Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәлем салу – салтымыз

Сәлем салу – салтымыз



Қазақ қоғамында әйел затына қатысты ырым-тыйым, шектеу көп. Себебі, әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін жан. Сондықтан ол дені сау, көрегенді, тәрбиелі, текті болуы керек. Сәлем салу да осының нақ дәлелі, үлкенді құрметтеудің әдемі әдебі.
Келін сәлемді не үшін салады? Шаңырақтың берекесін күзетіп, түтінін түзу шығарып отырған әйелге ең алдымен ерінің амандығы маңызды. Келін босаға аттаған соң ерінің тілеуін тілеу мақсатында сәлем салады. Оның үстіне жаңа түскен жас келіннің ер адамға қолын созып амандасуы дәстүрге де, дінге де жат қылық. Осылайша иіліп сәлем берген әйел елдің алғысы мен ықыласына бөленеді. Тілеушісі көбейеді. Өзінің тілеуіне көптің тілегі қосылса, оның орындалатыны анық. Жолдасының амандығын тілеген әйелге одан артық не керек? Осыдан барып, «Ері қайтқан әйел сәлем салмайды» дегеннің қайдан шыққанын түсінуге болады. Иә, күйеуі қайтқан әйелге сол отбасының өзге азаматына «әмеңгерлікке» тұрмысқа шықпайынша, сәлем салмауға рұқсат беріледі.
Келіннің иілуі жай ғана физикалық қимыл болып көрінгенімен оның астарында қаншама көңіл-күй, алғыс, тәрбие жатыр. Мәселен, көңілсіз, жабырқау отырған үлкендердің жанына бір келін келіп иіліп сәлем салып кетсе, қытымырланып тұрған «ауа райы» жібіп сала береді. «Көп жаса, айналайын», «Ұл тап, қарағым», «Алла тілеуіңді берсін» деген сөздер айтылғанда, үлкендердің қабағындағы кірбің сейілгендей болады. Сол жерде «осы келін тәуір өзі», «кімнің келіні бұл?» деген сұрақтардың айналасында көңілсіз әңгіме ауаны да өзгеріп сала береді. Ендеше, сәлемнің де, оны салған жанның да көптің көңіліне шуақ себетінін білген дұрыс. Сәлем салғанның қиындығы жоқ. Бір секунд қана уақыт кетеді. Есесіне қаншама ниет, ықылас, ақ тілекке бөленесің. Көптің тілеуін алып, «ізетті келін екен» деген жағымды пікірге ие боласың.
Бұдан бөлек сәлем салудың екінші түрі табақты алу кезінде атқарылады. Ет жеп болған соң, ас қайырудың алдында келіндер табақты сәлем беріп алып кетеді. Бұл үлкендерден қалған сарқытты жеп, сол кісілердің жолын берсін деген ниеттен туса керек.
Сәлем салу – ескілік емес, ұлттық ерекшелік және рухани құндылық. Қазақ жақсы тілекке бай халық қой. Сондай жақсы сөздің бірегейі «Сәлемің түзу болсын» деген тілек. Қаймағы бұзылмаған қазақтың келіндері қашанда үлкеннің алдында иіліп сәлем салудан айныған емес. Анасының мұндай тектілік, тәрбиелік ғұрыпты көріп өскен қыз да алысқа ұзамасы анық. Бұл әрбір сөйлеген сөзі мен жасаған ісі өнегеге толы қазақтың ертеден келе жатқан тұрмыстық салт-дәстүрінің бір ғана бөлшегі.


Г.СӘБИТҚЫЗЫ
28 шілде 2019 ж. 1 956 0