Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сингапурдың саясатын ұстансақ...

Сингапурдың саясатын ұстансақ...

«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демектік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».
Абай атамыздың жетінші қара сөзінде жазылған бірінші мінез туралы жазып өтсек. Осы бірінші мінезбен туған балалар сияқты қазір қоғамда тек ішсем, жесем деген ниетпен жүрген жандардың қарасы көп-ақ. Яғни, олар екінші мінезбен туған бала сияқты өз елінің өркендеуіне үлес қосудан гөрі өзінің қара басының қамын күйттеп, мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырып, біреуден пара алып, біреуге пара беріп күнелтіп, жемқорлықтың жеті сатысына бірақ көтерілген әккі ұрыға айналғандар. Осындай жандардың кесірінен тәуелсіз ел атанған кең байтақ қазақ жеріміздің экономикалық өсуі кеңге қанат жая алмай келеді. Жегі құрттай жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою үшін Сингапур елінің саясатын ұстансақ біздің ертеңгі күніміз басқаша өзгерер ме еді бәлкім. Ол қалай десеңіз айта кетейік.
Сингапурдың премьер-министрі болған Ли Куан Ю билікке келгенге дейін бұл ел жемқорлықтан көз ашпаған ең кедей халықтар тізіміндегі ел болатын. Бұл елдің дамуына өз елінің мемлекеттік қызметкерлерінің жемқорлығы тегеурін болды. Сол үшін билікке келісімен Ли Куан Ю ең алдымен жемқорлықпен күресті қолға алып, парақор басшылар мен қызметкерлерді заң жүзінде жазалап, абақтыға жапқызды. Ол тіпті өзінің жақын досы мен бауырын жемқорлық әрекеті үшін темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығарған деген де деректер бар. Бұл жайында Ли Куан Ю өзі былай деген екен: «Егер сіз жемқорлықты жеңуді қаласаңыз, достарыңыз бен туыстарыңыздан әрқашан да бас тартуға дайын болыңыз» деген екен. Төле бише айтсақ: «Тура биде – туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ» дегенге сайып келеді. Осы қағиданы ұстанған Ли Куан Ю өзі мемлекетін басқарғанда жемқорлықпен күресті ең бірінші мәселе етіп қойып, 31 жылдың ішінде өз елін әлемге үлгі қылатын бай әрі жемқорлықсыз мемлекетке айналдырды. Ол үшін Сингапурда мемлекеттік қызметкерлер мен судьялардың, дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің жалақыларын бірнеше есе өсірді. Осылайша Сингапур қазіргі таңда өзге елдерге үлгі бола алатын, жемқорлықсыз елдердің ең үздік үштігінің қатарына енді.
Бізде де осы үрдіс енді-енді өз жолын табуда. Үстіміздегі жылы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы едәуір көтерілді. Алдағы уақытта біздің ел де жемқорлықты жеңіп, Сингапур елі сияқты өзге мемлекеттерге үлгі боларлық халге жетер деген үміттеміз.

Сайпырхан Ахметов.
Шиелі аудандық Қазынашылық басқармасы
Бас маман бас қазынашы
06 қараша 2023 ж. 158 0