Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАНДАНҒАН ЖОБА

ЖАНДАНҒАН ЖОБА

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы еліміздегі 736 ауылды жарылқауы керек. Бұл ауылдарда 1,5 мыңнан астам жоба жүзеге аспақ. Қоңыр тіршілік кешкен ауылдағы ағайынның өмір сапасын жақсартуды көздейтін аталған бағдарлама Шиелі ауданында да жалғасады. Қоян жылы тізімге ­ауданнан 6 ауыл еніп отыр.
«Ауыл – ел бесігі» 2019 жылдан ­бастап іске қосылды. Жобаның мақсаты – ауылдық аумақтарды дамыту екені белгілі. Жоба аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік игіліктердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын құру жөніндегі шаралар іске асырылып келеді.
Ауданда жоба аясында Бестам елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин, М.Әуезов, Ә.Әбуов, А.Құнанбаев, С.Төлебаев және Тәуелсіздік (6,1 шақырым) көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына ҚР Ұлттық қорынан 109 млн теңге бөлініпті. Ал Н.Бекежанов ауылындағы 14,6 шақырымды құрайтын 15 көшеге аталған қордан 323 млн теңге қаралып отыр. Сонымен қатар аудандық маңыздағы Жуантөбе ауылына кіре беріс 6 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарына Ұлттық қордан – 250 млн теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен – 150 млн теңге, аудандық бюджеттен – 64 млн теңге, барлығы – 464 млн теңге бөлінген.
Қазақта «Жол қадірін жүрген біледі» деген керемет сөз бар. Шындығында солай. Қайбір нәрсенің байыбына барып, қадірін жіті түсіну үшін алдымен оны көзбен көріп, қолмен ұстап, білу қажет. Сонда ғана оның қадір-қасиетіне тереңдей түсесің. Осы орайда өзіміз күнделікті жұмысқа қатынап, тіршілігімізбен тікелей байланысып кеткен жолдардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне аз-кем тоқталып өтуді жөн санадық. Біздің қолымыздағы мәліметке сүйенсек, бүгінде аудан бойынша 145,4 шақырым аудандық, 92 шақырым облыстық, 80 шақырым республикалық маңыздағы автомобиль жолдары халыққа қызмет етуде. Сонымен барлығы – 323,4 автомобиль жолы бар.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» автомобиль жолында орналасқан көпірді (Бидайкөл ауылына кіре беріс) күрделі жөндеу (193 млн теңге) және «Шиелі-Жемісжидек» автомобиль жолының 14,2 шақырымында орналасқан көпірді (Ә.Тәжібаев ­ауылына кіре беріс) күрделі жөндеуге (305 млн теңге) келісім шарттар жасалыпты. Бидайкөл ­ауылына кіре берістегі көпір пайдалануға берілсе, Ә.Тәжібаев ­ауылына кіре берістегі көпірдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілу үстінде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша кент және елді мекендердің көшелерін жөндеуге 511 млн теңге қаржы бөлінген. Бұған қоса, кентішілік көшелерді жөндеуге облыс әкімінің тікелей қолдауымен облыстық бюджеттен 563 млн теңге қаржы қаралыпты. Сондай-ақ Сұлутөбе елді мекеніне кіре беріс жолды күрделі жөндеуден өткізуге 264 млн теңге қаржы жұмсалмақ.
Қоса кеткен жөн, «КАП ­логистик» ЖШС-нің «Шиелі-Сұңқар» филиалының Еңбекші жолының 13 шақырымына 2 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жоспарланған. Биыл 6 шақырымын жөндеу үшін 1 млрд теңге, одан өзге аудандық вокзалдан Көкшоқы мөлтек ауданына баратын темір жолды жөндеу үшін 300 млн теңге, кенттегі Ж.Тұрабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдарын орнатуға 38 млн теңге қаржы қаралыпты.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
27 наурыз 2023 ж. 173 0