Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім һәм инновация

Білім һәм инновация

Білім Қазақстанның болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Оның сапасы қоғамның инновациялық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет пен білім ел дамуының құрамдас бөлігі екенін алға тартып, білім саласын өрге жетелеудің бірнеше мәселесін айтып келеді. Ол ең алдымен сапалы білімді қолжетімді ету. Осылайша «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы дайындалды.
Шынында да, қоғам дамуының басты факторы сапалы білімді меңгерген білікті мамандар екені сөзсіз. Бұл бағытта елімізде білімге құштар, болашағымыздың негізін құрайтын дарынды жастарға барынша қолдау көрсетіп, әлеуетін пайдалану көздерін қарастыру керек. Білімді жетілдіру көптеген өзгерістер мен әртүрлі деңгейдегі инвестицияларды қажет ететінін бәріміз білеміз.
Бірінші басымдық – сапалы білімнің қолжетімділігін арттыру. Бұған оқу бағдарламаларын жаңарту, оқытудың заманауи әдістерін енгізу, мұғалімдерді жаңа технологиялар бойынша оқыту, білімге қолжетімділік, қиын жерлерде оқытуды қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым құру кіреді. Инновацияларды ынталандыру зерттеулер мен әзірлемелерді белсенді қолдау арқылы мүмкін болады. Мұндай бастамалар ғылыми жобаларды қаржыландыруды, стартаптарды жеңілдетуді және инновациялық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етуді қамтуы мүмкін. Білім беруде технологиялық мүмкіндіктерді дамыту және цифрландыру басты рөл атқарады. Цифрлық оқыту платформаларын құру, интерактивті оқу материалдарын пайдалану, онлайн курстарды енгізу және бұлтты технологияларды пайдалану – барлығы орналасқан жеріне қарамастан білім алуға қол жеткізуге ықпал етеді деп санаймын. Білім берудегі инновациялық өзгерістер тек жаңа технологияларды енгізу ғана емес, сонымен қатар сыни тұрғыдан ойлауды, ақпаратты өз бетінше іздеп, мәліметтерді талдай білуді қалыптастыруға баулиды. Бұл проблеманы шешу дағдылары мен шығармашылық ойлауға ықпал ететін оқу бағдарламасын жасауды талап етеді.
Білім мен инновацияға инвестиция салу – ел болашағына салынған инвестиция десек жаңылмаймыз. Білім сапасын арттыру және инновациялық ортаны дамыту Қазақстанның тұрақты өсуіне және жоғары технологиялық бәсекеге қабілетті қоғамның қалыптасуына ықпал етеді.

Айдын Нұржігіт,
Абылай Хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 2 курс студенті
27 қараша 2023 ж. 145 0