Уақыттың қадірін біліп жүрміз бе?
Пайғамбарымыз: «Өлмей тұрып – өмірдің, ауырмай тұрып – денсаулықтың, қартаймай тұрып – жастықтың, кедейленбей тұрып – байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!» дейді. Біз осы бос уақыттың қадірін қаншалықты біліп жүрміз және қалай пайдаланамыз. Адам баласына берілген баға жетпес құндылықтың бірі – уақыт.
Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз кез келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Өйткені, олар уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатындықтарын жақсы біледі. Бірде Америка президенті Вашингтонның хатшысы жұмысқа кешігіп келіп: «Сағат тілінің қателігінен болды», – деп кешірім сұрапты. Сонда президент оған, «Олай болса, ендігі жерде не сен өз сағатыңды ауыстыр, не мен өз хатшымды ауыстырайын!» деп ашуланған екен. Батысқа барып, олардың әрбір минутпен санаса отырып, жұмыстарын реттейтігіне таңқалған азиялық мұсылман жігітке бірде сол жақтың адамы «Оның несіне таңырқайсың? Бұл біздің сендерден үйренген құндылығымыз емес пе? Сендер минутына дейін санап, күнделікті бес уақыт намаздарыңды оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауыз ашар кездеріңде де уақыт бір минутқа кірмесе соны күтесіңдер» бар болғаны, біз бұған енді қол жеткіздік деп ой салған екен.
Расында ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, дінімізде таң намазын оқу үшін ерте тұру әр мұсылманға парыз екені белгілі. Бір күннің бес уақытқа бөлінуі де 24 сағаттық тәулікті жүйелеп, ұтымды пайдалану үшін берілген үлкен мүмкіндік.
Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын деп Абай атамыз айтқандай, адамның бос отыруы – шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі аса қауіпті жағдай. Ия, адам баласы қайта айналып бұрылмайтын бұлдыр уақытты өте тиімді пайдалану керек. Осы себепті еңбекқор қытайлар да уақыт мәселесіне келгенде «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деп безгектейді екен. Сондықтан, әр күнімізді, әр сағатымызды мейлінше пайдалы іске жұмсап, уақыттың қадірін білейік.
А.МОЛДАХМЕТҚЫЗЫ.