Қожалықта тындырымды тірлік көп
Ерте көктемнен басталған дала төсіндегі қызу жұмыс пен диқан қауымының еңбегін әркез газет бетіне жазып келеміз. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл саланың арқалаған жүгі қашан да ауыр. Тынымсыз тіршіліктің күйін кешіп, күз келгенде сол бейнеттің зейнетін көріп, қамбаны астыққа толтыратын сәт те келді. Осындай таудай тірліктің жүгін арқалаған шаруашылықтың бірі – «Бестам Елі» шаруа қожалығы.
Иә, жыл сайын су тапшылығының салдары шаруашылықтың жұмысына тұсау болып тұрса да, қиындыққа мұқалмай, ырысын жерден табуға ұмтылған «Бестам Елі» шаруа қожалығының бұл ісі үлкен жеңіс. Сонау 13 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келе жатқан қожалық биыл 300 гектарға күріш, 30 гектарға мақсары, 30 гектарға жаздық бидай, 170 гектарға ескі жоңышқа, 50 гектар жерге бақша өнімдерін орналастырған. Қазіргі таңда қожалықта 40 қызметкер бар. Барлығы өз жұмысын тиянақты атқарады. Шаруашылықтың жылдағы жоспарында жоңышқа 3 рет орылады. Сонымен қатар меже бойынша 170 үлескер отбасыға егістік алқабын дайындап, күріш, жоңышқа шөбі қожалық есебінен тегін таратылады. Одан бөлек дала төсінде еңбек етіп жүрген жұмысшылар жатын орын, ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілген. Шаруашылықта еңбек ететін қызметкерлердің жалақысы да ай сайын уақытылы аударылып, әр жұмысшыға 300 бау шөбі мен ақ күріші беріліп отырады.

Биыл «Бестам Елі» шаруа қожалығына 1 дана дән сепкіш, 1 дана дәрі сепкіш, 1 дана айналмалы соқа және БДТ-3.2 кесек майдалағыш техникалары алынған. Бұл шаруа қожалықта білікті мамандар қатары да жетерлік. Майталман механизаторлар Е.Бабыр, С.Арысбаев, С.Жарасбаев, Б.Қожаев, Ә.Байжанов, Р.Саханов, Ә.Досманов сынды азаматтар мәртебелі мамандықты меңгергенін еңбегімен дәлелдесе, аталған қожалықтағы белді күрішшілер сапындағы Сейітбек Жарылқасынов, Нұртуған Ортаев, Ағыбай Досмановтар табанды еңбек етуде. Сонымен қатар егістікке қажетті Беларус МТЗ-80, МТЗ-1221, К-700, MacDon сияқты алып техникалар жұмыс істеп тұр.
– Биыл су тапшылығына байланысты 3 су айдағыш СНП-500 екі дана және К-300 бір дана насос қондырғыларымен сбростардан қайта су айдадық. Үлкен қашыртқы суларын алдынан байлап, жер асты суларын да қосымша пайдаландық. Қазіргі уақытта күрішке орақ түскен уақытта осы қашыртқы суларын көп ұстау жерді ыза қылып, егін жинауға үлкен кедергі болып тұр. Қазіргі уақытта агроном саласына жастардың қызығушылығы жоқ. Бәрі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді құп көреді. Шаруашылыққа арасында жастар келеді. Бірақ ұзақ уақытқа тұрақтамайды. Сырттан жұмыс істегенді құп санайды. Сырта жұмыс істегеннің берекесі көп деп те айталмаймын. Себебі, оның жатын орны, жүріп тұруы, тамағынан айлықтары артылмайды. Алдағы уақытта осы агроном саласын одан әрі дөңгелету жастардың қолында. Сондықтан шаруаға бейім жастарды осы салаға тарту үшін, мемлекет тарапынан бір бағдарлама қарастырылса деймін. Қазіргі агрономдардың алды алпысты алқымдап, зейнет жасына шығуға таяды. Олардың орнын басу үшін жастар қажет. Мұны алдын алмаса, бұл да күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналуы бек мүмкін, – дейді Балтабай Қошқаров.
Қазіргі уақытта қожалықтың егіс алқабында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Сары алтындай жайқалған 300 гектар күрішке орақ түсіп, 100 гектары орылып, әр гектардан 50-55 центнерден өнім алуда. Бұл күнде шаруа қожалықтың қызметкерлері жұмыстың қиындығына қарамастан, сөзге беріктік пен еңбекке ептіліктің арқасында шаруашылықтың берекесін арттырып келеді. Біз үшін де диқан қауымының төккен тері мен еселі еңбегінің ақталғаны үлкен қуаныш.
Дархан БАЙТІЛЕС