Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады.
Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек» деп атап көрсетті.
Әрбір адам өзінің жүріп өткен өмір жолында, сол кезеңге сай ғылымға, технологияға, қоғам өмірінің әртүрлі жақтарына тез бейімделуге, үйренуге, қабылдауға икемді болуы керек. Ол адамның өз мақсаттарына жету жолында тез алға жылжып мақсатына жете алатынын көрсетеді. Білім қай кезеңде болсын маңызын жойған емес, өйткені адамның санасының дамуы, оның өркендеуін қажет етеді. Ол өз кезегінде жаңа білімді қажет етеді. Жан-жақты адамдар, өз саласына жақсы бейімделе алады. Білімнің маңызын өз уақытында түсініп, күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналдырған қазақ зиялы қауымының өкілдері ұрпақты өз заманына сай білімді игеріп, көзі ашық, көкірегі ояу адам ретінде алға жылжуға ұмтылуына барынша атсалысып, армандады. А.Байтұрсынұлы ғылымсыз, өндіріс орындарынсыз қазақтың бар байлығы өзгелердің қолына көшетінін жақсы білді, халықты білімді болуға, бай және күшті болуға үндеді. Елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауды ұсына отырып, ол: «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой; біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» – деп жазған болатын. Осы күн тәртібінен үнемі түспейтін мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде айтылды.
Бүгінде жастарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениетін, ойлай білу мүмкіндігін жетілдіру, сонымен қатар әр адамның кәсіби біліктілігі мен білімділігін, іскерлігін арттыру – әділетті қоғамның міндеті.
Ал аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы:
«Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр
Біріншісі балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын.
Екіншісі немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын.
Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, содан қорқамын» деген екен.
Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірбиесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру. Негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу.
Бала ең бірінші жылулықты ата-анадан іздейді. Бірақ олар жұмысбасты. Бала денсаулығының төмендеуі, әке табысының азаюы, оның асыраушылық, қамқоршылық қабілетіне, бала тәрбиелеу беделіне нұқсан келуі, тұрмыстың қиындығына байланысты жас аналардың жұмысқа шығуға мәжбүр болуы, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауы, ата-аналардың ажырасуы ұрпақ тәрбиесіне толыққанды мән беруді келесі кезеңдерге қалдырып отыр.
Баланың жақсы болып өсуі – тәрбиеден, тәрбиенің дұрыстығы –тәрбиешіден. Ең алғашқы тәрбиеші – ата-ана. Ана тәрбиесі, әке тәрбиесі халық тәрбиесімен сабақтасады. Ғұлама ойшылдарды, ақиық ақындарды, әділ билерді, шешендерді, ел қорғаған батырларды, хандарды да, жырауларды да халық тәрбиелеген.
Шәкәрім атамыздың «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» деген. Құнды қасиеттерге ие рухани адамды қалыптастыру шынында да оның туған кезінен басталса керек.
Ғұлама әл Фараби «Дүниедегі ең оңай нәрсе – ақыл айту, ең қиыны –өзіңді-өзің түсіну» деп ескертеді. Ең бастысы, баланың жан азығына зәру екенін еш уақытта ұмытуға болмайды. Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі – білсем екен деп ұмтылып, одан ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген үлкен пәлсопылық ой жатыр, яғни, балаға туғаннан тән азығы – тамақ қандай қажет болса, жан азығы – жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет. Ал оның қажетін қанағаттандырмай, түпкі мақсат ешқашан орындалмайтыны белгілі жәйт» деп жазды.
Адам өмірге бірдей болып келеді, бірақ өсе келе олардың тағдыры әртүрлі болып қалыптасады. Саналы өмір сүрсе және бәрін ақылға салып, ойлап істесе, оның алдына қойған мақсатына да, байлыққа да, бақытқа да қол жеткізуге болады. Осы кезге дейін құрған қоғамы, жасаған рухани және материалдық байлығы – адамзат сананың жемісі. Сол арқылы адамның дүниетанымы, өмірге көзқарасы, рухани мәдениеті қалыптасады. Рухани саулыққа көңіл қойылған жағдайда адам елмен сыйласады. Ойлау қабілеті жоғары, шама-шарқын білетін, ақылмен іс істейтін өте сезімтал, ұстамды да байсалды, қоғамдағы өз орнын білетін, жауапкершілігіне ұқыптылықпен қарайтын, адамдармен тез тіл табыса алатын, табиғатты сүйетін, қоршаған ортадан хабардар, бақыт дегеннің не екенін түсінетін жан болады.
Балаға отбасы мүшелерінің сөзі, мінез-құлқы ғана емес, ондағы қарым-қатынас ортасы да әсер етеді. Үйде кітап көп болса, отбасы иелері – әкесі мен шешесінің ұстағаны қағаз, қалам, оқығаны кітап болса, ұрпақтар арасындағы байланыс өз жалғасын табады. Баланың болашақта таңдап алар жолы да соған сәйкес болмақ.
Элмира Ілиясова,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
аға оқытушысы,
әлеуметтік ғылымдар магистрі