Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОС ЖОБАНЫҢ ЕРТЕҢІ МЕН БҮГІНІ

ҚОС ЖОБАНЫҢ ЕРТЕҢІ МЕН БҮГІНІ

Ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жас мамандарды тарту үшін сапалы материалдық-техникалық база, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым құрылуы тиіс. Осы орайда «Ауыл – ел бесігі» және «Дипломмен – ауылға!» жобалары турасында қалам тербемекпіз.
2019-2021 жылдары ауылды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасына 206 млрд теңге бөлініпті. Алайда миллиардтардың жұмсалуынан бөлек бағдарламаның құрылымына қатысты шикіліктің болғанын жасыруға келмес. Ұлттық экономика министрлігі таратқан ресми мәліметке сенсек, өңірлік стандарттар жүйесіне енетін, ауыл халқы үшін өмір сүруге қолайлы (ыстық сумен қамтылған, интернеті қолжетімді) 24 ауыл және аудан орталықтарында 32 елді мекен бар екен.
Комитеттің мәлімдеуінше, «Дипломмен – ауылға!» жобасы іске қосылған 12 жылдың ішінде 85 мыңнан астам маман 14,1 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алған. Ал 40 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 123,5 млрд теңге көлемінде несие берілген.
Жобаға 6 316 ауылдық елді мекеннің ішінен 3,5 мың ауыл іріктелген. Оның ішінде 1 173 тірек ауыл және 2 388 серіктес елді мекендер. Алайда үш жыл ішінде бағдарламаның игілігін тек 665 ауыл ғана көрген, яғни 18 процентінде ғана ілгерілеу болған. Ал алдағы төрт жылда жобамен 2 870 ауыл қамтылмақ. Ойлап қарасақ, жобаның әу бастағы мақсатының орындалмай қалу қаупі басым.
«30 жылда мемлекеттен қолдау көрмеген ауылдар бар. Республика бойынша 6 293 ауылдық елді мекен болса, оның 4 мыңы орталықтандырылған су құбырына қосылған. Ал екі мыңға жуық ауыл сусыз қалады деген сөз. «Ауыл – ел бесігі» жобасында бұл ауылдардың болашағы жоқ деп көрсетілген бе? Жобаға кірмесе, бұл ауылдар ешқашан ауызсуға қол жеткізбей кетеді деген сөз ғой. Ал кейбір инфрақұрылымы бар ауылдарға тағы да құрылыс салуға ақша бөліп отырмыз», – деген болатын басылымға берген сұқбатында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов.
Ағымдағы жылы аудан бойынша «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде республикалық бюджет есебінен 1 515 343,0 мың теңгеге 8 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде осы жылы Талаптан ауылдық округі, Балаби ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына 377989,0 мың теңге қаржы қаралды. Талаптан спорт мектебінде 200 бала 4 секция бойынша дәріс алуда. Көкшоқы спорт мектебінде футболдан 80, волейболдан 80, фитнестен 32 , шахматтан 108 дәріс алуда. Сонымен қатар күнделікті кешкі сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін және 21:00-ден 23:00-ге дейінгі уақытта кент тұрғындарына спортпен шұғылдануына мүмкүндік жасалған. Бестам ауылдық округі, Бестам елді мекенінің ауыл ішілік жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына 101996,0 мың теңге, Керделі ауылдық округі, Н.Бекежанов елді мекенінің ауыл ішілік жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына 323256,0 мың теңге қаржы қаралған. №45, 148,149 орта мектептерінің жылыту қазандығын газды отынға ауыстыруға 100932,0 мың теңге қаржы қаралды.
Айта кету керек, «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 37 мың жұмыс орны ашылмақ. Биыл 9 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Топшылай келе, жоба жетілдіруді қажет ететіні айдан анық. Аталған жобаны кемшін тұстарын тізіп жазуға да болар еді. Бірақ біз жазбай-ақ, айтпай-ақ өздеріңіз анық көріп жүрсіздер. Бір сөзбен айтқанда, қос жобаға бөлінетін бюджеттің жұмсалуына ашықтық, нақтылық қажет-ақ.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы кешені салалары бойынша білім алған жас мамандар ауылға барып жұмысқа орныға алады. 11 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаның жағымды тұсы – жұмысқа орналастырып, оған қоса қаржылай қолдау білдіретіні. Дипломмен ауылға аттанған маманның бәріне көтерме жәрдемақы беріледі. Келісімшарт бойынша 3 жыл сол жерде жұмыс істеуі тиіс. Мерзімі аяқталмай тұрып жұмыс ауыстырса, жәрдемақыны қайтарады. Бұл – бәріне бірдей берілетін көмек.
Осы бағдарламаға қатысты ауданда айтқарылған жұмыстарды сөз етсек. 2022 жылға «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алу үшін 4 млн 594 мың 500 теңгеден 108 маманға 496 млн 206 мың теңге бөлініп, толығымен игеріліпті. «2009 жылдан 2020 жылға дейін 701 маманға көтерме жәрдемақы берілді. Оның ішінде білім беру саласы – 460, денсаулық саласы – 208, мәдениет саласы бойынша – 9, АӨК (ветеринар) саласы – 11, спорт саласы-9, әлеуметтік сала – 4 болса, 2010 жылдан 2022 жылға дейін 885 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит берілді. Оның ішінде білім беру саласы – 448, денсаулық саласы – 273, мәдениет саласы бойынша – 15, АӨК (ветеринар) саласы – 18, спорт саласы – 16, әлеуметтік сала – 5, мемлекеттік қызметшілер – 2 маманға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй сатып алуға 29, көтерме жәрдемақыға 573 маман кезектілікте тұр», – дейді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі КММ-нің жетекші маманы Ғазизи Ергазина.
«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, ауылдағы ағайын қалаға жағдайдың жоғынан көшіп жатыр. Ауылды дамытуға бағытталған жоба толық зерттеліп барып қана жүзеге асса, бүгінгідей шикі тұстарын тізуге қолымыз бармай отырмас еді. Ауыл қаланың асыраушысы екенін қаперге алсақ, еліміздегі бұғаусыз кеткен бағаларды сол алыстағы ағайынды жұмыспен қамту арқылы жүгендей аламыз. Ал егер мемлекет мерейін өсіретін ауылдар сол күйі қала берсе, бүгін, ертең өсіп-өркендеуіміз не ғайбыл?! Жалпы осы қос жобадан ауылдағы ағайынның үміті мол. Сол себепті ауылдың көсегесі көгерсе игі.
11 желтоқсан 2022 ж. 896 0