Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІКТІ ВЕТЕРИНАР – БЕКАРЫС

БІЛІКТІ ВЕТЕРИНАР – БЕКАРЫС

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылды төрт түліксіз әсте елестете алмассыз. Атакәсіпті жалғап, күн көріс көзіне айналдыра білу де оңай емес. Ал осы қараша халықтың төрт түлігін аман-сау сақтап, аурудан арашалау нағыз ветеринар маманының қолынан келеді. Осы үдеден табылып жүрген мал дәрігері – Бекарыс Байділдә.
Кейіпкеріміз жастайынан төрт түлікке жақын өскен. Мектеп табалдырығында жүрген кезде-ақ есік алдына тауық, қозы-лақтарды жинап, қажетті емдерін өзі жасап үйренген. Сөйтіп, 2015 жылы мал дәрігері оқуына түсіп, 2018 жылы білімін тәмамдап, ауылға келіп жұмысқа орналасады. Жұмысқа тұрғанына көп болмаса да, «Отан алдындағы борышын өтеу азаматтық парызым» деп, әскер қатарына аттанады. Мойнындағы аманат жүгін орындап, ауылға келіп қайта жұмысын жалғастырады. Жұмысына тиянақты Бекарыс Сейдахметұлын ауылдастары мақтан тұтады. Бастаған ісін аяғына дейін орындау оның азаматтық парызы іспеттес. Осы қағиданы ұстанған кейіпкеріміз ауылда мал ұстайтын ағайындардың ерекше құрметіне бөленген.
Атқарған тірлігі таудай Бекарыс Байділданың алдағы жоспары да ауқымды. Оның айтуынша, ауылдағы ағайынның жиған-тергені төрт түлік мал. Оны күн көріске айналдырып отқандары да табылады.
– Ұялы телефоныма үздіксіз қоңырау түседі. Жұмыс уақытынан тыс деген қағида болмайды. Ауру сағаттарға, күн мен түнге қарамайды. Ал осындай сәтте қоңырау түссе, қажетті дәрі-дәрмегімді алып, емдеуге кірісемін. Жұмыс болған соң қиындығы да, қызығы да болады. Алайда өзім сүйіп таңдаған мамандық өзіме ұнайды. Қазақта «Малы саудың – жаны сау» деп жатады. Міне ауылдағы ағайынның қажетіне жарап тұрсам, еліміздің дамуына өзімнің кішкене үлесімді қосқаным деп ойлаймын, – дейді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанына биыл 14 жылға жуықтады. Бұл бағдарлама ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шаралары бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. ­Бекарыс Сейдахметұлыда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы баспанасыз жүрген жас мамандарға өте тиімді екенін айтады. Одан бөлек, бағдарлама бойынша 2 миллион 975 мың теңге көлеміндегі қаржыға баспана алғанын және айына қажетті сомасын төлейтінін тілге тиек етті.
– Ата кәсіпті айналдырып келе жатқаныма 10 жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі уақытта сиыр мен жылқыны қатар көбейтіп жатырмын. Күнделікті жұмысымыз малдың соңында өтеді. Соның жем-шөбі, дәрі-дәрмегі дегендей. Малдың ауырып, мазасы болмай тұрғанын білеміз. Бірақ оның қай жері ауырып тұрғанын біле алмаймыз. Осындай сәтте ауылдың мал дәрігері болып жүрген Бекарыс Сейдахметұлына хабарласамын. Кейде түн асты хабарласып қалатын сәттер болады. Жұмыс уақытына қарамай малдың ауруын тексеріп береді. Жас маманның атқарып отырған жұмысын ауыл тұрғындары да жоғары бағалайды. Көңілі жайсаң, ісі мақтан жас маманның жұмысына көңіліміз тоқ, – дейді Еңбекші ауылының тұрғыны Қанат Сәруарұлы.
Ол тәжірибелі мал дәрігері болған Әлімхан Ерғалиұлынан көп сабақ алғанын айтып, ұстазына алғысын жеткізуді де ұмытпады. Ендігі мақсаты – жұмысқа тиянақты қарап, ауыл халқының алғысын алып, пайдасын тигізу. Одан бөлек шаңырақ көтеріп, ата-анасының қолын ұзартуды да алдына мақсат етіп қойған. Бекарыс сияқты өз жұмысына ұқыптылықпен қарайтын жастар қоғамға әр кез пайдасын тигізетіні сөзсіз. Ал осындай белсенді жастардың арқасында аймақтың дамитыны айтпаса да түсінікті.

Сөз соңы: Иә, тілі жоқ, төрт түлік малдың ауруын табу да оңай емес. Алайда осындай салада еселі еңбек етіп жүрген кейіпкеріміздің тынымсыз тірліктің адамы екенін көз көріп жүр. Бүгінде аудандағы ветеринар мамандардың жұмысы ақырындап дұрысталып, оларға жүктелген жауапкершілік те жоғарлауда. Мамандар қазір малдардан қан алып, уақтылы вакциналарын салып, емдеу жұмыстарын жүргізуде. Осылайша жануарлар әлемінің саулығын қызғыштай қорғайтын мал дәрігерлерінің де мәртебесін назарға алуымыз керек-ақ.

Дархан БАЙТІЛЕС

15 қараша 2023 ж. 227 0