, 22 540 тонна жоңышқа шөбі, 41 160 тонна табиғи шөп, барлығы – 63 700 тонна шөп дайындалғаны, сондай-ақ, аудан тұрғындарының мал басын жем-шөппен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жиын барысында айтылды.
Осыдан соң Е.Әпетов бастаған басшылар Ақмая, Тұран, Бәйтерек, Керделі, Жуантөбе және Бестам ауылдық округтеріне ат басын бұрды. Алғашқы іс-сапар Ақмая ауылынан басталды. Е.Әпетов фермадағы жиналған рулон жоңышқа шөбін көріп, Ақмая шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков пен ауыл әкімі Бағлан Сағындықовтың «қыстың қамын жаз ойлап», қысқы мал азығының тапшылығын болдырмау мақсатында істеп жатқан жұмыстарына ризашылығын білдірді. Ақмая ауылының фермасында бүгінде 8000 шөп жиналып, қаз қатар тізіліп тұр. Жалпы фермаға 15-20 мың шөп қоры сияды. Д.Жұмбековтың айтуынша, алғашқы орым үлескерлерге әлдеқашан төраға басшылығымен таратылған.
Мұнан кейінгі бағыт Бәйтерек ауылдық округінің егістік алқабы болды. 50 градус аптап ыстықта күріштік алқабының буымен ылғалды ыстық ауа еселеніп тұрды. Соған қарамастан еңбекқор жұмысшылар күнделікті жұмысын мінсіз атқаруда. Оларға қолкөмек көрсетейік деген бас­тамашыл ерікті жастар мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарын Шиелі аудандық Жас­тар орталығы топтастырып, егістік алқабына әкелді. Олар пресс шөпті жинау, жүк көлігіне тиеу арқылы бір күндерін сауапты іске арнап, жұмысшылармен бірге қысқы мал азығын жинауға өз үлестерін қосты.
Жалпы «Бидайкөл» шаруа қожалығы өз үлескерлеріне шөп таратуды бастаған және бұған дейін де әлеуметтік аз қамтылған 50 отбасыға шөп үлестірген. «Бидайкөл» шаруа қожалығының жері – 4739,19 гектар. Оның ішінде, егістігі – 2221,93 гектар, жайлымдық жері – 1282,68 гектар, басқа алқаптар – 1165,58 гектар, шабындық – 69 гектар. Шаруа қожалық төрағасының орынбасары Асылбек Ораловтың айтуынша, «Бидайкөл» шаруашылығы 2021 жылы 900 гектар жерге күріш, 200 гектарға күздік бидай жаңа жоңышқамен бүркемеленіп егілген. Сондай-ақ, 70 гектарға соя дақылын, 477 гектарға ескі жоңышқа орналастырған. Аталған шаруашылық жер үлескерлерін жыл сайын 45-50 мың бау жоңышқа шөбімен қамтамасыз етіп, 300 гектарға дейін егістік жерді көкөніс, бақша дақылдарын егу мақсатында үйлестіруде.
Осындай алмағайып заманда елдің ауызбіршілігі көрінетіні мәлім. Қуаңшылықты ескерген Құрмет Талапқазы есімді жас азамат әлеуметтік желі арқылы жастарды шөп шабуға шақырып, төрт түлігі өліп жатқан аймақтарға жіберейік деп үндеу жасауда. Оның жанашырлығымен бір аптаның ішінде 1миллион ақша жиналған. Жиналған қаржыға малға қажетті жем-шөп алып, мұқтаж жандарға үлестірмек. Міне, осы бастама басқа аймақ, аудандарда да жалғасын тапты.
Бұдан бөлек, Т.Әлімқұлов жеке егістік алқабын Ақтоған, Бәйгеқұм округтерінің тұрғындарына қыстық шөбін дайындап алуға берген.

Ақбота Баянбай
09 шілде 2021 ж. 592 0