Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?
Қазақ "Сәлем – сөздің анасы" деп, баласына алдымен сәлемдесу әдебін үйреткен. Өйткені амандасуына қарап, баланың тәрбиесіне баға берген, деп жазады Информбюро.
Үлкенге сәлем беріп, алғысын алу – қазақ салт-дәстүрінің ең озық түрі. Сәлемі түзу балаға үлкендер "Көсегең көгерсін, жүз жаса, бақытты бол" деп алғыс айтқан. Дұрыс амандаспаса, "үлкенді сыйлай білмейді, көргенсіздің баласы" деп ата-анасын кінәлаған. Осылай баласына қарап, ата-анасына баға берген.
Археология және этнология, музейология кафедарасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Мейрманова қазақта амандасудың өз жөн-жоралғысы болған дейді.
– Салт бойынша жасы кіші бірінші амандасуға міндетті. Бір адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге, атты адам жаяу адамға, келе жатқан адам отырған адамға сәлем береді. Амандасу тәртібінде атты адамдар түзде жолыққанда, жасы кіші жасы үлкен адамға қолын беріп, көкірек түйістіре амандасқан.
Бұл амандасу кезіккен адамдардың ара-қатынасының алыс-жақындығына да байланысты.
Ал, әйел адамдарға жұмсағырақ "Есенсіз бе?" дейді. Қыздарға "Қарағым", "Шырағым, амансыңдар ма?" деген сөздерді қосады. Бірақ, жасы үлкен адамға ешқашан қалжыңдасып амандаспаған, – дейді Гүлжан Мейрманова.
Үлкендер баланың сәлеміне қарап тәрбиесіне баға берген / Фото atyrau.gov.kz
Шаңыраққа сәлем береді
– Қазақтың шаңырағына түскен құдайы қонақ болсын, арнайы шақырған қонақ болсын дәл үйдің іргесіне дейін астындағы атымен тасырлатып жетіп бармаған. Ол жамандық шақырады деп жорамалдаған. Алыстау жерге атын байлап, жасы үлкен-кіші болсын, үй ішінде отырғандарға "Ассалаумағалейкүм" деп шаңыраққа сәлем беріп кірген. Шаңыраққа сәлем беру дәстүрі ауылды жерде жақсы сақталған.
Кезінде қонақ түскен үйдің иесі бай, беделді адам болса, шаңыраққа сәлем берумен қатар басын сәл еңкейтіп, оң қолын сол жақ көкірегіне қойып амандасқан. Арнайы шақырған қонақты алдынан күтіп алған жастар аттан түсіріп, сәлем берген.
Сонымен қатар құрдас қариялар біраз уақыт бірін-бірі көрмеген кезде бауырмалдық танытып, әдейі іздеп барып сәлемдескен.
Олар жолыққан кезде: "Мал-жан аман ба?" – деп хал сұрасқан. Өйткені қазақтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс өзегі төрт түлікпен тікелей байланысты болған. Қыс бойына бір-бірімен хал сұраса алмаған ауыл адамдары ерте көктемде қыстан қалай шыққанын сұрап амандасатын "көрісу" дәстүрі болған.
Бір қызығы, иен далада бірін-бірі танымайтын екі аттылы адам жолығып қалса, оза шабу ұят саналған. Тек жанына жақындап келіп, аман-саулық сұрасқаннан кейін асығыс екендіктерін айтып, разылығын алып қана озып кете барған. Бұндай қарапайым ғана қарым-қатынас қазақ деген ұлттың мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанын дәлелдейді.
Адам қайтыс болғанда,қазақ аман-саулық сұрасуды кейінге қалдырған. Өйткені алдымен туыстарына көңіл айту парыз болған. Содан кейін барып, амандық сұрасқан, – дейді ол.
Амандасу салты қысқарған
Гүлжан Мейрманова соңғы кездері амандасу, хал сұрасу дәстүрінің өзгеріп, қысқарғанын айтты.
– Қазақ халқының бір-бірімен амандасуы кемінде 15-20 минут уақытқа дейін созылған. Бұл дәстүрді Моңғолия мен Қытайдағы қазақтар қаймағын бұзбай сақтап отыр. Ал қалалы жердегі қазақтар уақыт тығыздығына орай қысқа амандасуды әдетке айналдырды. Жастар бір ғана "Салем!" деген сөзбен шектелетін болды,яғни, үйге келген сыйлы қонақтармен амандасу, хал сұрасу дәстүрі қалып бара жатыр. Тек үлкен кісілері, қарттары бар үйлерде ғана сақталған. Жастардың бұлайша бет бұруына жаhандану ықпал етті деуге болады.