Адамға екі түрлі азық керек
Кез келген халықтың ұлт болып қалыптасып, дамуы үшін рухани ұстындар мен тіреуіштер керек. Онсыз қазіргі жаһандану заманында ұлттың ұлт болып өмір сүруі қиындап барады. Ұлттық құндылықтарымен өмір сүріп, болмысын сақтай білген халықтар ғана мемлекет болып өмір сүріп жатқан жайы бар. Мысал келтірер болсақ, қытайлар – Конфуцийді, өзбектер – Науаиды, түрікмендер – Мақтымқұлыны, қырғыздар – «Манас», якуттар – «Олонхо» жырларын ұлттық идеологиясының негізі етіп алған. Ал қазақ үшін қашанда ұлттық идеологияның негізі – Абай.
Себебі ұлттың келешегі күн тәртібіне қойылған тұста ұлттық болмысты сақтап, өзге алпауыт ұлттардың ассимиляциясына түсіп кетпес үшін арқа тұтар, тірек қылар ұлтымыздың бар болмысын, өзіндік ерекшеліктерін айнаға түсіргендей айқындап, адам болып қалуымыз үшін не істеп, не қоюымыз керектігін айтып, күндей күркіреп, өмірі күңіренумен өткен осы Абай емес пе?! Ақынның ұлылығы сонда, қазақ қандай болуы керек, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған мынадай қилы заманда өз қалыбымызды сақтап қалуымыз үшін не істемек керек деген сауалдарға керекті жауапты оның қаламынан төгілген 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөзден табуға болады. Нақтылайтын болсақ, Абай дегеніміз – қазақ, қазақ дегеніміз – Абай.
Себебі ұлттың келешегі күн тәртібіне қойылған тұста ұлттық болмысты сақтап, өзге алпауыт ұлттардың ассимиляциясына түсіп кетпес үшін арқа тұтар, тірек қылар ұлтымыздың бар болмысын, өзіндік ерекшеліктерін айнаға түсіргендей айқындап, адам болып қалуымыз үшін не істеп, не қоюымыз керектігін айтып, күндей күркіреп, өмірі күңіренумен өткен осы Абай емес пе?! Ақынның ұлылығы сонда, қазақ қандай болуы керек, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған мынадай қилы заманда өз қалыбымызды сақтап қалуымыз үшін не істемек керек деген сауалдарға керекті жауапты оның қаламынан төгілген 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөзден табуға болады. Нақтылайтын болсақ, Абай дегеніміз – қазақ, қазақ дегеніміз – Абай.
Абай ел болып, өсіп-өркендеу үшін ең алдымен бірлік керек деген. Ол «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес».
Адамның адам болып өмір сүруі үшін екі түрлі азық: тән мен жан азығы керек. Абайша айтсақ, «Адам ұғымы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жаннан» тұрады. Мұндағы тән азығы адамның биологиялық тіршілігін қамтамасыз етіп отыратын азық-түлік пен ыстық-суықтан қорғайтын киім-кешек. Ал жан азығы дегеніміз – оның қоғамдағы қарым-қатынастарын, өмірлік мақсаттарын айқындап отыратын өмір сүрудің адамгершілік нормалары. Тән азығы негізгі қозғаушы күшке айналса, адам адамға қасқыр болып, қоғамды дүниеқоңыздық, жемқорлық, әділетсіздік, қылмыс жайлайды. Ал жан азығы алға шықса, адамгершілік салтанат құрғанымен де, елді кедейшілік жайлап, күнкөріс қиындайтын болады. Сондықтан да адамның дұрыс өмір сүруі, қоғамның қалыпты дамуы үшін осы екі түрлі тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап отырудың маңызы зор.
Абай айтады «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Жас бала анадан туғанда, екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік... Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».
Ақынның ойынша көпті көрген, көп ізденген, көп нәрсені ойына тоқыған, жақсы мен жаманды ажырата алатын адам – ақылды адам. Ал ақылсыздық – «ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі» болса, ақылды – жан қуаты күшті адам. Ақылсыздық, білімсіздік – адамның қоры. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің».
Абайдың ұлылығы өз халқының бойындағы кемшіліктерді сынаумен бірге, оны жоюдың жолдарын да көрсете білуінен байқалады. Ақын адам қайткенде адам болып, ұлттық болмысын сақтай алады деген мәңгілік сауалға жауап берді. Ғасырлар бойы жинақталған адамгершілік нормаларын жүйеге келтіріп, тұтас бір «Толық адам» концепциясын жасады.
Ел тұтастығы ой бірлігінен, «ақылға бірліктен» бастау алады деп білген Абай осы идеяларды жүзеге асырудағы сөздің атқаратын қызметін жоғары бағалады. Ең басты шарт – сөз түзу болу үшін ой түзу болу керек. Ақын бір өлеңінде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, халқына үндеу тастайды. Мұны айтудағы себебі – адамды адам қып, елді бірлікте сақтайтын идеялар жасалды. Енді соны дұрыс сөз арқылы сыртқа шығарып, халықтың санасына жеткізіп, әрі қарай жүзеге асыру керектігін алға тартып отыр.
Абай – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген ұлы ақын ғана емес, сонымен қатар қазақтың мәңгілік ойы мен сөзін өркениеттің биігінде тұрып айтқан дала данышпаны да. Қазақтың халық болып жұрт қатарлы өмір сүруі үшін адал еңбек етіп, озық білім мен ғылымды игеріп, ұлттық рухани құндылықтар мен имандылықтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген «Толық адам» болуы керектігін ескерткен де осы ұлы Абай.
Сұлушаш МАДИЯРОВА