Арбакеш
«Еңбек қылмай тапқан мал – дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деген сөз бар. Барлық игілік атаулы еңбекпен ғана келетінін ұмытуға болмайды. Мұны аға ұрпақ жақсы білетін. Өкінішке қарай, бұл күндері жас буынның арасында еңбектің қадір-қасиеті кеми бастағандай көрінеді. Олардың санасында аяқ астынан байып шыға келсем деген ұғым бекіді. Кәсіпті жікке бөлу, кейбіреуінде менсінбей қарау пайда болды. Біз шын еңбектенсе, қай кәсіппен де мал табуға, мұратқа жетуге болатынын естен шығарып алғандаймыз. Мысалы, қазақтың жігіттерінің базарларда арба сүйреп жүргеніне алаңдаған, тіпті соған қатты қорланған әңгімелерді әлеуметтік желілерден жиі оқып жүрміз. Соның әсері ме, Бала би ауылынан келе жатып, Шиелі авто вокзалында арба сүйреп, алдымнан шыққан азаматты көргенде мүсіркеп қарағаным есімде. Ол тілдескен сәтте-ақ, өзінің мына тірлігіне, өмірге риза еместігін жайып салатындай көрінген. Есімі – Қанат екен.
Қазақта «Есектің артын жуда ақша тап» деген тәмсіл бар. Бүгінде қазақтың зіңгіттей жігіттері базарға бара қалсаң арба айдап ауыр жұмысқа жегіліп жүр. «Басқа түссе, баспақшыл» демекші, негізі әрбір адам өз басына жазылған тағдырдың пұшпағын илейтіні рас. Бірақ барлығын бірдей тағдырға артып қойғанымыз да жарамас. Неге? Өйткені ешкім оларға: «Сендер арба сүйреңдер! Жұмыстарың осы!» деп бұйрық бермегені анық. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді тағдырдың тауқіметі мен жұмыссыздықтың әсері қаншама жанға салқынын тигізіп келеді. Ең біріншіден, елді мекендерде жұмыс көзінің тапшылығы бар екені жасырын емес. Апталдай азаматтар екі қолға бір күрек таппай сенделіп, жастар қалаға қарай ағылады. Осындайда бір кем дүние-ай, дерсіз!
Бүгінде орталық базарға бара қалсаңыз «тепсе темір үзетін» қазақтың жігіттері көк арбасына атан түйеге жүк болар жәшіктерді, зілдей қораптарды тиеп, сүйреп жүргенін көресіз. Базар ішінде арбасына ауыр жүкті артып, діттеген жеріне жеткізіп беріп, бес-он теңге алғандарына мәз болады. Әрине, жұмысы жеңіл емес. Көз алдымызда жүзі күнге күйген, маңдайынан тер аққан жігіт ауыр зат тиелген жүкті сүйреп барады. Әлгі жігіттің белі бүгіліп, екі қолы артқа қайырылып жатса да төменнен жоғары қарай жүкті бар күшін салып ышқына тартып келе жатыр. Жүздері суық, қабақтары қатулы, мойын бұрып қарауға уақыттары жоқ әлгі жігіттерді көріп: «Қайран, қазағым-ай!» дейсің еріксіз. Әркім шамасына қарай күн көріп жүрген мына уақытта біреуді біреу айыптайтындай заман емес. Десек те, сол арба сүйреп жүрген қазақ жігіттерінің ертеңгі тағдыры не болмақ? Денсаулықтарын құртып, ешкімге керексіз күй кешіп қалмай ма?
Алайда, анасы мен әкесі бала күнінде мәңгілік сапарға аттанған Қанатқа бұл қорқыныш емес. 42 жасқа келсе де шаңырақ көтермеген. Шаңырақ дейміз-ау, жалғыз басына пана болар үйі де жоқ екен. Күнделікті тапқан табысын талғажау ететін ол ең бастысы адал еңбекпен ақша табады.
– Мен Алматы қаласынан келгенмін. Ата-анадан айырылған соң оқуға да мүмкіндік болмады. Қара жұмыс ерте есейтті. Білімің болмаған соң, бір кәсіптің құлағын ұстап, аяққа тұрып кету де мүмкін емес. Ал күнделікті тапқан ақша тамақтан артылмайды. Базар маңын торлап күн кешіп жүрсемде, өзгенің мүлкін ұрлап, арамдыққа барғаным жоқ. Қолдау білдіріп, қолқанат болар аға-інілерім де болмады. Бірақ базар ішінде жүріп, арба айдағаныма намыстанбаймын. Тек тағдырдың жазғанына көнбеске шара болмады, – деп аз-кем сырын ашты да қайтадан қайнаған базар ішіне еніп кетті. Расында, Қанат мен ойлағандай өміріне налып, жұмысының қиындығын айтпады. Керісінше ақшаның адалын, қиындықтың амалын тауып, өмір сүріп жүрген әр күніне ризашылығын білдірді.
Қазіргі кезде елімізде дене тұрқы ірі, білегі мығым азаматтардың дені жұмыссыз. Бірақ олар дәл бұлай бейнеттенуді қаламайды. Жылы, жайлы ғимарат ішінде, лауазымды қызметте отыруды көздейді. Тіпті, енді бірі күндіз-түні тынбай еңбек еткен адамның үстінен домалақ арызын жаудырып, сол арқылы табыс тауып жүр. Осындайда тағдырдың кермек дәмін татқан Қанат сынды азаматтардың қайсарлығына тәнті боласың. Оқып, білім алуға қауқары келмесе де қарапайым адамдықтан аттамағанына қуанасың. Олардың бірі арба сүйреп күнелтсе, енді бірі жалдамалы жұмыстарда жүретін көрінеді. Қақаған қыстың аязына, жаздың аптап ыстығына ысылған арбакештің күндік табысы 1500-2000 теңге көлемінде болады. Ал бейнеті ше?
Ш.Тілеубаев