Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыттың қадірін білгіңіз келсе…

Уақыттың қадірін білгіңіз келсе…

— Күндердің күнінде баласын жетектеген әке ғалымға келіп:
–Сіз туралы халықтың арасында жақсы сөздер айтылып жүр. Бұған қоса сіз өмірлік көптеген сұрақтарға жауап береді екенсіз. Ендеше, мына менің балама мына өмірдегі уақыттың маңыздылығын түсіндіріп бересіз бе? Расын айтар болсам, уақыттың қадірін білу – маған да аса қажет дүние, — дейді. Ғалым біршама ойланып былай дейді:
–Уақыт деген – абстрактілі дүние. Оның маңыздылығын түсіну қиын, бірақ, бұл мүлде болмайды деген сөз емес. Оны түсіну үшін бізге мына 7 адам көмектеседі – студент, ана, газет редакторы, ғашық болған адам, жұмысқа пойызбен баратын адам, көлік жүргізушісі және спортшы. Мұны естіген әке мен бала бір-біріне қарап, түсінбеген сыңай танытады. Сонда ғалым сөзін жалғастырып:
–Бір жыл уақыттың қадірін білгіңіз келсе, жазғы емтиханнан өте алмай қалған студентпен сөйлесіңіз. Бір ай уақыттың қадірін білгіңіз келсе, уақытынан бұрын 8 айда босанып қойған анамен сөйлесіп көріңіз. Бір апта уақыттың қадірін білгіңіз келсе, әр аптада газет басып шығаратын редактормен сөйлесіңіз. Бір сағат уақыттың қадірін білгіңіз келсе, кездесу сәтін күтіп тұрған ғашықтармен сөйлесіңіз.
Бір минут уақыттың қадірін білгіңіз келсе жұмысқа асығып тұрып, пойыздан қалып қойған жолаушымен сөйлесіп көріңіз. Бір секунд уақыттың қадірін білгіңіз келсе, жаңа ғана жол апатына түспей қалған көлік жүргізушісімен сөйлесіңіз. Миллисекунд уақыттың қадірін білгіңіз келсе, Олимпиада ойындарында жүгіру жарысында алтынға қолы жетпей күміс алқа алып қалған спортсменмен сөйлесіңіз.
Сондықтан, мына қағазды үйдің кіреберіс тұсына іліп қойыңыздар. Бұл сіздерге уақыттың қадірін ұмыттырмайды, — деген екен.
Қағаздағы жазу: «Өміріңіздің әрбір секунды алтынмен тең. Кешегі күн – тарих, ертеңгі күн – бұлыңғыр, бүгінгі күн – баға жетпес сыйлық». Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы

19 қыркүйек 2019 ж. 2 264 0