Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам есімі өміріне әсер ете ме?

Адам есімі өміріне әсер ете ме?



– Атың кім?
– Асылжан
Өмір бойы жауап беруге тура келетін бұл сұрақтың жауабын бізге ата-анамыз таңдап береді. Бала өмірге келгенде есімі өміріне әсер етеді деген сеніммен ата-ана барынша жақсы есім қоюға тырысып жатады. Кей жағдайда ырымға сүйеніп, көз өтпесін, өмірі ұзақ болсын деп Итбай, Қисық секілді есімдер де қойылып жатады. Студент кезде өзім оқитын топта Андрей деген текті қыз болған. Ұлты – қазақ. Айтуы бойынша, атасының бауырлары шетінеп кете бергендіктен, ырымдап орыстың атын қойған екен. Ырымның растығы ма, сенімнің күштілігі ме басқа сәбилер секілді емес, Андрей атасы ұзақ өмірлі болған.
Қазақтың тұрмыс-салты табиғатпен етене байланыст­а болғандықтан аспан мен табиғат құбылысы, құс пен жануардың атауын балаға есім етіп беру көптеп кездеседі. Жұлдыз, Шолпан, Арыстан, Бүркіт, Жасын сияқты есімдер соның дәлелі. Жалпы тағдырға адам атының әсері туралы зерттеулер жүріп келе жатқанына ғасырға жуық уақыт өтіпті. «Антропонимика» деп аталатын есімді зерттейтін ғылым сөздеріне сүйенсек, адам аты әдемі болған сайын тұлғасы да соған сай икемделетін көрінеді. Психолог мамандардың пікірі есімге қарай тағдыр қалыптасады немесе есіммен бірге тағдыр жазылады дегенге саяды. Бір есімді иеленген жандардың мінезі мен өмірі, кейде сырт келбеті ұқсас болып келетіні дәлелденген. Өзіндік тәжірибесімен зерттеу жүргізген ғалымдар мынадай тұжырымға келген. Адамның есімі қарапайым болса, оның ортасындағы абыройы мен өзгелердің оған деген қызығушылығы арта түседі, атақты адамдармен аттас балалар есейгенде сол тұлғалардың кәсібіне қарай бейімделуге әзір болады, көп кездесе бермейтін есімдер көбіне бұзақылар мен ерекше талант иелеріне берілуі мүмкін. Қазірде жиі естіп жүрген нумерология да адам атының тағдырмен тығыз байланыста екендігін айтады. Мінез-құлық, адам бойындағы энергия, темпераменті турасындағы мәліметтерді есіміне қарап-ақ анықтауға болатын көрінеді. Филолог мамандар болса адам атындағы қатаң дыбыстардың мінездегі қаталдыққа, дауысты дыбыстардың жұмсақтыққа әсері барын айтады. Филология ғылымдарының докторы Бекжа­н Әбдуалиұлы адам есімінің мінез-құлыққа әсері туралы мынадай дәлелдемелер келтірген екен.
– Жапон ғалымдары судың құрамын зерттеген кезде суға қаратып айтқан сөздері бар емес пе? Сондағы зерттеуге сүйенсек, жағымсыз дыбыстарды «естіген» судың келбеті бұзылып, әдемі әуен тыңдаған су сүйкімді мұзға айналған. Адам ағзасының 50 пайызы судан тұрады. Тура сол сияқты, бойымызда айналып жатқан қан – сол су. Мысалы, адам қатты қуанып, бақытты сәттерді басынан кешірген уақытта қанның құрамы дұрысталады. Ал ашуланса қанның құрамы да өзгеріп кетеді. Құрамында улы зат көбейеді. Оны қазақ «қаны қайнап кетті» деп бір ауыз сөзбен түйіндей салған. Есімге келер болсақ, есімі әдемі адамның қаны да «қуанып тұрады». Ал құлаққа түрпідей тиетін болса адамның қаны қайнап, мінез-құлқына әсерін тигізіп тұрады. Құлаққа жағымды есімді иеленген адамның қан айналымы да дұрысталады, көңіл-күйі де жақсы болады, – дейді филолог-ғалым. Осылайша ол балаға мейлінше әдемі, көркем есім берген дұрыс екендігін ескертеді.

Назерке
СЕРӘЛІҚЫЗЫ
03 тамыз 2019 ж. 3 328 0