Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАНЫ ШЕКТЕН ТЫС МАҚТАЙ БЕРУГЕ БОЛА МА?

БАЛАНЫ ШЕКТЕН ТЫС МАҚТАЙ БЕРУГЕ БОЛА МА?

 

Энциклопедиялардың жілігін шағып, майын ішкен, саясат туралы, болашақ туралы сөйлегенде ересек адамдардың өзін таңғалдыратын білмейтіні жоқ балалар Қазақстанда да көптеп өсіп келеді.

Олардың ата-анасынан мұның құпиясын сұрасаңыз, оған ешқандай кемшілігі туралы айтпай, тек мақтау, мадақтау сөздермен қошеметтеп отыратынын ғана айтады. Бұл баланың жастайынан өзіне деген сенімділігін жоғарылату үшін пайдалы, алайда оны шектен тыс мақтай беруге де болмайды.
«Сен ең ақылды баласың», «сенен артық жақсы бала жоқ» деген сөздерді айтар алдында ойланыңыз. Өмірдің барлығы ақ түстен тұрмайтынын, қараның аралас келетінін сіз айтпасаңыз да, болашақта өз көзі жетеді. Сондай сәтте барлығына дайын болу қажет.
Кішкене кезінен мақтау сөзді ғана естіп өскен бала өзінен зоры шыққанда көтере алмауы мүмкін. Көре алмау, аяқтан тарту қасиеті осыдан пайда болады. Өзін басқалармен салыстырып, өзіне берер бағасы түсіп кетеді.
Ал шынында да одан артық бала жолында әлі кездеспесе, басқаларға менсінбей қарауы ықтимал. Қанша жерден данышпан болса да, өз қатарындағы балалармен бала сияқты сөйлесіп, олармен білгенін бөлісе білуді үйрету амалын да назардан тыс қалдырмаған дұрыс.
Өзгелермен салыстырмай-ақ, "сенің қолыңнан барлығы келеді" деп айтудың, шынайы сенім білдірудің өзі жеткілікті. Барлығынан биік болу міндетті емес, өзіңнің кешегі күніңнен жетіле түссең, өзіңді дамыта түссең, риза боламыз деп өзімен өзін жарыстырып дағдыландырыңыз. Сонда ғана бірін бірі батыр дер болар елдің балалары өсіп жетілмек!

 massaget.kz
30 қараша 2018 ж. 1 055 0