Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен еленген, халық құрметіне бөленген

Еңбегімен еленген, халық құрметіне бөленген

– Жасы жетпіске келген адам жарықтық дарабоз ақын Мұқағали Мақатаевтің мына бір шумақ өлеңін оқығанда, қандай күйде болады екен?
... Болмағандай, жүрмегендей
сенде, біз,
Келеміз-ау, әй, кетеміз... пендеміз.
Ұрпақтарға беремізде кезекті,
Біз кетеміз, кету үшін келгеміз...
Әрине, ойланасың, толғанасың. Өмірге неге келдім, не істедім, не істеуім керек еді? Артыма, ұрпағыма қандай жақсы істер қалдырдым? Намысымды, арымды, ұятымды күлкі етпедім бе? Қоғам алдындағы болмысым қаншалықты болды? Отаным, елім үшін еткен еңбегім еленді ме? Оған куә замандастарым, дос-жарандарым не дейді? Халық алдындағы борышым мен парызымды өтей алдым ба? Әлде, «Бір бала атаға жете туады, бір бала атадан өте туады, бір бала кейін қарай кете туады» деген қазақ мәтелінің айналасында қалдым ба? Кезінде кімсің? Мақаш болдым. Дана Абайдан асырып кім айтқан? «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп. Біреуі – білсем екен демекілік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, соған құнығып, аузына салып, дәмін татып, қарап, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ер жетіңкірегенде, ит үрсе де, мал шуласа да, біреу келсе де, біреу жыласа да, тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?», «ол неге өйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» – дейді.
Мен өзімді «білсем екенге» жатқызамын. Өйткені, менің Манап әкем қатал, талапшыл, шыншыл болатын. Жанымыздан таспа тілетін. Данашпан бабамыз Жүсіп Баласағұнның ... «Қатал ұста, бос жүрмесін сандалып, Тәртіп болса, өсер бала сомдалып» деген сөзін жаттап алғандай, ұл-қыздарына қатал болып, адамгершілікке тәрбиеледі. «Ақ жаулығы ананың – Ақ көрпесі баланың» дегендей, анамыз Күлбарам да дүниеден озғанша «бір-біріңе мейірімді, тату-тәтті болыңдар» деп отыратын. Әкемнің де, анамның да өсиеттерін орындауға тырыстым. Ер жеттім, елге қызмет еттім. Бір кісідей жұмыстар атқарған сияқтымын. Қартайғаным емес, қызметте жүргенімде маған жолығуға жақындай алмай, қолдары жетпей жүрген кейбір жігіттер мұрындарын шүйіріп, амандасуға жарамай, «енді керек емессің» дегендей, қарамай жүргені менің жаныма қатты батады. Олар кезінде алар атақтарын алып алған болу керек. Сосын өзгені не қылсын? Мені де қынжылтатын осы мәселе. Әділдік жоқ жерде әділетсіздер үстемдік құрады. Бұрын есігімді тоздырған ағаларым да, інілерім де үнсіз. Мұқаш қайдасың? демейді, іздемейді.
Біз зейнетке шыққалы қай заман? Отбасы жағдайымызға орай «Бидайкөл» ауылынан Шиелі кенті орталығына көшіп келгеніме де біраз жыл болды. Тым-тырыс. «Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек» деп мен де Құдай қосқан қосағым Айбала жанында үнсіз, тыныш отырмын. Менен де басқа көзге ілінбей жүрген еңбек ардагерлері көп екенін білемін. Жақсылық-жамандықтарда жолығып қаламыз. Олар да еңбегіне қарай еленіп жатса, бұйырған марапаттарын алып қуанса, одан артық бізге не керек? Мен «Гигант» колхозында төраға, «Ынтымақ-Г-Т» ЖШС-де директор болғанымда сен Бала би ЖШС-де төраға ретінде әріптес болдық. Сен мені жақсы білетіндіктен іздеп келдің деп ойлаймын. Қиын кезеңде жұмыс жасадық, ауылымызды сақтап қалдық. Ол да бір тарих.
– Мұқаш, дұрыс айтасың. Қазір совет одағы емес. Нарықтық капитализм заманында өмір сүрудеміз. Жасыма, налыма, түнеріп түңілме. Бәрі жақсы болады. Ертегідегідей «үш рет жақсы болады» десең, Алла тағала тілеуіңді береді екен. Мен сені үнсіз тыңдадым. Енді мен сен туралы айтайын. Сенің бетке айтатыныңды, шындық үшін күресетініңді, ауылыңның гүлденуі мен экономикасының дамып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы еңбектеріңді, азаматтығыңды жақсы білемін. Сөзіңнен біреулерге ренішіңді аңғарып қалдым, неқыласың. Жауап­сыз адамдарға бас июдің қажеті шамалы. Еңсеңді түсірме. Баяғыңша шалқайып жүр. Кезінде кім едім? дедің ғой, оның рас, оны халық біледі, ауылың да, аудан тұрғындары да оң пікірде. Сенің есімің төлқұжатыңда Мұхамедәлі болғанымен, ел-жұртыңа Мұқаш атыңмен танылдың. Сол тұстағы аудан әкімдерімен, ­Константин Хван, Пердәлі Архабаев, Марат Нұрымбетқожаев, Сұлтанбек Оразымбетов, Каналбек Тәжіков ағаларыңмен сыйластықта, жақсы қарым-қатынаста болдың. Өмір де ауа райы секілді, құбылып тұрады. Кім білсін? «Адамның адамнан айырмашылығы адамгершілігінде, жылқының жылқыдан артықшылығы бір асым етінде» деген де сөз бар. Сен жасыңнан көпшіл болдың, елге, айналасына сыйлы Манаптай әкеден тәрбие алдың. Біреудің ала жібін аттамадың. Тағдырдың маңдайыңа жазғанын пешенеңнен көрдің. Бәрін көтердің. Сол кезде сен қызмет көрсеткен жақындарыңның, сыйлас дос-жараңдарыңның көбісі теріс қарағаны анық. Сенің ұзақ жыл күйзелісте болғаның осының салдары демеске кім кепіл? Содан да қоғамнан алшақтап қалдың.
Менің бүгінгі кейіпкерім Нұрсейітов Мұхамедәлі Манапұлы 1995-2010 жылдар аралығында ауданға айрықша еңбегімен танылған ауыл басшысы болған, інісі, бауыры Пышан (Мұхамедқали) бүкіл аудан көлеміндегі шаруашылықтарды кезінде жанар-жағар маймен қамтамасыз етіп, аудан үшін жанқалтасынан 60 млн. теңгесін жаратып, демеушілік жасаған абзал азамат еді. Тектілік пе, ептілік пе? Сол қиын-қыстау заманда ерлікпен парапар іс болатын. Ондай жақсылықты көзі тірі төрағалар ұмыта қоймас. Жандары қысылғанда көп жігіттер Пышанға жолай алмағасын, сен арқылы жақындағанын да жақсы білеміз. Майсыз жер айдалмай, егін егілмей, піскен күріш алқабың орылмай қалатын кез еді. Ауыз судай қат еді ғой!
М.Манапұлы 1950 жылы 15 маусымда Гигант ауылдық округі («Бәйтерек»), «Бидайкөл» ауылында дүние есігін ашқан. Әкесі Манап ауқатты, қарапайым, қайырымы мол еңбек адамы, ардақты ел ақсақалы болса, анасы Күлбарам көп балалы «Батыр ана» болған. Мұхамедәлі 1956 жылы бастауыш мектепке барып, 1966 жылы Шиелі кентіндегі №45 қазақ орта мектебінің 10-сыныбын бітіріп шығады. 1966-1968 жылдары «Гигант» колхозында колхозшы болып жұмыс істеп, 1968 жылдың шілде айынан бастап колхоздың жолдамасымен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, 1973 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша жоғары білім алады. Еңбек жолын туған ауылына келіп, қайта жалғастырады. 1973 жылдың тамыз айынан 1974 жылдың тамызына дейін аға мал дәрігері, 1974-1977 жылдары ауылдың бас мал дәрігері, 1977-1987 жылдар аралығында ірі қара цехының бастығы, 1987 жылдан 1995 жылға дейін колхоздың бас мал дәрігері қызметтерін абырой биігінде атқарады. Қажырлы еңбегі арқасында 1995-1997 жылдары орденді «Гигант» колхозы төрағасының орынбасарлығына сайланады. Жекешелендіру жылдары етек жайған 1997-2010 жылдар аралығында «Бидайкөл» және «Ынтымақ Г-Т» ЖШС-нің директоры, бас директоры қызметтерінде іскерлік танытады. Биязы, қанағатшыл іскер басшы халық көңілінен шығып, 1994-1999 жылдары бірінші және екінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланады. Саналы ғұмырының тәтті шақтарын еңбегі арқылы халқына, сайлаушыларына арнайды. Шындықты – шын, ақиқатты – ақиқат дейтін ер мінез Мұқаш, депутаттық мандатына да парасаттылықпен, азаматтықпен, адалдықпен қызмет ете білді. Ол 2010-2013 жылдары аудан орталығына келіп, «Демеу-Шиелі» ЖШС-де көркейту-көгалдандыру шебері болып, «Көкшоқы» елді мекенін көгалдандыру, абаттандыру, көркейту жұмыстарына атсалысады. «Артыңда мал емес, ағаш қалдыр» қағидасын іс жүзіне асырады. Еліне елеулі елу жылдай ерен еңбегімен танылған Мұхамедәлі Нұрсейітов ұмытылып қалды дегенге кім сенеді? Мұқаш сол қалпы. Келбеті келіскен, сыпайы, сабырлы, қарапайым қалпы. Қабағының сәл түйілгені болмаса, сымбатты ер жүзінен ештеңе байқалмайды.
Туасы өмірде еңбекпен есейген жігіттер, ақсақал шақтарында да мәрттік танытып, айналасына адамгершілік нұрын шашып, жақсы қартая білудің жолын меңзегендей көрінеді. Мұқаштай ақсақал – абыздарымыз қаншама? Тек оларды көре біліп, елеу керек. Арлы еңбек ардагерлері сыртта емес, арамызда, ортамызда, ауданымызда, ауылымызда жүр. Олар – қандай болмасын құрметке де, марапатқа да сұранып тұр. Біздегі жаман әдеттердің бірі – ауылдағының ауызы сасық. Болды. Себеп пен салдар, жақсылық пен жамандық секілді қатар жүреді. Қайсысы алдыңнан шығатынын бір Алла өзі біледі екен.
Мұхамедәлі мен Айбала екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұрпақтары бір қауым ел болды. Бұлардан тараған 22 немере мен 2 шөбере «аталап», «әжелеп» алдарынан жүгіріп шыққанда, екеуінде де ес қалмайды. Бұл көл-көсір бақыттың нышаны. Бақыт құшағындағы Мұхамедәлі ата мен Айбала әже қызықты өмір көшіне ілесіп, Шиелінің тәуір жаңалықтарына қолдау білдіріп, сәттілік тілеп келеді. Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хаттары» мен «Құрмет грамоталары» жетерлік. Ол М.Нұрсейітовтің ерен еңбегіне берілген халық алғысының белгісі. Ұрпағына өнеге, үлгі болып қалар мұрасы. Отбасының мақтаныш тұтар қуанышы.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
29 маусым 2021 ж. 717 0