Қуаңшылық қысып тұр немесе қыстың қамын жаз ойлайық
Иә, биыл қуаңшылық қысып тұр. Қыста қардың аз жаууы, көктемде жауын-шашынның қалыпты мөлшерден кем болуы Сыр өңірін кәдімгідей-ақ сынап тұр. Оның үстіне өңірдің тіршілігіне нәр беріп тұрған облыстағы бірден-бір жалғыз су көзі болып табылатын Сырдария өзенінің «сирақтан келіп қалуы» аталған мәселені тіптен күрделендіріп жібергені рас.
Дария суының азаюы да сол қыс пен көктемгі жауын-шашынның аз болғандығынан дейді сала мамандары. Осының әсерінен облыстың төменгі аудандарында жер көгермей, көк шықпай мал-жанға ауыр тиіп тұр. Мәселен, Арал ауданын қуаңшылық қысып жатыр. Көктемде аспаннан бір тамшы жаңбыр тамбай дала шөбі мен жусан көктемей түбіртектеніп қалған. Төрт түліктен тігерге тұяқ қалмау қауіпі бар дейді дабыл қағып жатқан шаруалар. Ал, Аралдан әрі жатқан Маңғыстау өңіріндегі ахуал тіптен нашар. Ол жөнінде мақаланың төменгі жолдарынан таныс боласыз.
Сонымен Аралдың шаруасын шатқаяқтатқан қуаңшылыққа қарсы облыс әкімдігі тиісті шараларды қолға алды. Комиссия құрылып, ахуалды оңтайландыру мақсатында ауданға жем-шөп жеткізу мәселесін шешті. Арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырылып, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен көршілес Қазалы және Қармақшы аудандарынан төмендетілген бағамен жем-шөп жеткізіліп жатыр. Сырдария мен Жалағаш аудандарынан жоңышқаның бірінші орымы жөнелтілген. Бүгінгі таңға дейін 1000 тоннаға жуық мал азығы жеткізілген. Бұл да болса үлкен көмек. Биыл қыс мезгілінде облыс әкімдігі аймақ малшы-шаруаларының жем-шөбіне 730 млн теңге субсидия бөлген болатын. Бұл көмекке 588 шаруашылық қол жеткізген еді. Дегенмен, кеш берілген көмек жем-шөп қорын қосымша жасақтап алуға кедергісін келтіргені де рас. Субсидия демекші, дәл осы мал-азығы субсидиясы қыркүйектен әрі қараша – желтоқсан – қаңтар аралығында беріледі. Жоңышқаның бірінші және екінші орымдары сондай-ақ, жаздық бидай бізде жаз ортасында-ақ қамбаға түсіп, сатылып жатады. Бұл кезде субсидияға қол жеткізе алмаған шаруашылықтар жем-шөп қорын жасақтай алмайды. Оның үстіне қойдың төлін енесінен тамызда айырып, қыркүйек-қазанда қоңдап алып, базарға пұл қылатын қарапайым шаруа үшін бұл кезде жем мен шөбіңіздің бағасы аспандап тұрады. Осы орайда, биылғы қуаңшылықты, қиыншылықты ескере отырып, облыс әкімдігі тиісті көмек-субсидияны тамыз айынан кешіктірмей тағайындаса деген ұсынысымыз бар. Бұл ұсынысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі қаперге алатындығына және ресми хатпен жоғарғы органға жеткізетіндігіне сенім білдіреміз.
Шындығында биыл көктем кеш шықты. Шиелі өңірінде де қуаңшылық бар. Көктем шыға жылдағы қалыптасқан мезігіліне сай тауға көшіп барған қожалықтар мен шаруашылық иелері айтарлықтай қиналғаны анық. Ауа-райы салқын тартып, таудың етегінде шөп шықпады. Қаратаудың Берікқара, Шеңгелді, Дарбаза алдындағы көктеулік жерлер көгермеді. Соның кесірінен көктеуге барған шаруалар жем-шөпті ауылдан 100 шақырым кейін қарай тауға тасып, шығынға батты.
Бұл жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне нақты мәлімет қаншалықты түскендігінен хабарсызбыз. Дегенмен, аталған бөлімнің бұл мәселеден толық хабардар екендігіне де сенімдіміз. Ал, малын Сырда төлдетуді көздеп, уақ малын өткен жылғы күзде ерте күйекке түсірген шаруашылықтардың шығыны тіптен көп болғанға ұқсайды. Себебі, мал төлдейтін уақытта ауа-райы бұзылып, күн қақап кетті. Бірнеше аптаға созылған үскірік жел малды қоңынан айырып, көтерем қылды. Шаруа үшін бұның барлығы әрине, шығын. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дейді ғой. Оты мол Сырдың ен тоғайлы, шұрайлы ортасында отырған Шиелідегі жағдайдың өзі осы болса, Арал ауданындағы жағдайды айтпаса да түсінікті.
Мақаланың басында Маңғыстау өлкесіндегі мәселені де сөз еткен едік. Енді соғанда қысқаша тоқтала кетсек. Аталған аймақта соңғы үш айда 1400 бас мал аштан өлген. Қуаңшылық, жұт Маңғыстауды жұтатып тұр. Өңірге қыс-көктем мезгілдерінде аспаннан тамшы су тамбапты. Айнала қурап, күйіп кеткен. Бір руллон шөбіңіз 16 000 теңгеге жетіпті. ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» фракциясының мүшелері, депутаттар Самат Мұсабаев, Аманғали Бердалин және Еділ Жаңбыршиндер жаңбыр жаумай жұтап жатқан ел мен жердің тағдырын толғап, Үкімет басшысы А.Маминге депутаттық сауал жолдап, Маңғыстауда маусым-қыркүйек аралығында төтенше жағдай жариялауды сұраған. Аталған сектордағы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында жұмысшы топ құрылып, Маңғыстау облысының әкімдігі тиісті шараларды қолға алып жатыр екен. Қысқаша айтқанда биылғы жағдай аса күрделі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейміз ғой, шиелілік шаруалар да «қыстың қамын жаз ойлағаны» жөн. Ал, аудан әкімдігі мен тиісті бөлім басшылары аудандағы жем-шөптің бағасына тұрақты мониторинг жүргізіп, жергілікті шаруаларға бағаның шамадан тыс белгіленбеуіне қатаң қадағалау жүргізгені дұрыс деп санаймыз. Өткен жылдары Жаңақорған мен Шиелінің шөбін Түркістан мен Алматыға көтере сатып, шөптің бағасының көтерілгенін жақсы білеміз. Енді биыл облыстың төменгі аудандары мен Аралдан әрі жатқан аймақтар да жем-шөпке сұранысты арттырып жіберуі ықтимал. Бұл мәселе өз кезегінде ауданның ішкі нарығына да сөзсіз әсер ететіндігі анық. Қорасында азын аулақ мал ұстап, бордақылап, кәсіп етіп отырғандардың қалтасын қағып, ет пен сүттің нарқын аспандатып жіберуі ықтимал. Әрине, нарық заманында кәсіпкер, шаруашылық өндірген тауар құнын қинап, күшпен ұстап тұра алмайтындығымыз да рас. Дегенмен, обал мен сауапты да қатар ойлаған жөн шығар.
Кеше коронавирус өршіп, карантин мен індет қос өкпеден қысқан уақытта кәдімгі қарапайым бетперденің бағасы бетімен кеткен жоқ па еді? Жайма шуақ уақытта базардағы бағасы 10 теңгеден әрі аспайтын, жұрт тіпті тақпайтын, бетіңіздің айналасынан басқа жерді жаппайтын, сол жапырақтай шүберектің нарқы 150 теңгеге бір-ақ «секіргенін» көрген едік қой. Жағамызды ұстадық. Биылғы жем-шөп бағасы да соның кебін кимесе дегендік қой. Сонымен қатар, осыдан бірнеше уақыт бұрын осы мақала авторы аудандық мәслихат сессиясында Қаратаудағы жайылымдық жерлердің су-көздері мәселесін көтеріп, аудандық жер қатынастары бөлімі мен ауыл шаруашылығы бөлімдеріне депутаттық сауал қойған болатын. Онда таудағы жайылымдық жерлердегі бұлақ, қайнар, құдықтар санын және мақсатты түрде бітеліп, жабылған су көздерін ашу үшін тиісті шараларды қолға алу ұсынылған еді. Бұған аталған сессияға қатысқан аудан әкімі Қамбарбек Амангелдіұлы да өз ой- пікірін білдіріп, су көздерін ашу мәселесін пысықтайтындығын айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмасын берген еді. Одан бері де бірнеше уақыт өтті. Бұл мәселе бойынша қаншалықты жұмыс жүргізіліп жатқандығынан әзірге бейхабармыз. Қазір біздің тауда да күн күйіп тұр. Жаз шықпай шіліңгір шілденің кебін киген жердің шөбі сарғайып кетті. Алдымызда үш ай жаз. Шиелінің жайлаудағы малы биыл күздеуге ерте түсетіні анық. Тамыз түспей мал-жан төмен қарай «құлайды». Ауыл әкімдері де қарап жатпай алдын-ала қамданғаны дұрыс. Сарысу мен Қаратауда жатқан шаруа қожалықтармен байланыс орнатып, жайылымдық жерлерінің жағдайын сұрап, күздеуге қашан «құлайтынын» білгені дұрыс. Соған сәйкес әр әкім ауылындағы егістік, шаруашылық басшыларымен кеңесіп, ақылдасып, таудан түскен мал-жанға күздеулік-жайылым мәселесін пысықтап-кеңесіп алғаны жөн. Ауыл әкімдеріне тиісті жұмыс бағытының бір парасы да осы болса керек. Әйтпесе, мал басына қатысты құр статистика мен есепті алғаннан әрі аспайтын ауыл әкімдерінің әрекетінен малшы жұрттың түңілгені қашан. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Өз ісін дөңгелетіп, үйіріп әкетіп отырған ауыл әкімдері де бар. Дегенмен, бәрі бірдей емес. Шиеліде 100 мыңнан астам уақ мал бар. Зеңгі баба мен Қамбар ата түлігінен де кенде емеспіз. Жем-шөп қорын екі есе жасақтап алғанымыз өзімізге де жақсы. Артылып бара жатса сатамыз.
Жоғарыда Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялау жөніндегі депутаттардың сауал жолдағанын жаздық қой. Біздің яғни, Шиелінің депутаттары да алдағы сессияда осы мәселе төңірегінде өз ұсыныс-пікірлерін білдіретіндігіне сенейік. Осы орайда, жазылған жайға сәйкес таудағы су көздерін ашу, мал-азығына арналған субсидия, жем-шөп қоры мен баға тұрақтылығына байланысты жоспарланған және атқарылып жатқан жұмыстардың барысынан аудандық ауылшаруашылығы бөлімі мен аудандық жер қатынастары бөлімі баспасөз арқылы мәлімет берсе деген ұсынысымыз бар.
Н.Пірімбет