Мал төлдеу бітсе науқаны, кеңге саламыз арқаны
Халқымыз әу бастан бір-бірімен амандасып, саулық сұрасқанда ең алдымен «Мал-жаның аман ба?» деп сұрасқан. Осының өзі-ақ, қазақтың өмірінде, күнделікті тұрмыс салтында төрт-түліктің аса маңыздылығын көрсетіп тұр емес пе? Кең далада мал баққан шаруа үшін төрт-түліктің амандығы мен жаңа туған төлдің жағдайы басты назарда болған. Абай атамыздың өлеңінде айтылғандай, қой қоздап, түйе боздап, қорада шу болып жатқан қауырт кезең. Яғни, төрт түлік төлдеп мал басы көбейетін уақыт.
Мал төлдеу науқаны көктем мезгілінде екені бесенеден белгілі. Бұл көктемнің алғашқы күнінде сіреу боп қатқан мұздар еріп, қыстың қыраулы кезі кетіп, жер бетіне жайдарлы көктемнің жайма шуақ нұры шашылып барша тірішілік оянар кез. Мал төлдету – малшы үшін ең қиын да, жауапты кезең. Шопандар «қойым егізден қоздасын» деп тілесе, сақманшылар түн ұйқысын төрт бөліп алынған төлдің аман қалуы үшін жанталасады. Себебі, әрбір төл – ертеңгі күннің берекесі. Мал төлдету науқаны малшы қауымы үшін аса бір жауапты кезең болып есептеледі. Иә, төрт-түліктің қазақ үшін маңызы зор. Себебі, қазақ жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязына қарамастан, өзінен гөрі малдың жайын көбірек ойлап, мал басын көбейту жолында тынымсыз еңбектенеді.
Қазақта «Қой шелді болмай, төлді болмайды» деген аталарымыздың сөзі бар. Бұл кезеңде қыс бойы жақсылап қарағанының арқасында төрт-түлік малдар қоңды болады. Бұл да малдың төлдеуіне елеулі әсер ететіні анық. Бала кезімізде таң бозарып атсымен малды өріске қарай айдап шығып, жайлаудың жайма шуақ күніне көңіліміз марқайып жүретін. Барлық қозылар қыр басында ойнақтап асыр салатын. Мұндайда қозы мен қойдың маңырауынан құлақ тұнатын еді. Қошақандар құлдыраңдап ойнай бастаса, қойлар жерден басын алмай көк шөпті жей бастайды. Біз де ауылдың баласы болғандықтан мал жайын білеміз. Төлдейтін мал белгілі болып тұрады. Реңі бұзылып, қайта-қайта жата береді. Сосын біз оны отардан бөліп алып, ерекше күтімге алатынбыз. Тіпті, жаңа туған қозыларды ауыздандырып, қораның жылы болуын қадағалап, ерекше күтім жасалған қозылар өсуге талпыныс жасайды.
Бүгінде Шиелі ауданы бойынша төрт түліктен өсім байқалады. Шиелі ауданында биылғы жылы 73755 бас ірі қара болса, одан 11000 мың төл алынған. Ал, 125000 қой мен ешкіден 31300 бас төл алынған. Ал, 1665 түйеден 228 бас төл, 19589 бас жылқыдан 1000-нан астам төл алынған болса, жалпы биыл көктем мезгілінен бастап барлық төрт түлікте өсім байқалады.
Шапағат Тілеубаев