Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал азығы маңызды

Мал азығы маңызды


Қазақта «Қылышын сүйретіп қыс келеді» деген сөз бар. Бұл халқымыздың қай кезде де сақтанып отыратынын көрсетсе керек. Тіршілігі малмен байланыс­ты қазақтың бұл өмір дағдысы десе де болады. Сондықтан, күні бүгінге дейін осы сақтық әр жыл сайын қайталанып отырады. Қарашаның қара суығы қаһарлы қыстың қамсыздықты көтермейтінін сездіргендей. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын біздің ауданда қыстық мал азығын дайындаудың маңыздылығы күн өткен сайын артуда. Мал азығы – ертеңгі ел азығы болғандықтан мал жемінің жайы қандай? Қыста қиналмас үшін қандай дайындық шаралары жүргізілуде? Осы тұрғыдағы мәселені білуді жөн санап, сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Кәсібінің шырайын енгізген адал малының амандығын тілеген шаруалар қазірден жем азығына мығым кіріскен. Қыстаққа мал азығының мол қорын дайындау – қазіргі басты міндет болып отыр. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, төрт түліктің бабын тауып, қақаған қыстан аман өткізу үшін осы бастан жем-шөпті жетерліктей дайындау керек екені бәрімізге белгілі. Аудан бойынша, 56017 – ірі қара, 88876 – қой мен ешкі, 1469 – түйе және 14616 – жылқы бар. Қыстың қақ ортасында малға жем-шөп табу қиындық туғызады. Осы олқылықты болдырмас үшін дәл қазір сауда нарығындағы жем сатушы кәсіпкермен әңгімелесіп көрдік. Аманғали Маратұлының айтуынша, «Күздің уақытында мал азығының барлық түрін табуға болады. Тіпті, күріш тарттыру науқанында диірмендерден жемді оңай кезіктіріп, молынан сатып алып, қоймаға сақтап қоямыз. Кейін қыстың орталарында сатылымға шығарамыз», – дейді кәсіпкер. Сонымен, А.Маратұлының жем бағасын барлап көрейік. Мал азығындағы бірінші қатарда тұратын әрине, ол бидай. 40 кг – 2500 теңге болса, бидай кебегі қабымен – 1000 теңге. Ал, жарманың 50 кг-мы – 3000 теңгені құраса, күріштің кебегі қабымен – 500 теңге. Күнжара жемі килограмы – 100 теңгені көрсетуде. Күрмек пен күріштің ұны яғни «мучка» 1000-1200 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, жарманың 25 кг – 1500 теңге болса, 50 килограмдық 2 сорт ұн – 2800-3300 теңге арасындағы бағаға ие болуда. Бұл бүгінгі баға. Алдағы уақытта, қыстың ортасы ақпан айында, осы жемдердің бағасы қаншалықты өзгеріске ұшырап, шаруа иелерінің қалталары қағылады ма әлде, тұрақтылық сақталады ма уақыт еншісіне қалдырамыз.
Ауыл шаруашылығындағы бар жұмыстардың негізгі бөлігі мал азығын дайындау ісі құрайды десек жаңылмаймыз. Сондықтан, барлық күш-жігер де, осы мақсатқа жұмылдырылса ғана нәтиже оңды болмақ.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің нақты дерегіне сүйенсек, қыстық жем-шөпті дайындау үшін биылғы жылы – 3035 гектар жаңа жоңышқа, 4690 гектар – ескі жоңышқаны орып, дайындап, жинап та үлгеріпті. Қара суық түскенше, 1063 гектар мақсарыны, 97 гектар асқабақты, 100 гектар сүрлем жем өнімін жиып алдық», – дейді бөлім басшысы Мұрат Әшірбеков.
Осы ретте, 300-дей уақ малы бар, Телікөл ауылынан 40 шақырым жердегі қыстақта отырған шаруа иесі Таужан Ділдебайұлының қысқа қаншалықты дайын екенін сұрап, сөзге тарттық. «Мен 10 жылдан бері малдың соңында жүріп, күнелтіп отырмын. Мал азығы – жан азығы болғандықтан, көктем қалай шығады, солай мал азығын дайындауға кірісемін. Жоңышқалық жерім бар, соны қысқа қамдаймын. Ал, жемді алдын ала дайындап қоямын. Кейде қаппен алуға тура келеді. Кей кезде базарда болмай қалады. Дегенмен, лаждап жем орнына шөп, басқа азық түрлерімен алмастыруға тура келеді», – дейді шопан.
Осы тұста, қараша айы аяқталғанша Бағлан Әшір­беков шаруа қожалығы­на қарасты құрама жем шығаратын зауыт іске қос­ылмақшы екен. Біз бұл дер­екті шар­уа­шылық төрағасының өз аузынан естіп, бәрекелді десіп, қуанып қалдық. Бұл жаңалық ауыл шаруа­шылығы яғни, мал шаруашылығы үшін үлкен мүмкіндік. Қорытындылай келе, қолымыздағы деректерге сәйкес, қысқы мал азығынан аудан жұртшылығы тапшылық көрмейді. Демек, мал күйлі, шаруаның ісі оңды болады деген сөз.


Жұлдызай Ноғайбайқызы.
20 қараша 2018 ж. 3 595 0