«СӘЛЕМ АЙТ» – СҰРАУЫ БАР ДҮНИЕ
Көшеде келе жатқанда немесе алыс сапарда жүргенде ағайын-туыс, таныстар кездесіп қалады. Жөн сұрасып, жағдай біліскен соң таныс-тамыр әке-шешеге, елге сәлем айтып жатады. Кейде ел ішінде асығып бара жатқанда анадайдан ағайының айғайлап: «Әке-шешең аман ба? Сәлем айт» дейді. Мұндай жағдайлар күнделікті болмаса да жиі кездесіп тұрады. Міне, сол сәлемнің кейбірін жеткізсең, кейбірін күйбің тірлікті күйттеп жүргенде ұмытып кетесің. «Ат – аспаннан, сәлем – санадан» екенін ескерсек, жұрттың бір-бірінің амандығын білудегі сәлемін жеткізу парыз болмаса да сұрауы бар дүние.Сұрауы бар дейтініміз, бір туыс бір тамырын кезіктіргенде бірі-біріне «Хабарсыз қалдыңдар ғой. Біз іздемесек, іздемейсіңдер» деп кейіп жатады. Сондайда кезіккен ағайын жақынын көріп, содан сәлем айтқанын жеткізеді. Ал бір-бірінің есен-саулығын сұрап, аман екенін білдіретін сәлемді жеткізбеген жан бұндайда кінәлі болмақ. Яки, сәлем – ағайын арасын жақындастырушы, татулығын сақтаушы қатынас құралы.
Мұның өзі аманатпен пара-пар. Олай дейтініміз, жақын жандар бір-біріне сәлемдеме беріп жібереді. Оны алғаннан сол қалпында алушыға тапсыру аманат болып саналады. Ал сол сәлемдеме жұрт арасындағы сәлемнің түп-төркінінен шыққан.
Асыл дінімізде «сәлем» сөзі ең алдыңғы қатарда тұрады. Соған байланысты сәлемді жеткізу міндет саналады. Өйткені, алыс жол Алла атымен ашылса, асыл сөз сәлеммен сабақталады. Ол хақ дінмен ілесіп келе жатқан үрдіс, үлгі, инабат. Қашанда тілдің ұшында тұратын тілек кімге болса да бұлдамай берілетін бата. Сондықтан айтылған сәлем арналған адамға жетуі тиіс. Бұл жөнінде аудандық Орталық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлы былай дейді:
– Иісі мұсылман қашанда бір-бірімен кезіксе, хал-жағдай сұрасып, амандық біліседі. Сәлемді тек кезіккен адам үшін емес, құда-жекжат, туған-туыс, ауыл-аймаққа да жолдап жатады. Бұл қазақта «сәлем айт» сөзімен тараған. Яғни, дәстүр болып кеткен мұндай үрдіс асыл дінімізбен ұштасып, Алла Тағаланың «Әссәләм» көркем есімімен сабақтасады. Халық сол арқылы дұға жасап, бір-біріне тыныштық тілеп отырған.
Жолданған сәлемнің тиісті жауабы да бар. «Сәлем айтты» дегенде «Сәлемет болсын» деп жауап қатады. Бұл мұсылманның «Ассалаумағалейкүм – Мен Сізге Алладан амандық тілеймін!», «Уағалейкүмсалам – Сізге мен де Алладан сау-сәлеметтік тілеймін» деген ғұрыптық ғибратымен егіз.
Иә, кейде сөз арасында күнде көріп жүрген адамға «сәлем айт» деп қаламыз. Оның жеткізіліп жатқаны шамалы екені анық. Жоғарыда айтқандай, сұрауы бар дүние екенін ескерсек, аңдамай айтылған сөз дау-дамайдың шығуына себепші болмақ. Сол себепті де осы «сәлем айтуды» өз орнымен, жөнімен айтқан абзал. Ал оны уақытында жеткізген ләзім.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ