Аяқсуға абай бол
Биыл оңтүстік аймаққа көктем ерте келді. Қыстың да қытымыр мінезін көре қоймадық. Жауын-шашын мен қардың түсуі де айтарлықтай мол болмағаны мәлім. Осының әсерінен көктем және жаз мезгілінде су тапшылығының орын алуы ықтимал екендігін ескерген облыс әкімдігінің тиісті сала мамандары халықпен жүздесіп, мән-жайды түсіндіруде.
Осы мақсатта Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Б. Жаханов бастаған ақпараттық топ мүшелері дүйсенбіде Шиеліге келіп, өңірдегі бірқатар серіктестік және шаруашылық басшыларымен кездесу өткізді. Көкшоқыдағы Арман мәдениет үйінде өткен шараны аудан әкімінің орынбасары Т. Жағыппаров ашып жүргізді.
Топ құрамының толық мүшелері «Арал-Сырдария су бассейіні» испекциясының басшысы Ә. Қарлыханов, «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалының басшысы Ж. Ерназаров және облыстық табиғат қорғау басқармасы басшысының орынбасары Б. Шәменов.
-Биыл егістіктерге су жетпей қалу қаупі басым. Себебі, Шардара су қоймасындағы орын алған апатты жағдайдың әсерінен аталған қойма жылдағыдай су қорын жинай алмай қалды. Сондықтан, облыс көлемінде егілуі жоспарланған күріш алқабын қысқарту керекпіз. Барлық шаруашылық басшылары, ел-жұрт бұған түсіністікпен қарауы керек, – деді Б.Жаханов.
Жалпы, Сырдарияға су Қырғызстан мемлекетіндегі ең үлкен су көзі Нарын өзені мен Өзбекстан Республикасындағы Қарадария өзендерінен келіп құятындығы мәлім. Аталған елдердегі Тянь-Шань таулар жүйесіндегі жинақталған қар, мұз, жауын-шашын осы екі өзенге келіп құйылып, арқырай ағып, Өзбекстанның Ферғана алқабында түйісіп, одан бермен қарай бір арнаға түсіп, Сырдария атауымен Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне құлайды. Биыл аталған мемлекеттерде қысқы жауын-шашынның аз болуы себепті, су қоймаларына тиісті мөлшерде су жинақталмаған.
Мәселен, Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасы биыл 13 млрд. текше метр су қорын әзер жинақтаған деседі тиісті ақпарат көздері. Бұл былтырғыдан 2 млрд. текше метр суға аз деген сөз. Бұдан бөлек Тәжік теңізі деп аталып кеткен Тәжікстан Республикасындағы 3 млрд текше метрге дейін су жинақтай алатын атақты Қайраққұм бүгінгіше атасақ «Бахри Точик» су қоймасында да жинақталған су қорының көзі мәз болмай тұрғанға ұқсайды.
Тәжік, өзбек, қырғыз ағайындарда күн жылыса, кетпенін арқалап, қосқа шығып, егін егіп, жер суғаратыны мәлім. Бізге қажет су бұл ағайындарға да керек. Өздеріндегі жағдай әлгіндей болып отырғанда, біздегі жағдай айтпаса да түсінікті.
Жоғарыдағы себептерге сәйкес, біздегі Көксарай су қоймасы биыл 800 млн. текше метр суды кем жинапты. Бұл дегеніңіз екі ауданның егісіне қажетті су көзі. Осыдан-ақ, жағдайдың қаншалықты қауіпті екендігін бағамдай беріңіз. Ал, Шардарадағы апатты жағдайдың әсерінен жылдағы жоспар бойынша келіп түсуі тиіс 5,2 млрд. су жинақталмай қалған.
Облыс әкімдігінің тиісті сала мамандары осынау мәселелерге байланысты биыл Қызылорда облысы күріш алқабын 3 мың гектарға амалсыз қысқартуға мәжбүр екендіктерін жеткізді. Шараға жиылған шаруашылық басшыларына осыны айтып түсіндірді. Жылдағыдай арқаны кеңге салып, жоспардан тыс егін екпеуге шақырды. Ескертуге құлақ аспай жоспарсыз егілген егінге ертең су жетпей жатса, бұл шаруашылықтарды құр шығынға батырып қана қоймай, елдегі әлеуметтік жағдайға да кері әсерін тигізетіндігін жеткізді.
Сонымен қатар, жиын барысында «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалының басшысы Ж.Ерназаров суға қарыз бірқатар шаруашылық басшыларынан қарыздарын өтеуді сұрады. Оның айтуынша, Шиелідегі кейбір шаруашылықтар бұл мекемеге миллиондаған теңге қарыз. 2016 жыл, 2017 жыл және 2018 жылдардағы қарыздар қозғаусыз төленбей тұрғанға ұқсайды. Ол биыл онсызда судың тапшы болып отырғандығын тілге тиек ете келе, суға қарызы бар шаруашылықтарға су берілмейтіндігін ескертті. Шиелідегі су саласының мамандары аяқ судың осы мәселесін жіті бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Себебі, аталған мекеменің жинақталған қарыздары тиісті қадағалаушы органдардың назарынан тыс қалмай тексерулердің жүріп жатқанын айтты.
Ал, аудандағы су саласында ұзақ жылғы еңбек өтілі бар Ә.Сейітов болса:
– Біздегі шаруашылықтар ешкімге айтпай егін егіп алады да, су жетпей жатса, «обалы сендерге» дейді. Содан жан-жаққа шығып, ардагерлерін ертіп, дау туғызады. Біз өз суымызға еге болайық, ал, шаруашылықтар өз жерлеріне ие болсын. Біз егін екпе деп айтпаймыз. Ротация сақталуы тиіс-деп, мәселені екінші қырынан көтерді.
Су саласының облыстық деңгейдегі басшыларының келгенін пайдаланып, Ботабай және Сұлутөбе ауылдық округтарының шаруашылық төрағалары мен ардагерлері өздеріндегі кейбір мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтты. Мәселен, сұлутөбеліктер үшін Көксу каналының табанын қазу маңызды көрінеді. Бұған ауылшаруашылық басқармасының басшысы Б. Жаханов сала мамандарына зерттеу жүргізуге ұсыныс беретініндігін жеткізді. Ботабайлықтар үшін биыл ауылға келетін аяқ су каналының табаны тазаратындығы жеткізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров көктемнің ерте түсуіне байланысты биыл егіс 15-20 күнге ерте басталатындығын білдірді.
Су тапшылығына байланысты егіс көлемі биыл жылдағыдан біршама аз егілетіндігі белгілі болды. Мәселен, 2018 жылы аудан бойынша 27 мың 698 гектар алқапқа егін егіліп, оның 12 мың 627 гектарын күріш құраған. Биыл, 27 372 гектарға егін егіп, 11 мың 580 гектарға сыр салысын орналастыру жоспары жасалғандығын айтты.
Нұрболат Сәдуақасұлы.