Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЗАРДАҒЫ БАЗАРБАЙДЫҢ БЕЙНЕТІ

БАЗАРДАҒЫ БАЗАРБАЙДЫҢ БЕЙНЕТІ

Түс ауа қойын дәптерімді қолыма алып, орталық базарға қарай бет алдым. Ығы-жығы адам. Сауда деген қызып тұр. Мың түрлі тағдыр. Бай мен кедей. Бұл жерден қазіргі әлеуметтің шын бейнесін көресің. Базардағы тіршілікке көз тастап қарап тұрғанымда, таяқ тастам жерде тұрған алпысты алқымдаған жанға назарым ауды.
Адам қиялында шек жоқ-ау, сірә?! Кейіпкерге жақындаймын дегенше мына бір ойды ойлап үлгердім. Сөйтіп 400 келі жүк тиелген арбаны итеріп келемін. Діттеген жеріме жетем дегенше, маңдайдан тер шып-шып шығады. Қарашаның қара суығында қолғап кисем де, алақанымнан да, аяқтан да сыз өтіп барады. Әлсіреп, арбаны тоқтатсам, қайта қозғау мүмкін емес. Сол үшін аялдамастан осы қарқынмен діттеген жерге барып, бірақ тоқтау керек. Бұл – менің қиялымдағы базардағы бір күнім. Ал мұны кәсіпке айналдырып, нәпақа тауып жүргендерден хабарыңыз бар ма? Бүгінде орталық базарда 10 арба бар. Демек, 10 жұмыс күші деген сөз. Таңның атысы, күннің батысы арба сүйреп, нан табады. Денсаулығының бір бөлігін де осында тастап кетеді. Мұның бәрін отыз жыл бойы арба айдап, отбасын асырап отырған Базарбай Сапардан естідім.
Базарбай Сапардың негізгі мамандығы – шопыр. Алғашында өз саласы бойынша еңбек етіп, кейін қысқартуға ілініп, жұмыссыз қалған. Енді міне, 30 жыл бойы арба айдап, 4 баласын ешкімнен кем қылмай, өсіріп, жеткізуде. Жұмысқа күнделікті таңертең сегізде келіп, кешке бесте қайтады. Қақаған қыстың аязында арбакештің күндік табысы – 3-4 мың көлемінде болады. Қазір мезгілге байланысты арбакештердің жұмысы бәсеңдеген. Сауда жоқ. Кейбір күндері базарға адам келмейді екен. Ал жұмыстың қызатын тұсы – жаз. Ақшаның көкесін осы кезде табатын көрінеді.
– Зейнеткерлік жасқа таяп қалған соң, ешкім жұмысқа да ала бермейді. Қазір қол қусырып қарап отыруға болмайды. Күнделікті тапқан табысым тамақтан, киім-кешектен артылмайды. Бұл күніме де шүкір. Осы арбаның арқасында жыртығымыз жамалып, жоғымыз түгенделді, – деп әңгімені қысқа қайырды. Расында, Базарбай Сапар біз ойлағандай өміріне налып, жұмысының қиындығын айтпады. Керісінше ақшаның адалын, қиындықтың амалын тауып, өмір сүріп жүрген әр күніне ризашылығын танытты.
Жалпы базардағы арбалар екі, үш және төрт дөңгелекті болып бөлінеді. Егер тәшкіге иелік еткің келсе, сатып аласың. Әрине, бос болса. Мәселен, төрт дөңгелекті арба – 130-150 мың теңге маңайында. Ал үш дөңгелекті 70-100 мың. «Арба» деген аты болмаса, тек айналып тұрған дөңгелегі мен қаңқасы ғана. Одан соң оны өз қалауыңша жасап, нөмірлейсің. Осы бөлшектерді пайдалана отырып, жаңадан жасап алуға да рұқсат. Арбакештің де үш түрі бар. Біріншісі – 20-30 жыл істегендер. Олардың тұрақты тұтынушылары бар. Екінші бөлігі – 5-10 жыл, ал үшіншісі – келіп-кетіп жүргендер.
Бұл жердің де өз заңы бар. Турасын айтқанда – жазылмаған заң. Бірақ бәрі біледі. Іштей уағдаласқан. Ешкім бұзбайды да. Мұндағы арбакештердің қызмет құны – кемі 500 теңге. Одан төмен түспеуің керек. Жүктің салмағына қарай бағасы да шарықтай береді. Қазір баяғыдай «Арба керек пе?», «Мен боспын!», «Кімге көмек керек?» демейді ешкім. Себебі қазір арбакештердің де тұрақты тұтынушылары бар. Қажет кезінде қоңырау шалса, жетіп барады. Ал артық ақша тапқың келсе, бір орында тұрмай әрекет етуің керек. Аудандағы орталық базар – жекеменшік мекеме. Тұрғындар саудасын жүргізу үшін жалға жер алып, салық төлеп отыр. Сатушылар мен автотұрақ иелері және арбакештер де бар бұл тізімде.
Жасырып несі бар, елімізде дене тұрқы ірі, білегі мығым азаматтардың дені жұмыссыз. Бірақ олар дәл бұлай бейнеттенуді қаламайды. Жылы, жайлы ғимарат ішінде, лауазымды қызметте отыруды көздейді. Тіпті енді бірі күндіз-түні тынбай еңбек еткен адамның үстінен домалақ арызын жаудырып, сол арқылы табыс тауып жүр. Осындайда тағдырдың кермек дәмін татқан Базарбай ақсақалдың қайсарлығына тәнті боласың. Базарбай Сапар – отбасының асыраушысы. Себебі төрт баласының біреуі кембағал. Ал жары сол баласына қарап, күтім жасайды.
Оқырман, айтыңызшы. Базарда арба сүйретіп жүрген жанды көргенде не ойлайсыз? Тарау-тарау әжім басқан жүзіне қарап, олар жайлы ойлап көрдіңіз бе? Жақтырмай қарауыңыз әбден мүмкін. Бірақ олар да мемлекетке салық төлеп, ақша тауып жүрген қарапайым жандар. Арба сүйрейді демесеңіз, қанша тапса да, маңдай терімен, еңбегімен тапқан адал еңбегі. Әкімнің баласы – әкім, бастықтың баласы – бастық боламын дейді өскенде. Ал арбакештің баласы ше?

Сұлушаш МАДИЯРОВА
28 қараша 2023 ж. 369 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031