Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘДЕНИЕТТІҢ СҰРАР СҮЙІНШІСІ КӨП

МӘДЕНИЕТТІҢ СҰРАР СҮЙІНШІСІ КӨП

Ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты деген тәмсіл мәдениет саласын жаңғырту мен дамытудың қоғам өмірінде қаншалықты өміршең де өзекті екендігін білдірсе керек.
Өркениетті елдердің ең алдымен өз ұлтының тарихымен, мәдениетімен, ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен мақтанатыны сондықтан. Ендеше теңіздің тамшыдан құралатыны сияқты, аудандық деңгейде түрлі форматтарда мәдениет саласы қызметкерлері ұйымдастырып жүрген шаралардың өңірдің, қала берді ел руханиятына қосып жүрген лайықты үлесі деп бағалау орынды болмақ.
Өнер – құдірет, өнер – кие. Кез келгенге қонбайтын, кез келгеннің бойынан табыла бермейтін алтын арқау, тектік тінін сақтайтын тылсым қасиетке ие жаратылыс сыйы дейтін қашаннан-ақ айнымас ұғым қалыптасқан. Бұл – кімге болса да ұғынықты қарапайым ақиқат. Мәдениет ошақтары арқылы електен өтіп шыңдалып, жалғасын тауып жататын өнер тарихы – ауданымыздың рухани келбетін айқындайтын өңір тарихының ажырамас бөлігі. Әрбір өткізілген іс-шараның ауданның қоғамдық өмірімен байланысты болатыны да сондықтан. Осы жылы өткізілген барлық мәдени-көпшілік және спорттық шаралардың ауданымыздың 95 жылдығы мерейлі мерекесі аясында өтуі де қалыптасқан дәстүр сабақтастығы. Ауданның өсіп-өркендеуі жылнамасындағы тарихи белес болатын бұл жыл – даму тарихымызға есімдері алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаларымыз бен қатар мазмұнға бай өмір жолдары ғибрат боларлық айтулы азаматтарымыздың құрметіне орай өткізілген бірқатар мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Олардың арасында байрақ ұстаған батыр да, көмейінен ән, қаламынан жыр төгілген әнші мен ақын да, ерен еңбек үлгісін жасаған еңбек майталмандары да бар.
Әрине, әңгіме желісі ауданның мәдениеті мен ­руханият саласы болғандықтан сөз төркінін осы саланың бастауында болып, негізін қалап, іргесін бекітуіне өмірін арнап, өңірдің даму тарихында бедерлі із тастаған тұлғалар жайлы сәл ілгеріден сөз саптап, азды-көпті сыр тарқатсақ артық бола қоймас. Өйткені, бүгінгі жетістік – кешегі күннің жемісі. Мәдениет саласы өздерінің шығармашылық жұмыстарын насихаттау арқылы соны соқпақтың сорабын басқандар есімін өскелең ұрпақтың жадында жаңғырта алса мақсаттың орындалғаны.
Әлқисса, туған топырақ, өсіп-өнген жеріміздің бой жетпес биік, ой жетпес көненің иен қазынасы екені даусыз – киелі Шиелі екеніне мың тәубә! Өйткені талай дарын иелерінің бесігін тербеткен дархан даламыз қасиет пен тектілердің мекені болатыны әрқашан мақтаныш. Өнер өлкесінің өр биігіне айналған Шиелі топырағы таланты теңіздей толқыған, өшпестің отын маздатқан талай өнер жұлдыздарын дүниеге әкелді. Өнер деп өркен жайған, өнер байрағын ту көтерген, ауданымыздың салтанатына сән берген талай мәдени іс-шаралар дәл осы мәдениет ғимаратынан бастау алып, одан әрі көш-керуенге ілесіп үлкен сахналарға жол тартқанын ұмыту күнә. Солай болуға тиісті де. Шиелі өнерінің бастауында тұрып, нәрлі бұлағына айналған тілімен құс ұшырып, қаз қондырған, сонау 1960 жылдары бой көтерген аудандық мәдениет үйі есімін иеленіп отырған әйгілі Бұдабай Қабылұлы мен ән еркесі Нартай ақын «Қасқа маңдай, шешен таңдай...» деп шығыс Гомері атанған Жамбыл ата таңғала тамсанған дарабоз өнер иесі. Шиелі мәдениетінің төлқұжатындай Нартайдың рухы қалықтаған аудан өнерінің тамыры тым әріде. Ақын мұраларының нәрін де, әрін де қаз-қалпында сақтап, төлтума күйінде халыққа жеткізіп кеткен Әбіләш Әбуов пен Арзулла Молжігітов, Өтеген Райымбеков, Махамбетқали Тұрсановтардың табаны тиіп, ізі қалған аудандық мәдениет ошағының тарихы мазмұнға бай. Саланы Жақаш Қоңыратбаев басқарған 1968-ші жылдары республикаға танымал болған атақты «Жас дәурен» ансамблі құрылып, аудан мәдениетін паш еткен шырқау биіктерге шығарса, Өскенбай Тәшенов басқарған 1980-ші жылдары ансамбльдің Португалияға, көрші республикаларға гастрольдік шығармашылық сапарлары аудан өнерпаздарының абыройын асқақтатты. Осы өңірдің төл перзенттері шындық сөздің шарболаты атанған ақын Шымболат Ділдебаев, қазақ сахнасында Нұрғисадан кейінгі екінші нөмерлі, дәулескер күйші, композитор Қошқарбек Тасбергенов, Мүлкаман Қалауов, «Тамашаның» тарланы Мейірман Нұрекеев, талантты актриса Ғазиза Әбдінәбиева, жазушы қаламгерлер, шығыс жауһары «1000 бір түнді» қазақша сөйлеткен Қалмақан Әбдіқадыров, ағайынды Қалжан, Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтар, аудан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дүйсенбі Смайлов, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Оразбек Сәрсенбаев, Алма Қыраубаевалар, түрлі жанрдағы 200-ден аса картиналары мен шығармалары облыстық көркем сурет галереясын толықтырған суретші ҚР Мәдениет қайраткері Әбілқасым Сәрсенбаевтар, суретші ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Бапановалар аудан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, жалпы қазақ руханиятында өзіндік қолтаңбасы мен орны бар толымды тұлғалар.
Ал аудан мәдениетіне 40 жылдан аса саналы ғұмырын арнап, осы саланы 22 жыл бой үзіліссіз басқарған ҚР мәдениет қайраткері Әшімхан Оспанов, талантты әнші Әлімхан Оспанов, Роза Байсақалова, Зәкір Жақыпов, Бөрібай Қоңқабаев, Әмина Тасболатова мен арқалы әнші, сүлей жыршы, талантты композитор Құрманбек Бекпейісовтердің өңірдің мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесі, айшықты із қалдырған сара жолы күні бүгінге дейін аудан мәдениет саласы қызметкерлері мен шығармашылық топтың өрісті бағдары. «Шаттық» вокальді инструментальді, «Нартай сазы» фольклорлық ансамбльдері құрылып, «Нартай өнер мектебінің» шаңырақ көтеруі, әрбір ауылдарда құрылған «Әжелер ансамблінің» шығармашылық ізденістері, соңғы 5 жыл бедерінде ұлт аспаптар оркестрінің құрамы мен репертуарының жаңарып, тың шығармалармен толығып, халық театры жұмысының жандануы мен аудан мәдениет ошақтары ішінара, шығармашылық орталықтың техникалық жағынан жазу, дыбыстау заманауи оргтехникамен жабдықталып, сахналық киім үлгілерімен, қамтамасыз етілуі мәдениет саласының бүгінгі биіктерді бағындыруға негіз болса нұр үстіне нұр болмақ. Солай болып та жүр. Биыл жыл көлемінде атқарылған жұмыстар ауқымы мен мазмұнына қарап аудандық мәдениет және спорт бөлімі діттеген жаңа мазмұн, тың серпін, шығармашылық үдеріс үдесінен шығып отырғаны қуантады.
Мәдениет қызметкерінің негізгі алға қойған мақсаты мемлекеттік саясатты жүзеге асыру шеңберінде мәдени-көпшілік шараларды әзірлеу, ұйымдастыру, халқымыздың салт-дәстүрі мен өнерін насихаттап, жандандыру, үйлестіру, түрлі жанрда фестивальдер, байқаулар ұйымдастырып, жаңа таланттарды тауып шығармашылығын шыңдау болса, жыл көлемінде ұйымдастырылған барлық шаралардың мақсат-мазмұны аталған критерийлер шеберінде өткен жоспарлы жұмыстарды көрер едік.
Аудан өнерпаздары 62 облыстық, 37 республикалық, 19 халықаралық байқауларға қатысып, барлығы І, ІІ, ІІІ орындарды қоспағанда 42 бас жүлдемен марапатталуы көбіне тасада қалып елене бермейтін кәсіби музыкант болып қалыптасқан үйірме жетекшілерінің жүйелі жұмыстарының жемісі екені шындық. Республикалық дәрежеде өткізілген әнші, композитор, тәуелсіздік құрбаны Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына орай «Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп», талантты актер, қазақтың күлкі керуені көшбасынан орын алатын Мейірман Нұрекеевті еске алуға арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» байқауы мен ән-күй өнері тарихында ең алғаш дауысы граммофонға басылған әнші-сазгер Шолпан Жанболатқызын еске алуға арналған «Сырдың қараторғайы» атты сырнаймен орындаушылардың республикалық фестивальі жоғары деңгейде ұйымдасқан, қалың көрерменнің көңілінен шыққан шаралар болғаны даусыз. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, «Сырдың қараторғайы» әнінің шығу тарихы мен авторы туралы толық мәлімет Өзбекстан Республикасының мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Бұл құнды жәдігерді алдыру үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті жұмыстар жүргізуде. Осыған орай бөлім келер жылы дәстүрлі әншілер мен ғалым этногрофтардың қатысуымен «Сырдың қараторғайы» атты ғылыми-танымдық конференция өткізуді жоспарлапты. Есімін ұлықтап, өнерін бағалайтын ұрпақтар тарапынан тума талант иесінің жанды дауысымен қайта қауышар күнді жақындатар құтты қадам болсын, лайым.
Сондай-ақ жыл көлемінде Ақтөбе облысында өткен Қазақстанның халық жазушысы Т.Ахтановтың 100 жылдығына арналған «Театр өнердің көші» атты республикалық халық театрлары фестиваліне Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығы жанынан құрылған «Халық» театры «Махаббат мұңы» драмасымен қатысып «Ең үздік Сценография» номинациясына ие болған. Таяуда ғана «Ұлттық өнерді ұлықтаған» облыстық байқауынан «Халық» театры жүлделі І орынға ие болуы, өнердің осы жанрында соны көзқарас, тың серпін, ұтқыр режиссерлық шешімін тауып жүрген жаңашыл көзқарас, ұмтылыс барына дәлел. Білікті басшы, тәжірибелі маман Зүлфия Шалабаеваның айқын қолтаңбасы көрініп тұрған оң нәтиже екені анық.
Облыстық дәрежеде барлығы 13 іс-шара өткен. Оның ішінде: «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясында күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына орай өткізілген «Қобыз сарыны – Шиелі төрінде» атты облыстық қыл қобызшылар байқауы өнерпаз ұрпақтың жүрегі дауалай бермейтін, дәстүрлі өнердің осы бір қылдай нәзік те қиын, жанрын дамытуға өз деңгейінде үлес қосуға талпыныс жасалған батыл қадам болыпты. Әсіресе, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, мәдениет майталманы Әшімхан Оспановтың 70 жылдығына орай «Өмірі – өнер, ғұмыры – ғибрат» атты облыстық үздік клуб қызметкерлерінің байқауы мен Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетованың 70 жылдығына арналған «Қайсар қанат Сырдың қызы Жадыра» атты облыстық ретро-айтыс осыдан жарты ғасыр бұрын есімі елге танылған қазақтың қайсар қызының рухын тербеген тағылымды шара болды. Аудан дамуы тарихында өшпес із қалдырған, өмірден мезгілсіздеу озған марқұмдардың еңбек жолы мен өнегелі өмірлері кейінгі ұрпаққа әрқашанда үлгі болып қала бермек. Бірі – мәдениет мэрі, екіншісі – еңбек майталманы. Қалың көрерменнің ыстық ықылас-ілтипатына бөленген сағыныш сарыны басым айтулы шара үлкен табыспен өткенінің куәсіміз.
Осы жылы 95 жылдығы кең көлемде аталып өткен ауданымыздың 100 жылдық тарихында мазмұнды да, өрісті өмір, өнегелі ісімен көпшілік жадынан өшпейтін тұлғаларымызды ұлықтаған шаралармен қатар 14 шілде мен 29 қыркүйек аралығында барлық ауылдық округтері қатысқан «Туған елге тарту» атты «Ауыл күндері» фестивалінің ұйымдастырылуы көпшіліктің ойынан шыққан, әсерлі де әдемі мәдени шара болып өткеніне кент тұрғындары мен қонақтары ризашылықпен қолдау көрсеткенін айтпай өтуге болмас. Бұрын танылмаған өнерлі жастарды анықтап рухани қолдау көрсету, олардың шығармашылығын дамытуды көздеген аудан жұртшылығы бар ынта-ықыласымен атсалысқан мәдени көпшілік шаралар нәтижесімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды (бас жүлде: Ақмая ауылы, І орын Жиделіарық, 2 орын Жаңатұрмыс, 3 орын Жуантөбе мен Қоғалы).
Жалпы биыл ауданның қоғамдық өмірінде жағымды жаңалықтарымен есте қалатын, әлеуметтік-экономиканың даму үдерісінде барлық салада оң динамика қалыптасып, аймақ бойынша ауыл шаруашылығы үздік деп танылған, ең таза аудан орталығы ретінде мойындалған, абыройының асып, мерейі өскен ынтымақты-ырысты, берекелі-бірлікте атқарып жатқан барлық жұмыстарында мәдениет және спорт бөлімінің лайықты үлесінің де бар екенін атап өткен жөн. Ауданда осы жылы қазан айында «Алтын күз – 2023» мерекесіне арналған «Алтын аймақ, өскен жайнап, Жерұйығым – Шиелім» атты саланың барша өнерпазы жұмылдырылған театрландырылған қойылым көрсетіп, еңбек озаттарын марапаттау салтанатын және танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертін ұйымдастырып, мерекелік от шашумен қорытындылаған іс-шараны, мерейтой қонақтары ретінде қатысқан республикаға танымал тұлғалардың жоғары баға беруі, сала қызметкерлерін жаңа белестерді бағындыруға ынталандырумен қатар әлі де жоғарылау межені меңзеген жауапкершілік жүктей отырып сенім артқан үміт ишарасы деп түсіну ләзім. Сенім – қашан да аманат арқалатар ауыр жүк. Бүгінде бұл салада жыл қорытындысы болып табылатын жауапты шараларға қызу дайындық жұмыстары жүруде. Әрбір мерекелік шара тұрғындар үшін мереке, рухани демалыс болғанымен, сала қызметкерлері үшін бір сәтке де босаңсу мүмкін емес жинақылық, жоғарғы жауапкершілікті талап ететін әдеттегі жұмыс күні болатыны үйреншікті қалыптасқан дәстүр.
Сала жұмысы тек мәдени шаралармен шектелмейтіні белгілі. Аудандық кітапханалар жүйесі мен спортқа қатысты жоспарлы жұмыстар өз алдына тарқатар көлемді тақырып. Тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі де үнемі қадағалауды қажет ететін жауапты жұмыс. «Тамырсыз тал, тарихсыз ел болмайды» деген дана халқымыздан сөз қалған. Өңірімізде орналасқан тарихи орындар мен соңғы жылдары бой көтере бастаған сәулет ескерткіштері мен мүсіндер, бюсть және стеллалар монументтік өнер құрылыстары ретінде «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңымен реттелуі тиіс талап деңгейінде болса құба-құп. Ал олай болмаса ше? Мерейтойлар мен атаулы күндерді өткізудің де үкімет қаулысымен бекітілген қағидаттар мен ереже талабына сәйкес болуы бүгінгі күн талабы дер едік. Осы жұмыстарға жауапты және жүзеге асыру мәдениет саласы десек, бұрыннан келе жатқан осы мәселені пысықтап бір із, қалыпты жүйеге түсірудің уақыты жеткен сыңайлы. Арғы атасын әулие, бергі атасын батыр деп бастама көтеретіндер көбейіп тұрған заманда, сала жұмысына ретті-ретсіз килігіп жүретіндерге тосқауыл болар ма еді деген ой. Мемлекет басшысы да «Қоғамда қолдан жасалған тарихи тұлғалар мен мистикалық өмір-дереке құрылған аңыз адамдарды дәріптеуді доғару керек» дегенді текке айтқан жоқ.
Ауданда туризмді дамытудың да маңызы ерекше. Тарихи орындар мен жоғарыда атап өтілген архитектуралық, эстетикалық талап-талғамға сай реттілікпен орнатылған сәулетті де заманауи монументальды нысандар алыс-жақын жерлерден (шет жерден) келетін қонақтардың қызығушылығын туғызумен қатар, аудан елді мекендерінің ажарын аша түсер еді. Осы тұрғыдан қарағанда жеті әулиелер санатына жататын республикалық маңызы бар Оқшы ата кесенесіне және жергілікті маңызы бар Ғайып ата, Қыш ата қабірлерін реставрациялауға жоба-сметалық құжатының дайындалғаны барша жұртшылықтың қуана қабылдайтын өте құптарлық іс.
Қаратау жотасындағы Сауысқандық шатқалында қола дәуірінің, кейінгі ортағасырлық кезеңнің суреттері мен эпиграфикасы сақталғанынан халықтың хабары бар. Жуырда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамовпен бірге Сауысқандық шатқалындағы петроглифтердің жай-күйімен танысып, тасқа қашалған тарихи ескерткішке жазу жазып бүлдіру әрекетіне назар аударып, қаперіне алып, ескерткіш аумағын қоршап, арнайы күзет мәселесін зерттеп, шешу жолдарын қарастыратынын айтқаны өз нәтижесін беретіні күмән туғызбайды. Дәл осы екі нысанды қалыпқа келтіру ауданымыздың алдағы жылдарға жоспарлаған туризм бағытында орындалар жоспарлы жұмыстарына басқан нақты қадамы болса керек.
«Аудандық мәдени-шығармашылық орталығы» ғимаратына күрделі жөндеу жүргеніне біршама уақыт болды. Конкурс жеңімпазы «ЭЛИТ СТРОЙ» ЖШС межелі уәде үдесінен шығып жатса, мәдениет қызметкерлері алдағы жылғы жоспарлы жұмыстарын жаңа да жайлы ғимаратта бастайды деген үміттеміз.
Облыстық мәдениет басқармасында бөлім басқара жүріп әбден ысылған, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызы көпжылдық жиған тәжірибесі мен білім-біліктілігі сала жұмысына соны көзқарас қалыптастырып, тың серпін, жаңа идеялармен жаңа жылда жаңа белестерді бағындырамыз деген аудан өнерпаздарының ынта-ықыласы мен үкілі үміттері көкейге сенім ұялатады. Мөлдір өнерді кірлітпей, тұғырдан түсірмей жүрген аудан жастары көп-ақ. Атап айтар болсақ, Сафуан Көрегенов, Анар мен Нұршат төл өнерді тұралатпауда. Аудан үшін маңызды бірқатар даталы күндер мен мерейтойлық шараларды ұйымдастырудың алдағы міндеттер тізбегі де ауқымды көрінеді.

Исабек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
Мәдениет саласының ардагері,
аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы
13 желтоқсан 2023 ж. 262 0