Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыдыр дарыған киелі мекен

Қыдыр дарыған киелі мекен

Қазыналы халқына сонау Қорқыт дәуірінің қасиеті қонған шежірелі Шиелі жері 95 жылдық торқалы тойды атап өтпекші. Сонау өткен ғасырдың басында құрылған Шиелі ауданының тарихы бұл өңірдің ғана емес, бүкіл Сыр бойы тарихының, қала берді, қазақ елі, алты Алаш тарихының ажырамас бір бөлшегі болып келеді.
Адамның айрықша болмысы да, дархан дарыны да қасиетті туған жердің топырағынан қалыптасатыны айқын. Сондықтан Шиелі өңірінен көптеген ғұлама ғалымдар, ақиық ақын-жазушылар, таңдайынан жыр төгілген Сыр сүлейлері мен күріштен тау тұрғызған диқандары – өмірі өнегелі адамдардың көптеп шығуы оның шын мәнінде қыдыр дарыған киелі де қасиетті мекен екендігін дәлелдейді деп білемін. Шиелінің өсіп-өркендеуі үшін абыройлары асқақ, еңбектері ерен жерлестеріміз еселі еңбек етті. Бүгінгі келбеті – сол еңбектің дәлелі.
Осы орайда Отан үшін жан қиюға даяр жастардың қатарында майданға аттанып, кейін жеңіспен елге оралып, туған жеріміздің гүлденуіне өзіндік үлес қосқан – соғыс және еңбек ардагері, мемлекеттік және шаруашылық органдарында басшылық қызметте болған әкем Әбілқасым Палымбетовтың болғанын да мақтан етемін.
Бүгінде аудан халқы өмір сүру және бизнес үшін одан да тұрақты және тартымды өңірге айналу үшін инфрақұрылымын жаңарту және дамыту жолында белсенді жұмыс істеп келеді.
Шиелінің тоқсан бес жылдық ғасырлық тойы – мерекенің себебі ғана емес, сонымен қатар оның бай мұрасын қайта қарап, оның келешегі туралы болашаққа бағытталған жүйелі жоспар құру мүмкіндігі. Оның тарихы мен жетістіктері жергілікті тұрғындары мен қонақтарын қанаттандырады.
Бүгінгі мерейлі күні барша Шиелі тұрғындарына өзімнің жерлестеріме зор денсаулық, баянды бақыт және ұзақ өмір тілеймін. Асқар асулар мен белді белестерді бағындырып, қашанда асқақ абырой биігінен көрінулеріңізге тілектеспін!

Құрметпен,
Болат Палымбетов
17 қазан 2023 ж. 257 0