Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЗ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ

БІЗ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ


Ата басылым – әркез қоғамдық пікірдің ұйытқысы. Оның бетінде өмірдің барлық саласы, ауданның күнделікті тіршілігі тұрақты көрініс табады. Бүгін біз жыл ішінде «Өскен өңірде» жарияланған, ел назарын ерекше аударып, шешімін тапқан мақалалардың бір шоғырына тоқталғанды жөн көрдік.

ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП, КӨҢІЛ ЖАЙЛАНДЫ
Басылымның тұрақты оқырмандары біледі, газетте ең жиі көтерілетін мәселелердің бірі – жол. Осыған байланысты халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген керемет сөз бар. Шындығында солай. Қайбір нәрсенің байыбына барып, қадірін жіті түсіну үшін алдымен оны көзбен көріп, қолмен ұстап, білу қажет. Сонда ғана оның қадір-қасиетіне тереңдей түсесің. Осы орайда өзіміз күнделікті жұмысқа қатынап, тіршілігімізбен тікелей байланысып кеткен жолдардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл толады. Күні бүгінге дейін осы мәселеге қатысты «Келбетті көшені қашан көреміз?», «Жол жөндеудің жөні қалай?», «Жол қадірін жүрген біледі», «Жыр болған жол» сынды талай мақала жарық көрді.
Айналасы мұнтаздай таза, қараған жанға қыздың жиған жүгіндей әдемі көрінетін көше бойы көптің көңілінен шығуда. Есіңізде болар, бұрын Шиелінің жолдары бордюрға жарты метр жетпей жығылып қала беретін-ді. Тіпті жолдар жіңішкеріп, тротуар мен жол шетінің арасы ұзарып, бірте-бірте алыстап бара жатқандай болатын. Салдарынан қабат келген қос көлік соқтығыса жаздап, көшеге әзер сыйып жататын. Сол кезде ауданда орын алатын жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне бір жағынан осы жағдай да себеп пе дерсіз? Өйткені жырымшылап жасалған жолда көлік тізгіндеу қиынның-қиыны. Көпшіліктің көкейінде жүрген бұл мәселені аудан әкімі Нұржан Ахатов ретке келтіріп, кентті көркейтіп қойды да.
Біздің қолымызда бар мәліметке сүйенсек, Шиелі ауданында жалпы ұзындығы 323,4 км құрайтын автомобиль жолдары бар. Оның 80 км республикалық, 98 км облыстық, 145,4 км аудандық маңыздағы жолдар. Шиелі кенті және елді мекендерді қоса есептегенде ұзындығы 395,38 км құрайтын 401 көше бар. Бұл көшелердің 198,69 км асфальт төселсе, 145,69 км қиыршықтас төселген. Ал 51 км топырақ. Соңғы 5 жыл көлемінде ауданда жол жөндеу жұмыстары бәсеңдеп қалғанын халық жиі айтушы еді.
Енді міне, аудан әкімі Н.Ахатов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 36 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Ол үшін 565 млн теңге қаржы қаралып, жұмысшылар іске кірісіп те кетті. Одан бөлек республикалық бюджеттен «Самара – Шымкент – Сұлутөбе» кіре беріс 3 км автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін 564 млн теңге бөлінген. Бәрінен бұрын кент ішіндегі 49 көшені орташа жөндеуден өткізетінін естіген кент тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
– Кент ішінде такси қызметінде жүремін. Көбінесе сырттан келген қонақтарды діттеген жеріне жеткізу керек болады. Сол сәттерде кенттің орталық маңындағы жолдардан ұялушы едім. Ойдым-қырдым болған жолдар ескіріп, ені де екі көлікке тарлық етуші еді. Аудан басшылығына келген Нұржан Сәбитұлы аз уақыт ішінде көп іс тындырды. Жолдың сапасына мән беріп, құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүрді. Жол жаңарып, ені де кеңейе түсті. Асфальттың қалыңдығы талапқа сай, – дейді көлік жүргізушісі М.Маззаф. Бұл 9 қазанда шыққан «Сөз бен іс септессе, нәтиже көрінеді» атты мақаладағы тұрғынның пікірі. Сайып келгенде 49 көше жөнделіп, аудан әкімінің жүйелі жұмысы нақты көрініп, ел қуануда.


БАЛАЛАР АСЫР САЛЫП ОЙНАЙДЫ
Осыдан бір жыл бұрын «Балалар алаңқайлары алаңдатады» деген мақала жарық көрген болатын. Мақалада көтерілген мәселе таяуда ғана шешілді. Міне, сол хаттың жауабы ретінде қуанышты хабар ретінде суретті назарларыңызға ұсынамыз.
Бұл мәселеге қатысты редакциямызға қоңырау соққан, алпысқа таяп қалған, аудан тұрғыны еді. Сәл үзінді келтірсек.
– Мен әл-Фараби көшесінің тұрғынымын. Сөздің шыны керек, кент орталығындағы көшеге жатады бұл. Күн жылынса болды немерелерім үйге сыймай, далаға шығуға асық болып тұрады. Ойын алаңы – әр адамның балалық шағының бір бөлшегі. Жадыраған жаз мезгілінде балалардың ойын алаңы сәбилердің күміс күлкісімен жайнап, сәні кіріп тұрады емес пе?! Сол себепті көшеге балалар асыр салып ойнасын, игілігін көрсін деген алаңқайларға қайта жөндеу жұмыстарын жүргізсе екен, болмаса жаңадан салса деген тілегіміз бар, – деді Әлима апа.
Әлбетте, бұл аудан тұрғындарының ортақ пікірі деуге болады. Себебі әр ауылдық округте салынған балалар алаңқайларының жағдайы да мәз емес. Бәрі де жөндеуді талап етіп тұрғандай. Əсіресе, жаздыгүні үй көрмей ойнайтын балалар шаршауды білмейді. Тіпті кешқұрым қараңғылық түссе де, үйге кіргізе алмай әлек болып жатамыз. Сол себепті де балалар ойнайтын алаңдардың көп болғанының әбестігі жоқ. Керісінше, бұл кемел келешегіміздің кепілі болған балаларға жасалған қамқорлықтың бір парасы деп білеміз.
Біз көтерген мәселе шешімін тапты, мінекей. Назарларыңызға арнайы фото дәйекті ұсынамыз.

ҚОҚЫСҚА ТОЛЫ КОНТЕЙНЕРДІ КӨРМЕЙСІЗ
Аудан әкімі болып Нұржан Ахатов келгелі ­аудан тазалығы бірден қолға алынды. Абаттандыру, көркейтіп-көгалдандыруы тым бөлек. Жасырып қайтеміз, оған дейін кент тазалығына қатысты сындар көп айтылды. Тиісінше мақала ретінде жұрттың жан-айқайын жеткіздік те. Мұнда қоқыс жәшігінің уақытында тазаланбайтындығы, контейнерлердің аузы-мұрнынан шығып жатқандығы, осы себептен қалдық далаға ұшып, айналаны бүлдіретіндігі баяндалған. Оған «Тазалық тасада қалмасын», «Скверлердің сиқы қашып тұр», «Бүлінген алаң, бүлдірген адам», «Қашан тазарамыз?» сынды мақалалар дәйек.

БАЛЫҚШЫЛЫҚ – БАЙЫРҒЫ КӘСІП, ХАЛЫҚҚА НӘСІП
Шежіре Шиеліден басталады. Байлық көзі болған балық өнеркәсібін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқандардың саналы ғұмыры қайықтың үстінде өтті. Өткенді жаңғыртып, аға буынның өнегелі өмір жолын үлгі ету мақсатында газет бетінде балықты қорғау, тоқпен ауламау жөнінде мақалалар жазылып, жұрттың сөзін жеткізетін дүниелер жарық көрді. «Бабын білсең – берекені балықтан табасың», «Балықтан береке тапқан», «Тоқпен ұруды тоқтату керек». Бұл тақырыптары көрсетілген мақалаларда су маржанын сақтау мәселесі қозғалып, тиісті жұмыстар әлі атқарылады деген сенім мол.

КӨНЕНІҢ КӨЗІ
Өркениетті қоғамды биік, әдемі әйнек үйлермен таң қалдыра алмайсыз. Жұртқа Шиелі ауданының кешегісін көбірек білу маңыздырақ. Кентте орын тепкен аудандық тарихи-өлкетану музейінің, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейі киелі өлкенің мақтанышы деуге болады. Оның сырына үңілсек, көптеген қызықты мәліметтерге тап боламыз. Тарихтан сыр шертетін жәдігерлер, тың деректер, өткен күнге құрметпен қарау, құндылықтың қадірін білу жайында азды-көпті мақалалар газетке жарияланып та үлгерді.
Мінекей, газет көтерген мәселе көпшіліктің қолдауына ие болып отыр. Ең алдымен басылымда жарияланған мәселені аяқсыз қалдырмай, мақалада айтылған жағдайды толық талдап, жұрттың көкейіндегі сауалына нақты жауап берген аудан әкімдігіне, сала мамандарына алғысымыз мол. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, билік, басылым, тұрғындар бірлесе жұмыс істесек, алынбайтын қамал болмайтыны анық.

Шолу жасаған
Сұлушаш МАДИЯРОВА

27 қараша 2023 ж. 115 0