Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолы алтын хирург

Қолы алтын хирург


Қыркүйек айының үшінші жексенбісі хирург дәрігерлер күні ретінде белгіленген. Сан түрлі ота жасап, адам жанының инженері саналатын хирург дәрігерлердің еңбегін ел айтпаса да біледі. Ал, «ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине, денсаулық. Осы «олжаны» сізге сыйлайтын, аурудан айықтыратын медицина қызметкерлері. Солардың бірі – білікті дәрігер, білгір хирург Бақытжан Демеуов.
Өз ісінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, емхананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлық пен салмақтылықты серік еткен Б.Ғалымжанұлы адам жанының инженері іспеттес. Осы саладағы әрбір маманның жанкешті еңбегі – талай науқасты аман сақтап қалып, олардың өмірі мен денсаулығы үшін күрес жолында күн-түн демей жүретін нәтижелі қызметінен аңғарылатыны сөзсіз. Дәрігерлерге мың сан адамның алғысы күн сайын жауады. Әлбетте, оңай мамандық емес. Бүкіл уақытыңды сарп етіп, өз ісіңнің кәнігі шебері болуды талап ететін мәртебелі мамандық. Сондай ақ халаттының бірі – Бақытжан Демеуов дер едік.
Иә, асылы ықылым заманнан бері қоғамдық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс – тұлғалардың жаратылысы ерекше болып, көпшілік ортада Құдай берген қадір-қасиетімен бала кезден-ақ танылатындығында. Сөйтіп, жастайынан көзге ілігіп, қай істе де мақсат қояр мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығын аңғаруға болады. «Шиелі ауданаралық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының «Емхана» бөлімінің хирург, эндоскаписті Бақытжан Ғалымжанұлы ұлттық дәстүрде тәрбиеленген, өз ісін жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан білікті маман. Ол Бәйгеқұм ауылындағы №251 мектебін 2000 жылы бітіріп, сол жылы Ақтөбе қаласындағы «М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина» академиясының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Жастайынан адам жанына араша болуды мақсат еткен ол 2009 жылы дәрігер маман атанып шығады. Алғашқы еңбек жолын 2009 жылы Шиелі аудандық ауруханасының «Хирургия» бөлімінде дәрігер хирург болып бастайды. Білікті, тәжірибелі мамандармен қатар жүріп, білімін теория жүзінде шыңдай түседі. Одан әрі 2010 жылдан 2016 жылдар аралығында «Қазатомөнеркәсіп-Демеу Шиелі» филиалының Медициналық санитарлық бөлімінде хирург дәрігер болып жұмыс істейді. 2016 жылдан қазіргі таңға дейін кәсіпорынның «Емхана» бөлімінде жоғары санатты хирург, эндоскопист дәрігері болып абырой биігінен көрініп келеді.
– Ота жасау оңай іс емес. Хирург дәрігер болу жұмыста кешкі алтыға дейін ғана жалғасатын кәсіп емес, ол күні-түні жұмыста болу деген сөз. Сырқаты жанына батқан науқастың жанына шипа, көңіліне медет болу да біздің міндет. Бұл дүниедегі басты байлық саналатын денсаулықтың қадір-қасиетін ұғындыратын маман иесі болғандықтан салауатты өмір салтын ұстануды үнемі айтып жүреміз» – дейді Б.Демеуов.
Қателесуге болмайтын, адам өмірін алақанына салып, мыңдаған ота жасаған кейіпкерімізге бас дәрігер Нұрлан Әмір «Бақытжан білікті маман. Қызмет атқарып келе жатқан жылдар ішінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Алдын ала жасалынған медициналық жұмыс жос­парын уақытылы орындап отырады. Қосымша ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласады. Өзі жұмыс жасап отырған ұжымда және аймақ халқы арасында сыйлы, беделді. Үнемі білімін жетілдіріп жүреді. Алдағы уақытта да өз ісінің маманы ретінде қызметкерлерге және халыққа көрсетер қызметі мол деп сенеміз» – деп баға берді. Олай болса, өзінің біліктілігі мен білімімен қаншама өмірдің шырағын қайта жаққан дәрігердің жұмысына сәттілік тілейміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
18 қыркүйек 2021 ж. 675 0