Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баға бірқалыпты

Баға бірқалыпты

Әлемжеліде дүрліккен жұрт үлкен супермаркеттерде азық-түлік жоқтығын айтты. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының тұрғындары сауда орындарында ұзын сонар кезекте тұр дегенді естіген аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков пен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Есімов сауда орындарын аралады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялаған болатын. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын «пандемия» деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8:00-ден бас­тап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7:00-не дейін төтенше жағдай енгізілсін» делінген Президент жарлығында. Сондай-ақ жарлықта қоғамдық орындар, мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарда күзетті күшейту, ірі сауда орындарының жұмысын шектеу, ойын-сауық орталықтары, театр сияқты көп адам жиналатын нысандардың жұмысын тоқтату туралы жазылған. Бұған қоса, Қазақстан аумағына кіріп-шығуға шектеу қою қажеттігі айтылды. Сонымен қатар сауда орталықтарындағы балалар алаңдары, кинотеатрлар жабылады. Билік өкілдері тұрғындарды той, туған күн сияқты көп адам жиналатын шара өткізбеуге шақырды.
Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші бүкіл елді алаңдатқан коронавирус кеселі Қазақстанға жеткелі көпшіліктен маза кетті. Жағымсыз хабарды естіген халық үйіне азық-түлік тасып әлек. Ал Шиелінің халқы ше? Ең әуелі «Қазына» сауда үйіндегі азық-түлік бағасын білмекке бағыт алдық. Сөрелер толық. Баға да бірқалыпты. Үйіп-төгіп азық алған адамды байқамадық. Күнделікті қажетін түгендеген адамның қарасы аз. «Қазына» сауда үйінің админстраторы К.Рахманбердиева «Ұн, макарон, күріш, көкөніс өнімдерінің қоры жеткілікті. Бағаны да бірқалыпты ұстаймыз. Тазалыққа да мән берудеміз. Сатушы тұтынушылармен жиі қарым-қатынаста болатындықтан қорғаныш маскасын киіп, залалсыздандырғыш спиртпен қолын сүртіп отырады» деді. Сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындарға шектеулі уақыт қойылады. Таңғы сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейінгі аралықта ғана жұмыс істейді. Одан әрі аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің статис маманы Е.Жорабековпен бірге базардағы бағаның бағамын білдік. Картоп 100-150 тг арасында болса, пияз – 60-100 тг, сәбіз – 120 тг, ал ет бағасы – 1650 теңгені көрсетіп тұр. Ал «Нұр» көтерме сауда орнында 50кг «Тянь-шань» ұны – 7200тг, «Ақсарай» ұны – 6500 тг-ден халыққа ұсынылуда. Орталық базардағы тыныштық пен халықтың сабырлы қалпын көріп алаңдауға негіз жоқтығын аңғардық. Иә, қорыққанға қос көрінеді. Сабыр мен берік иман қашанда қазекемді ауру-сырқау, кесел атаулыдан сақтап келеді. Сондықтан шиеліліктердің жайбарақат тіршілігінің тыныштығы бұзылмасын деп тіледік.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

17 наурыз 2020 ж. 516 0