Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ошағында беріледі. Жас ұрпаққа тәрбие беруде бүгінгі бөбекжайлардың маңызы зор. Осы орайда, ауданда бірнеше жеке балабақшаның жұмыс жасайтыны әмбеге аян. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген нақыл қалған. Демек, өркениетті елдердің қатарынан қалыс қалмай, озық отыздыққа енуіміз үшін балалардың жағдайын жасау бірінші кезектегі шаруа. Ал, мектепке дейінгі мекемелердің заманға сай болуы – тәрбие мен білімнің бастауы.
Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – қазіргі замандағы өзекті мәселенің бірі. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген ұрпақ, ендеше жақсы тәрбие ең алдымен балабақшада басталады емес пе? Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер-білімге, рухани-адамгершілікке баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық. Бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны сөзсіз. Біз қанша дамып басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те, бала тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Бала жас тал болса, ал ересектер оған бағбан болуы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан іс. Сәби жанын небір жақсылық нәрімен суару – оны өсіруші, тәрбиелеуші тәрбиешінің міндеті. Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді.
Шиелі кентінде орналасқан «№4 Шұғыла санаторлық бөбекжай-бақшасында» бүлдіршіндерге арналған 90 орын бар. Онда балақайлар 4 топқа бөлінген. Қазіргі заманға сай ғимарат толық жабдықталған. Күнделікті балақайлардың жас ерекшелігіне қарай түрлі танымдық бағдарламалар мен ойындар жүргізіледі. Балабақшада балалар бірі тіл алғыш, бірі айтқанды істемейтін, бірі көңілшек, бірі ашық жайдарлы болады. Яғни, аралас орта құралады. Міне, осылардың әртүрлілігіне мән беріп, жалпы ортақ тәрбие – адамгершілік тәрбиесі беріледі. Мен ортаңғы «Жұлдызша» тобында тәрбиеші болып жұмыс істеудемін. Ең әуелгі мақсатым мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін қолайлы және қауіпсіз білім беру, жағдайларын жасау, балалардың жас және жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларды, рухани -адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп тәрбие беруге тырысып келемін. Баланың ойын кезіндегі белсенділігі, өзара қатынастар жасауы оның дамуына ықпал етеді. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен өте тығыз байланысты. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді аямайық!

Анар Жүсіп
06 ақпан 2021 ж. 2 654 0