Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәйгүліктің сырын білер атбегі

Сәйгүліктің сырын білер атбегі

Ертеде амандасқанда: «Мал-жаның аман ба?» – деп бас­тайтын қазақ халқы төрт түліктің қадірін білген. Оның ішінде жылқыны айырықша қасиет тұтып, сенімді серігіне айналдырған. Қазақ десе – жылқы, жылқы десе – қазақ еске түседі. Жалпы жылқы өсіріп, баптау – қазақ халқының қанына сіңген қасиет. Бұл туралы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ерекше тоқталып өткен болатын. Қазақ баласы ертеден ат жалында өсіп, жылқының сан-сипатын, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Міне, осындай шын тұлпарды тұрысынан танып, жылқы өсіріп, өз кәсібін дамытып отырған азаматтың бірі – Қуаныш Әмзеев.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік болатыны жасырын емес. Ата-бабамыз ежелден мал бағып, соның ырыздық-несібесі мен ырысына кенелген.Төрт-түліктің төресі саналатын жылқы малы бағзы заманнан бері мінсең – көлік, сойсаң – азық, ішсең – сусын бола білген. Бұл текті жануар қазірдің өзінде қасиетін жоғалтпай келеді. Бүгінде төрт түлікті түлетіп, экономиканың күре тамырына қан жүгіртіп жатқан шаруашылықтар бар екенін айта кеткен жөн. Сондай ірі шаруашылықтың бірі–«Қошан» шаруақожалығы.Төрағасы Қуаныш Тұрапқалиұлы өз ісін ілгерілетіп, адал еңбегімен табысқа жеткен азамат. Қуаныштан «мал-жаныңыз аман ба?»- деп саулық сұрасқан бойда, бірден өз шаруашылығының жай-жапсарын жайымен түсіндіре бастады. Сөзіне қарағанда, іске мығым, шаруашылықтың жайына қанық, тоқығаны мол, жылқыдан хабары бар азамат болып шықты. Аталған қожалық 1998 жылы құрылыпты. Қуаныштың анасы Әсемкүл сауыншы, ал әкесі Тұрапқали қарапайым малшы, еңбекке бейім, ауылына сыйлы ақсақал болған екен. Әкесі өзінің маңдай терімен шаруашылық жұмысын жандандырып, мал санының артуына ат салысып кеткен. Міне «Әке көрген оқ жонар» демекші, малшының баласы мал бағуға құмартып, кәсіпке бейім болып өсті. Әке таяғын бала ұстады. Жалқаулыққа жаны қас сақалды шалдардың қаhарлы қасиеттерінің арқасында енжарлық әдеттер жойылып, әр қазақ баласы еңбек етуге машықтанды. Соның нәтижесінде ата-кәсіпті қолға алып, қазақ даласын мыңғырған малға толтырып келеді. Бүгінде бүтіндей бір Ы.Жақаев ауылы шаруасының дөңгелеуіне септесіп отырған жайы бар.Жылқы шаруашылығына ерекше ынта-жігер, қызығушылық танытып, 2002-2003 жылдары әкесі өмірден қайтқаннан кейін, өзі малдың бабын тауып, шын ниетімен қарап өсіруді қолға алған. Содан бірте-бірте шаруасы шалқып, жылқы саны 300 басқа артқан. Қуаныштың жылқыға жаны жақын болғаны соншалық,ат жарыс пен көкпарға білегін сыбанып, ат құйрығын түйіп, қызғанда тіпті кірісіп кететінін ағынан жарыла айтты. «Қазір көкпар шабатын үш бірдей жүйрік ат баптаудамын. Олар: «Жез киік», «Алтын сар», «Тау қара». Бұл жүйрік аттарымның мінезі қыран құстың мінезіндей, олар өте кең, көбінесе жуас келеді. Көкпар аттарына айрықша бап керек. Оларды күткен апамды күткенмен бірдей ғой», – деп әзілдейді Қуаныш. Көкпар атын қажетті мезгілде көкке аз аунатып, күйі қалыпты болғанда көк тістетпеген жақсы. Көкпардың атын, яки тұлпарды баптау үшін ең бірінші тұқым, енесі дұрыс болуы керек. Тай шыққан соң мінезі біліне бастайды. Сол сәтте балаларға мінгізіп айналма көкпарға салып байқайсыз. Анық көкпардың атына тән қасиеттері біліне бастаса, қырық күн шілдеге отырғызасыз. Яки, қырық күн орнынан қозғамай жем-су беріп қамайсыз. Осы уақытта жылқы қазы жинайды. Одан кейін суытасыз. Мысалы, «шілденің басында отырған жылқы, тамыздың онына таман шығады» деген Қуаныштың сөзінен жылқыға деген ерекше күтім байқалады. Бұл көкпарды оза шабу аттың жүйрік те, төзімді болуына, шабандоздардың шеберлігіне байланысты болады.
– Қазақ халқы «мал баққандікі» деп бекер айтпаса керек. Біреулер үшін бұл кәсіп оңай көрінуі мүмкін. Бірақ шындығында әр істің өзіне жетерлік қиындығы бар. Жылқының бабын тауып, шын ниетіңмен қарасаң ғана берекесін молынан береді. Ал, олай болмаса, бар ісің кері кетеді. Бұл менің ғана емес, отбасымның ризық несібесі. Өзім мамандақ алмаған соң, балаларымның нәпақасын осылайтауыпотырмын, - дейді ол. Жылқының еті мен қоса сүтінің де үлкен сұранысқа ие екені мәлім. Бүгінде ғылыми зерттеулерде жылқы етінің қоректік қасиеті өзге малдарға қарағанда 24-25 процентке көп болатыны белгілі. Сары қымызды дертіне дауа іздегендер ағзаның әлсіздігіне ішеді.
Жалпы, кейіпкеріміз бүгінде 370 гектар шабындық жерін сайлап алып, малдарының еркін жайылуына жағдай жасағанын тілге тиек етті. Арғымақты көбіне құрғақ шөппен бағады. Көбіне жаз мезгілінде жылқы түнде жайылады. Қыста қазақ жылқысы жазғы жиған күйінің арқасында, қосымша жем-шөп іздемей қар астындағы шөпті өзінің тас­тай тұяғымен теуіп жеп жүре береді. Сондай-ақ, алдыңғы жылы барлық жылқыларға «Көмейқұрт» ауруы келіп, көп шаруашылықтың малы қырылып қалған еді. Бұл ауру малдың көмейінде, асқазанында кездесетін ауру екен. Емдеу тәсілі адыраспан шөбінің түтінін түтету арқылы аурудан мал басын айықтырып алуға болатынын айта өтті. Әр мезгілде ветеринарлық шараларын алу жұмыстарын жүргізіп, уақытында қанын алдырып, екпелер салдырып, аурудан барынша сақтанады. Көзбен көргеніміз жылқы шаруашылығының қыстан қысылмай шығуы үшін де қажеттіжағдайлар жасалып, жем­шөп қорымолынан әзірленіпті. Нәтижесінде жоспары асыра орындалып, мал азығы артығымен дайындалған. «Менде мал қыстату науқанында еш кедергі жоқ. Әзірге, мал жайылымдары да ашық».Бұл биылғы қыс жайлы басталғандығын аңғартып отыр. Десек те алдағы ақпанға қарай күн суытып, аязданады деген болжам бар. Бүгінде мал қыстату науқаны өңірлерде ойдағыдай өтуде. Сондай-ақ Қуаныш жылқыдан бөлек, 200 асыл тұқымды ақ бас ірі қара малын көбейтіп отыр. Кәсіпкер жас та болса, бас болып, атакәсіпті өркендетіп, өрісті малға толтыруды көздеп отыр. Тірліктің көзін тапқан жанның қазіргі тіршілігі көпке үлгі боларлық. Жұбайы Гүлмира екеуі бес баланы дүниеге әкелген үлгілі отбасы. Шаруашылығының қыры мен сырын жете меңгеріп, оны өрістетуге шама-шарқынша үлес қосуға бел буған қожалықтың ісіне біз де береке тіледік.

Шапағат Тілеубаев
29 қаңтар 2021 ж. 648 0