Бельгия қар құрсауында қалды
Демалыс күндері ауа температурасы -10 градус Цельсияға дейін түскен, деп хабарлайды «Хабар 24». Күн райының қолайсыздығынан елдің тас жолдарында бірнеше шақырымға созылған ұзын сонар кезек түзілді. Мамандар жолдарға 600 тоннаға жуық тұз себілгенін айтады. Ал Брюссель әуежайында рейстер уақытынан кешігіп жатыр. Бүгін күн ашылып, жұртшылық қуанып жатыр. Қардың көптеп жаууына әсіресе балалар дән риза. Саябақтарда қолдарына шана сүйреп шыққан бүлдіршіндер мен жастар аппақ қардың үстімен ызғып өтіп, көңілдерін көтеріп жатыр. Жиналғандарға әлеуметтік ара қашықтықты сақтау керек деген талап қойылған. Айта кетейік, Брюссельде коронавирус инфекциясының таларуына байланысты әлі де көптеп жиналуға тыйым салынған. БЛИЦ: – Қапалақтап қар жаумағалы қай заман. Шынымды айтсам, көңіл күйіміз керемет! Күн шығып, дала жарқырап тұр. Шың басында жүргендейміз. Керемет әсерлі сәт дер едім. – Биыл қар әдеттегідей желтоқсан немесе қаңтар айында емес, ақпанда жауып тұр. Кешігіп болса да, қарды көрік. Айнала қандай тап-таза. Күн шығып тұр, сыртта серуендеу де бір керемет!