Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Базар бағасы бақылауға алынды

Базар бағасы бақылауға алынды

Бейсенбі күні Шиелі ауданы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков пен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Есімов брифинг өткізді.
– Өздеріңізге белгілі ауданда «Әбдіманап» әмбебап базары мен «Әбдікәрім ата» мал базары халық игілігіне жұмыс жасайды. Әбдіманап базарында 500 сауда орны мен 422 жеке кәсіпкер тіркелген. Ал «Әбдікәрім ата» жеке мал базарында әр жексенбі күні «Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті» бақылау жұмыстарын жүргізеді. Мұнда төрт адам жұмыспен қатылған. Бұлардан бөлек ауданда 21 сауда орталықтары («Арзан-фарм», «Қазына», «Ханшайым, «Азия», «Қайсар», «Береке», «Нұр», «Арсен», «Иланай», «Али», «Ай-Аружан», «Береке», «Мега Шоп», «Ақтөре», «Электроника», «Алтын Плаза», «Ұлытау», «Сулпак», «Ақжол», «Мечта» тұрмыстық техникалық сауда үйі) мен 280 шағын дүкен және 12 құрылыс дүкендері жұмыс жасайды, – деді брифинг барысында бөлім басшылары.
Аталған сауда орталықтарында базар бағамын тұрақтандырып реттеуге, мониторинг жасауға және жедел де жүйелі шаралар қабылдау жөнінде әкімдіктен жұмысшы топ құрылған. Олар орталық базарды аралап, түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргізіп, базар бағасына сараптама жасап, ауыл шаруашылығына және әкімдікке мәлімет береді. Бұл топтың айтуынша жұмыртқа, құмшекер, сұйық май бағасы қымбаттаған. Бірақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жетіспеушілігі байқалмайды және бағаны тұрақтандыру мен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Сондай-ақ ауданымызда 26 дәріхана қалыпты жағдайда жұмыс жасаса, 16 жанар-жағар май бекеттері майдың орташа бағасы АИ-92 маркасы 149,7 теңге, АИ-95 маркасы 169 теңге, дизель отыны 187,3 теңгеден сатылып жатқанын айтты мамандар.

Ақбота БАЯНБАЙ
29 желтоқсан 2020 ж. 596 0