Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Паразиттер

Паразиттер

Бай мен кедей. Бүкіл әлем халқын бөле жаратын осы ұғымды кинотуындысына арқау еткен Оңтүстік Кореяның режиссері Пон Чжун Хо әлемге әп-сәтте танымал бола шықты. Бірі жертөледе, енді бірі зәулім сарайда ғұмыр кешетін екі отбасын бейнелеген екі жарым сағаттық «Паразиты» фильмі неліктен 4 мәрте «Оскар» сыйлығын иеленді? 2020 жылдың басты сыйлығы бұйырған бұл фильмді көрдіңіздер ме?
Кедейліктің қамытын киген қарапайым Ким Китхэк есімді әке мен Чхунсук есімді ананың 1 ұл, 1 қызы бар. Көпқабатты үйлердің жертөлесінде жан баққан жанұяның жағдайы мүшкіл еді. Алайда, жан бағу үшін адам бәріне де барады. Пиццаның қорабын жинап күнелткен олар жоғары қабаттағы тұрғындардың вайфайын пайдалану үшін қалта телефонын қабырғаға іліп, аядай жерде өріп жүрген тарақанды жою үшін көшеге у шашқанда терезесін ашып, лас жертөлені бір тазартып алатын. Осылайша кедейліктің кермек дәмін татқан Ким әулетінің ұлы Киуге бір күні өзінің досы Мин келіп, бақыт пен баққа жол ашатын үлкен «тасты» әкеліп, сыйға тартады. Өзінің шетелге кетіп бара жатқанын алға тартқан досы өзінің орнына дәулетті Пак әулетінің қызына ағылшыннан қосымша сабақ үйретуге баруын сұрайды. Одан әрі жалғыз шындықты жасыру үшін қаншама қулық өрбиді. Әпкесі сызу, сурет салуды жақсы меңгерген. Дем арада жалған құжат әзірлеп, інісін байдың зәулім сарайына жібереді.
Екі тап өкілі арасындағы жағдайдың жер мен көктей айырмашылығын аңғарған Киу байдың алты жасар баласына бейнелеу өнерінен сабақ беру үшін әпкесін шақыртады. Одан әрі әкесін Ким мырзаның жеке жүргізушісі, анасын сол үйдің қызметшісі ретінде жұмысқа қабылдауы үшін түрлі айла ойластырады. Бұрынғы қызметшілерін жұмыстан шығартудың себептерін іздеп, сан түрлі сұмдыққа барады. Алайда, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін аңғартатын фильмде бұрынғы үй қызметшісі Мунгван­ келіп, өтіріктері әшкере болады. Ол қызметшінің бай үйіне қайтып келуі несие алып, қарызға батқан күйеуінің жертөледе 3 жыл бойы жасырынып жатуы еді. Тригокомедия жанрында түсірілген кинотуындының соңы қайғылы оқиғамен аяқталады. Дәулетті Пактың да өлімі сол кедей тап өкілінің үстінен шығатын жертөле иісін жақтырмауымен тікелей байланысты еді. Расында да, Корея елінде бай мен кедей түсінігі өте кең ауқымда таралған. Таптық бөлініс тайға таңба басқандай білініп тұрады. Салтанат құрған зәулім сарайда тұратын байсымақтардың, жертөле паналаған мүсәпірлерге көз алартып, көкірек керуі астыртын жеткізілген.
Иә, адамзат баласы жаратылғалы бері бай мен кедей болып бөлініп келеді. Ал сол байлықтың өзі көп жағдайда ақылмен, еңбекпен келеді. Кежегесі кері тартқан, нағыз жалқау, жатыпішер жандар өмірінде жарымай, өзгеге телміріп, көзін сатып өтеді. Сол секілді 2019 жылы түсірілген, бұл фильм біраз жанның психологиясына параллелизм ұялатты. Жанарға күлкі, санаға күдік туғызатын бұл туындының ерекшелігі шындықты шыңғыртып жеткізуі. Ал қазақ қоғамындағы бай мен кедей арасын хакім Абай 28 қара сөзіне арқау еткен екен. «Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді – бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: Құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс деп». Міне, осылай ойын сөз басында-ақ нақты жеткізген ұлы ақын жақсылы жаманды істің бәрін Алланың бұйрығы деп тану білімсіздік дейді. Ол
«...«Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе...» деп ой қорытуы бекер ме? Жоғарыда айтып өткен фильм неліктен «Паразиттер» деп аталады? Сонда паразит кім? Халық көзайымына айналған фильмнің психологияға ауыр әсер еткені рас. Алайда, кинотуындының соңы Киудің бай болуды армандауымен бітуінде де бір мән бар.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

25 ақпан 2020 ж. 673 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930