Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?

Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?

Қазақ "Сәлем – сөздің анасы" деп, баласына алдымен сәлемдесу әдебін үйреткен. Өйткені амандасуына қарап, баланың тәрбиесіне баға берген, деп жазады Информбюро.
Үлкенге сәлем беріп, алғысын алу – қазақ салт-дәстүрінің ең озық түрі. Сәлемі түзу балаға үлкендер "Көсегең көгерсін, жүз жаса, бақытты бол" деп алғыс айтқан. Дұрыс амандаспаса, "үлкенді сыйлай білмейді, көргенсіздің баласы" деп ата-анасын кінәлаған. Осылай баласына қарап, ата-анасына баға берген.
Археология және этнология, музейология кафедарасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Мейрманова қазақта амандасудың өз жөн-жоралғысы болған дейді.
– Салт бойынша жасы кіші бірінші амандасуға міндетті. Бір адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге, атты адам жаяу адамға, келе жатқан адам отырған адамға сәлем береді. Амандасу тәртібінде атты адамдар түзде жолыққанда, жасы кіші жасы үлкен адамға қолын беріп, көкірек түйістіре амандасқан.
Бұл амандасу кезіккен адамдардың ара-қатынасының алыс-жақындығына да байланысты.
Ал, әйел адамдарға жұмсағырақ "Есенсіз бе?" дейді. Қыздарға "Қарағым", "Шырағым, амансыңдар ма?" деген сөздерді қосады. Бірақ, жасы үлкен адамға ешқашан қалжыңдасып амандаспаған, – дейді Гүлжан Мейрманова.
Үлкендер баланың сәлеміне қарап тәрбиесіне баға берген / Фото atyrau.gov.kz

Шаңыраққа сәлем береді
– Қазақтың шаңырағына түскен құдайы қонақ болсын, арнайы шақырған қонақ болсын дәл үйдің іргесіне дейін астындағы атымен тасырлатып жетіп бармаған. Ол жамандық шақырады деп жорамалдаған. Алыстау жерге атын байлап, жасы үлкен-кіші болсын, үй ішінде отырғандарға "Ассалаумағалейкүм" деп шаңыраққа сәлем беріп кірген. Шаңыраққа сәлем беру дәстүрі ауылды жерде жақсы сақталған.
Кезінде қонақ түскен үйдің иесі бай, беделді адам болса, шаңыраққа сәлем берумен қатар басын сәл еңкейтіп, оң қолын сол жақ көкірегіне қойып амандасқан. Арнайы шақырған қонақты алдынан күтіп алған жастар аттан түсіріп, сәлем берген.
Сонымен қатар құрдас қариялар біраз уақыт бірін-бірі көрмеген кезде бауырмалдық танытып, әдейі іздеп барып сәлемдескен.
Олар жолыққан кезде: "Мал-жан аман ба?" – деп хал сұрасқан. Өйткені қазақтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс өзегі төрт түлікпен тікелей байланысты болған. Қыс бойына бір-бірімен хал сұраса алмаған ауыл адамдары ерте көктемде қыстан қалай шыққанын сұрап амандасатын "көрісу" дәстүрі болған.
Бір қызығы, иен далада бірін-бірі танымайтын екі аттылы адам жолығып қалса, оза шабу ұят саналған. Тек жанына жақындап келіп, аман-саулық сұрасқаннан кейін асығыс екендіктерін айтып, разылығын алып қана озып кете барған. Бұндай қарапайым ғана қарым-қатынас қазақ деген ұлттың мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанын дәлелдейді.
Адам қайтыс болғанда,қазақ аман-саулық сұрасуды кейінге қалдырған. Өйткені алдымен туыстарына көңіл айту парыз болған. Содан кейін барып, амандық сұрасқан, – дейді ол.

Амандасу салты қысқарған
Гүлжан Мейрманова соңғы кездері амандасу, хал сұрасу дәстүрінің өзгеріп, қысқарғанын айтты.
– Қазақ халқының бір-бірімен амандасуы кемінде 15-20 минут уақытқа дейін созылған. Бұл дәстүрді Моңғолия мен Қытайдағы қазақтар қаймағын бұзбай сақтап отыр. Ал қалалы жердегі қазақтар уақыт тығыздығына орай қысқа амандасуды әдетке айналдырды. Жастар бір ғана "Салем!" деген сөзбен шектелетін болды,яғни, үйге келген сыйлы қонақтармен амандасу, хал сұрасу дәстүрі қалып бара жатыр. Тек үлкен кісілері, қарттары бар үйлерде ғана сақталған. Жастардың бұлайша бет бұруына жаhандану ықпал етті деуге болады.

Сәлем парызы
Бауыржан Момышұлы "Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөзбастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері.
Бүкіл қазақ баласы бәрі сырлас,
Амандаспай, таныспай қарап тұрмас.
Көрсетер сый-құрмет, мейірім-ықылас,
Қайтар деп қарымтасын талап қылмас" деген екен.

Үлкенге дәрежесіне қарай сәлем берген
Қазақ халқында адамның жас ерекшелігіне, абырой-беделіне, қызметіне байланысты сәлемдесу рәсімдері әр түрлі болған.
Ертеде хан немесе ірі сұлтандарға төменгі таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып және төмен қарай иілмесе, оларға жақындай алмаған. Егер хан иә ірі сұлтан қайырым ретінде қолын созғанда ол бір тізерлеп жерге отырып, оның қолын екі қолымен қысады. Әлеуметтік дәрежесі орташа адам өзінің әміршісіне қолын кеудесіне қыспай, бірақ, басын иіп келген. Хан немесе күшті әмірші өзінің қарауындағылардың сәлеміне жауап ретінде оның иығына қолын қойып, сыйластығы болса қолын қысып амандасатын болған. Егер ханды жолай кезіктірсе, онда жолда тоқтап тұрып, оның өтіп кетуін күтуі керек, әрі басын иіп, қолын кеудесіне қойып дауыстап сәлем беруі шарт. Қараша халық өкілі сұлтандарға сәлемдескенде тізесін бүгіп, көбіне "Алдияр тақсыр!" деп сәлем берген.
Л.Ф. Баллюзек сонау XIX ғасырдың соңында қазақтың сәлемдесу дәстүрі туралы мынадай дерек жазады: "Сұлтан әулетінен шыққан барлық адамдарды көрген кезде және кетіп бара жатқанда, олар біреуге жылы сөз айтқан кезде, оларға: "Амансыз ба? Сізге құрмет білдіремін, сау болыңыз, рақым етіңіз, сізден өтінемін, қайырымдылық жасаңыз, рахмет, алғыс білдіремін!" деген сияқты сөздерді қолданған. Дәрежесі тең, бірақ, жақын таныс емес адамдар бір-бірінің бір қолын алып қана амандасқан".
Әйелдер сүйісіп амандаспаған
Әйелдер де кездескенде жалпы қабылданған әдетті сақтаулары тиіс болған. Әлеуметтік жағдайлары тең әйелдер кезіккенде қол алыспайды (еш уақытта сүйіспейді), тек бірі екіншісіне жәй ғана иіледі. Егер аға сұлтанның әйелдерімен кезігіп қалса, қарапайым әйелдер жанарларын төмен түсіріп, ізет көрсетіп иіледі. Жас әйел үлкендердің алдында бір тізесін бүгіп, иіліп сәлем салады.
Әйелдер арасында қол беріп амандасу да әдетке айналған / Фото ғаламтордан алынды

Үлкенді құрметтеуді отбасынан бастаған
"Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары жоқ" деп, қазақ отбасыларында баланың тілі шыққан уақыттан бастап, "ағаңа сәлем бер, әжеңе амандас" деп үйге келген кісілермен амандасудың ретін үйретіп отырғаны туралы Бауыржан Момышұлының айтқанын Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында жазған болатын. "Тексіз елдің баласы, тектемей өскен көргенсіз" деген ауыр сөзді есту кімге жеңіл дейсің? Асылы халқымыз ақ сақалды атаны, ақ самайлы әкені, ақ жаулықты ананы құрметтеген. "Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас" деп жағымсыз сөзге іліктіретін. Қазақтың ұлттық бітім-болмысын ажарлайтын бір қасиеті – үлкенді сыйлау. Бабалардың салып берген сара жолы. Ұрпағына қалдырған өнегесі".

Сәлемдесу әдебінің ережелері
•Жасы кіші адам міндетті түрде үлкендерге бірінші болып амандасады.
•Сырқат адамға сау кісі бірінші амандасады.
•Атта отырған адам жаяу адамға бірінші сәлем береді.
•Көпшілікке ат үстінде отырып амандасуға болмайды. Аттан түсіп сәлемдесу керек. Бүгінгі таңда ат орнына автокөлік немесе велосипед те кіреді.
•Алғашқы кездесу барысында ер адамдар қол алысып қана амандасса, қыздардың бас изегені дұрыс.
•Сәлемдескенде орнынан тұрып, ізет білдіру – сыпайылықтың белгісі.

Беташар – сәлем салудың бастамасы
Қазақтың ұлттық дәстүрінде келіндер ата-енесі, қайын ағалары немесе үлкен кісілер отырған үйге кіргенде, сол тізесін сәл бүгіп, үш рет басын иіп, ибалық сәлем жасап, ишаратпен амандасады. Жаңа түскен келінге "Беташар" жасаудағы мақсат – жасы үлкен ақсақалдарына, ел-жұртқа, өзі келіп түсіп отырған отбасы мүшелеріне сәлем бере отырып, келіндік кішіпейілділігін ізетпен тізе бүгіп білдіру. Келін сәлем салғанда екі жағынан екі абысыны қолтықтап, демеп тұрады. Ол – біріншіден, жаңа түскен келінге қолдау білдіру болса, екіншіден, келіннің дұрыс сәлем салуына үлкен көмек.
Сырдарияның төменгі бойы қазақтарында амандасудың да өзіндік дәстүрге бағынған рәсімі бар. Арал, Қазалы өңірінде ер бала, қыз баламен қатар келіндер де да өзінен үлкендерге дауыстап "Сәлем бердік" дейді. Үлкендер келіннің сәлеміне "Көп жаса! Бақытты бол!"деп жауап қайтарады. Бұл дәстүр келіндердің күйеуінің ағайындарына деген ізеттілігін білдіреді, – дейді Гүлжан Мейрманова.
Дұрыс сәлем салуды келінге абысындары үйреткен / Фото жеке мұрағаттан алынды

Келін сәлемді күйеуінің өмірі ұзақ болсын деп салады
Халық арасында келіннің сәлем салуына қатысты мына бір әңгіме кеңінен тараған. "Майра бұл үйге келін болғанына 7 жылдан аса уақыт болды. Келген жері – өте жақсы отбасы еді. Арада 7 жыл өткенде қайнысы үйге алыс бір облыстан келін əкелді. Өзінен сегіз жас кіші қызға абысын болды. Келінінің есімі – Аида еді. Күнде таңертең иіліп сəлемін салып орамалын тастамай тағып жүрді. Майра Аидаға ата-енесінен рұқсат алып беретінін, енді орамал тағып, сәлем салудың қажет емес екенін айтады. Келіні жымиып "жоқ, жеңеше. мен сəлемді күйеуімнің өмірі ұзақ болсын деп саламын, – үлкендердің батасын аламын ғой" деді.
Ағайындар "көп жаса, келін" деп көздері үйрене бастады. Бір күні келіннің төркінінен суыт хабар келді. Аиданың ағасы жол апатынан көз жұмыпты. Құданың ауылына келінді жалғыз жібермей қасына атасы, күйеуі жəне абысыны Майра еріп барады. Аиданың ағасының келіншегі жап –жас, аяғы ауыр екен.
Келесі күні Майра атасы екеуі қайтатын болып ерте тұрды. Майра сонда байқады. Зыр жүгіріп қызмет жасап жүрген келіндердің барлығы сəлем салып, орамал тағып жүр екен. Тіпті орта жасқа келген əйелдер де сəлем салғанда таң қалды. Дастархан жайылып, шəй ішіліп жатқан бөлменің аяқ жағында келіннің бөлмесі бар екен. Бұлар шəй ішіп бола бергенде көздері ісіп қызарып кеткен келін бөлмесінен шықты. Түнімен жылап көздері ісіп кеткен-ау шамасы. Шыға сала шəй ішіп отырған көпшілікке сəлем салды иіле. Сонда дастарханның аяқ жағында отырған енесі атып тұрып келінін құшақтай алып, ащы дауыспен "Бауыр етім балам еді, ажал келіп қапыда қанатымнан қайырды.Жап –жас болған қызым-ау, мейірімсіз сұм тағдыр сəлеміңнен айырды" деп бар даусымен жылады. Бұл сөздерге жыламаған жан қалмады. Есіне келінінің сөздері түсті. "Жеңеше, мен сəлемді куйеуімнің өмірі ұзақ болсын деп саламын ғой" дегенін енді түсінді. Жол бойы ойынан құдағиының ащы даусы кетпеген Майра үйіне келе сала енесіне сəлем салды".

Сәлем айту дәстүрі
Ол қазақтың қоғамдық қарым – қатынасына сай, алыста жүрген адамдардың көңіл күйін, сағыныш сезімін, аман – есен екенін білдіретін хабарласу тәсілі. Ерте заманда дала көшпелілері аман-сәлемді, хал – жағдайды алыстағы жақын адамдарына сәлем айту жолымен жеткізіп отырған. Қазақ ұғымындағы "сәлем айту" жай сөз болмаған. Қазақта бір адам алыс жол жүрерде ауыл - аймағы жиналып, "Жол болсын!" айтып аттандырады. Жолаушы баратын жердегі жақын адамдарына сәлемдеме жолдайды. Оны жеткізуді “аманат” деп біледі, айтылған сәлем ұмыт қалса, қарыз болады деп есептеген.
– Жолаушы арнайы іздеп барып сәлемді жеткізген. Алыстан жолданған сәлемді естіген адам да сәлем жолдаушының сағынышын, көңіл–күйін, амандығын сәлемінен біліп отырған, – дейді Гүлжан Мейрманова.

Ер азаматтар үшін амандасудың қай түрі құрметті?
Кездеспегелі көп жыл болған замандас, ағайын-туыс адамдар алдымен қос қолдап амандасып, сонан соң құшақтарын айқара жайып, бір–біріне төс қағысады. Сонан соң екеуі де артқа бір табан шегінісіп, алақандарын айырмастан тағы төс қағысып, қос қолдап амандасады. Бұлайша амандасу ер азаматтар үшін ең құрметті саналады.
Адамзат ең арғы замандарда бірімен-бірі жолыққанда қолында қаруы жоқ, қастықсыз, адал екенін әйгілеу үшін алақанын жайып, қолын көрсетіп, қарсы жағымен жауаптасатын болған. Мамандар осы әдетті қазіргі адамдар амандасуының арғы төркіні деседі.

Шет елдердегі амандасу түрлері қандай?
Көптеген елдерде тіл шығару әдепсіздік болып танылса, кейбір жерде тілін шығарған жан жазаға тартылады. Тіл шығару Тибет халқына жат емес. Себебі, олар бір-бірін көргенде, тілдерін шығарады. Бұл рәсім IX ғасырда бастау алған. Сол замандағы Тибет елінің көсемі Ландарманың тілі қара болған деседі. Тибет халқы өзгелерге өздерінің жауыз емес екендерін көрсету мақсатында, бір-бірін көрген кезде тілдерін шығара бастайды.
Тувалу еліндегі дәстүрлі сәлемдесу дәстүрі өте қызық. Полинезияда орналасқан мемлекетке саяхат жасаған жандар жергілікті халықпен жақындасу әрекетіне дайын болуы керек. Бір-бірін көрген бойда екі жан бір-бірінің беттеріне жақындап, терең дем алады.
Әлемде әр халықтың амандасу дәстүрі әртүрлі / Фото ғаламтордан алынды
Монғолияда бейтаныс жанды үйіне қонаққа шақырған кезде монғолдар оған "хада" деп аталатын жібек не мақта-маталы жолақ береді. Хада ұсынылған кезде келген қонақ оны екі қолмен алып, басты изеуі тиіс.
Кенияға сапар шеккен жандар масаи тайпасын кездестіреді. Масаи тайпасының халқы бір-бірін көргенде, билей бастайды. Би арқылы олар бір-бірімен амандасады. Сәлемдесу биі "адаму" деп аталады, яғни "секіру биі". Билеген кезде шеңбер жасап, ырғалып, секіре бастайды.
Гренландия сияқты арктикалық аймақтардағы эскимостар не инуиттердің "куник" деп аталатын сәлемдесу рәсімдері бар. Бұл дәстүр отбасы мүшелері мен ғашық жандар арасында кеңінен таралған. Жүздескен жандардың бірі мұрнының ұшы мен жоғарғы ернін екінші жанның қолына немесе бетіне тигізіп, терең дем алады.
Еркіндікті ұнататын Америка халқының амандасу дәстүрі ерекше. Кейде қол бұлғап, кейде қолды жұмып, сыртқы жағын тақастыра амандасады.
Бұлай амандасу ешқандай жас ерекшелігіне қарамайды.


06 қыркүйек 2019 ж. 697 0