Санитарлық талап маңызды
Сейсенбі күні аудан әкімдігінің баспасөз орталығында Шиелі ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Д.Төлеуов, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Д.Аман, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков короновирусқа байланысты жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.
Жергілікті журналистермен кездескен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты базар бағасының қымбаттамайтынын жеткізді. Брифингке базар аралап келіп отырған бөлім басшысы әртүрлі қауесетке сене бермеуге шақырды.
Ал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Д.Аман:
– Осы тұста автовокзал басшысымен тығыз байланыстамыз. Аудан халқының басым бөлігі осы қоғамдық көліктермен қатынайды. Сол себепті қоғамдық көлікті әрдайым таза ұстап, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі керектігі айтылуда. Оны қадағалайтын адамдар да бөлінді. Сонымен қатар автовокзал ішіне радио орнатылып, сағат сайын қауіпті індеттің алдын алу шаралары хабарланып тұрады деп жоспарлап отырмыз. Бұл індет өте қауіпті, сондықтан барынша сақ болуымыз керек. Сол себепті де ауданда түрлі шара қолға алынып, соған арналып жоспарлар да әзірленуде, – дейді.
Шиелі ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Д.Төлеуов:
– Бүгінгі күні ерекше жұмыс кестесімен жұмыс істеудеміз. Сауда орындары мен дәмханаларда, күнгі клубтар мен компьютер клубтарда түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сақтық шараларын сақтау мақсатында жұмыс істеп жатырмыз, – деді.
Е.ДАТҚА