Көліктер қызық балаға
Хәкім Абай «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды.
Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе де соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп «Ол немене?», «Бұл немене?» деп , «Ол неге үйтеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары» деп адам баласының екі түрлі мінезін тайға таңба басқандай айтып берген еді. Расында, баланың әлемі басқа. Олар әр сыбдырға, әр қимылға таңданыспен, қырағылықпен қарайды. Табиғаттағы әрбір жаратылысты танып-білуге ұмтылады. Соның арқасында бұғанасы қатпаған бүлдіршіндердің ой-өрісі дамып, қиялына қанат бітеді. Міне, осы мақсатта 18 ақпан күні аймақтық балабақшалар арасында «Қызықты математика әлемі» атты семинар өтті. Ол кенттегі №9 Жансая бөбекжай-бақшасында ұйымдастырылды. Семинарда аталған балабақшаның тәрбиешісі А.Аманбайқызы көліктер тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырды.
Ашық сабақтың негізгі мақсаты – балалардың көлікке деген қызығушылығын оятып, ойын ұшқыр ету. Сабақ барысында бүлдіршіндер көлік туралы әртүрлі сұраққа жауап берді. Сондай-ақ көліктер арқылы геометриялық пішіндермен де танысты. Қызыққа құмар бүлдіршіндер үшін сабақ көңілді әрі пайдалы өтті. Семинар соңында А.Аманбайқызына №9 «Жансая» бөбекжай-бақша меңгерушісі Шолпан Төлегенова мақтау қағазын тапсырды.
Ақерке ШЫҢҒЫС