Қарағандыда жертөледе «бұлақ» пайда болды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда көпқабатты үйдің жертөлесінде белгісіз жерден су шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Суды тартып алдық. Комиссия тексеріс барысында оның сынамасын алды. Нәтижесінде қара су екені анықталды. Біз зертханалық талдаулардың тағы бір нәтижесін күтеміз. Су ешқайда кетпей, орнында тұр. Егер бұлақ болса, ағып кетер еді», - дейді Қарағанды қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы Рүстем Қожақапанов. Белгілі болғандай, көпқабатты үйдегі шалшық су екі жыл бұрын пайда болған. Үйдің тұрғындары осы уақыт аралығында үйдегі су тарту, кәріз және жылу жүйелерін ауыстырған. Алайда судың пайда болуының түпкі себебі басқада болып тұр. Тұрғындар бұл мәселе шешімін таппаған жағдайда баспанасыз қалудан қорқып отыр. Уақыт өте келе үй құлап түсуі мүмкін. «Барлық сауалдардың жауабын екінші мәрте жасалған талдаудан кейін бере аламыз. Нәтиже белгілі болғаннан кейін ғана бұлақтың пайда болуының себептерін атаймыз» , - деді Р. Қожақапанов
inform.kz