Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйдегі нарықты базардағы алыпсатар шеше ме?

Үйдегі нарықты базардағы алыпсатар шеше ме?

Базарға бармағанымызға біраз болған екен. Алғашқыда базардағы бұрқыраған шаңы мен мүңкіген қолаңса иіске танауымыз тыржиып, денеміз тіксініп қалған еді. Жооқ, көп уақыт өтпей оған да бойымыз үйреніп, кәнігі саудагерлерше саудаласып, қайнап жатқан базардың ортасына еніп кеттік. Орталық Әбдіманап Шорабаев базарында «қайдағы шаң, не қылған қолаңсы иіс?» деп отырған боларсыздар. Жоқ, біз жексенбінің «базар күні» деп аталуына себепші болған, бірақ кешегі атың өшкір тәж тажалдың өршіп, елде карантин жарияланғаннан кейін, базар жұмысы сенбіге ауысқан Шанхайдағы Әбдікәрім Аманқұлдың жеке мал базарында жүрміз.
Сонымен түн ортасы ауған тұс. Сағатыңыз шамамен 2:00-ді көрсетіп тұр. Базар іші құж-құз қайнаған тіршілік. Біз мал тиеген көлік айқара есіктен ене бергені осы еді, үстеріндегі күртешесінде «Базар әкімшілігі» деген жазуы бар еңгезердей екі жігіт бізді тоқтатып, көлік үстіндегі малды бір шолып шықты да қойын дәптеріне мал санын түртіп алды. Әкімшілік қызметкерлерінің бұл әрекетін кейін жүргізуші жігіттен сұрап, біліп алдық. Сөйтсек, базарға кірген мал басына ақша төлену керек екен. Әрине, төрт түліктің барлығына теңдей төлем емес. Егер базарға уақ мал алып келген болсаңыз, әр басына 300, ал ірі қара малына 500 теңге пұл төлеу керексіз.
Күз береке мен ырыстың артатын мезгілі емес пе? Сатылымда тұрған төрт түліктің қай-қайсы болсын жаз жайлауда еркін жайылып, жоғарыдан түскендері көрініп тұр. Қалтаңыз көтерсе кездескенін ұстап, жетектеп қажетіңізге жарата беруге болады. Шаруалар да кіл жарау малдарын әкелген екен. Базардың сәнін Зеңгі баба төлі кіргізіп тұр. Саудасы да қызу бұл маңның. Мәселен, биыл көктемде туған басбақтар 100 мың теңгеден басталады. Бір-бір жарым жасар тайыншалар 150 мың теңгеден әрі. Ал сауын сиыр іздесеңіз, 280-320 мың теңгенің аралығында таба аласыз. Сиырға қарағанда жылқы малы сәл қымбатырақ. Жабағылар 150 мың теңгеден басталып, тай-құнандар 200 бен 350 мың теңгенің ортасы. Бесті аттан бастап бес жүз мыңнан ары қарай баға басталады. Базардағы ең қызық сауда уақ мал жағында екен. Біз аралаған жылқы мен сиыр базарында әлеуді бір сатылып жатқан ірі қараны байқап қаласыз. Былайынша бағаларын аспандатып айтқанымен нақты алушы көп емес мұнда. Ал алушы мен сатушының ордасы уақ мал тарапта бір шама көп көрінді. Базардың тілімен бірі-бірімен саудаласып, алақанына ақшаны қыстырып тұрып, «бауырым берекесін берсін» деп қос қолдап жұлқылап жатқан бір адам. Сосын сатушылар да малының саудасы келсе тез сатып жіберуге асығып тұратындай. Әйтеуір бірінен арзанға алып, екіншісіне қымбатқа сатып жатқан алыпсатар да осы жерде құжынап жүр. Қойдың құйрығынан көтеріп қанша келі ет беретінін білетін білгіштер де қой базардан. Мұнда қойдың қымбаты 70-80 мың теңге. Ал тоқты мен ешкінің бағасы шамалас. 30 мың теңгенің төңірегінде тәуір тоқтыларды сатып ала аласыз.
Жалпы, біздің түн ұйқымызды қиып базар аралап қайтқандағы байқағанымыз базардағы бағаны қарапайым сатушы емес, сонда жүрген алыпсатарлар шешетін секілді. Егер ортада жүрген алыпсатарлар малды арзан алып, үстінен көлемді қаржы көріп жатса сол базардағы жалпы малдың бағасы да қолжетімді болады. Ал керісінше, алыпсатардың өзі малды қымбатқа сатып алса, онда ол күні арзан мал табамын деу құр әурешілік боламақ. Өйткені малды алушылардың басым көпшілігі сол алыпсатарлар екеніне көзіміз жетті. Бұл – енді біздің болжам. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Елдос Жүсіп
06 қазан 2020 ж. 502 0