Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балабақшаның да бағы ашылды

Балабақшаның да бағы ашылды

Ғылым мен білімнің шырағын жаққанда ғана мемлекет дамып, болашақтың кепілі болған жас­тар әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасады. Сондықтан қашанда еліміз үшін білім саласы басты назарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні халыққа арнаған Жолдауында бұл бағытта бірқатар мәселені айшықтады.
«Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде үлкен рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», – деді Президент.
Шындығында, бүгінгі уақытта әрбір бүлдіршін қатардан қалмай, мектепке даярлық сатысынан өтуі қажет. Өйткені, әлемдік үдеріс лебімен білім жүйесінде көптеген реформа жасалды. Соның нәтижесінде уақыт талабына сай жаңа оқу бағдарламалары енді. Ендігі жерде балабақшаның мектеп табалдырығын аттар жас шәкірт үшін ең бірінші баспалдақ санатына енетіні де анық жайт.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажеттігін баса айтты.
«Оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады», – деді Мемлекет басшысы. Оған қоса алдымен балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет екенін ескертті.
«Орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жолдауда айтылған осынау игі бастамалармен қатар көптеген сала бойынша жүргізілетін реформалар алдағы уақытта өз жемісін береді деп сенеміз. Ол үшін, Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір қазақстандық білімді, еңбекқор әрі әділ болуға тиіс. Сонда ғана қуатты ұлтқа, дамыған мемлекетке айналамыз.

Айгүл ЖҰМАҒҰЛ
12 қазан 2022 ж. 322 0