Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріш пісті, орақ түсті

Күріш пісті, орақ түсті

Әне-міне дегенше егінге де орақ түсті. Көктемнен бері бейнеттенген диқандар еккен егінді жинауға кірісті.
Осы ретте, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Төңкеріс К» шаруа қожалығына барып, жиын-терім жұмыстарының басталу рәсіміне қатысып, диқандарға қамба қызылға толып, ырыс-несібе молынан болуына тілектестік білдірді.
– Биыл облыс бойынша 193,4 мың гектарға егiн егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар 99,9 мың гектар, майлы дақылдар 4,5 мың гектар, малазықтық дақылдар 69,2 мың гектар, қант қызылшасы 5 гектар, картоп, көкөнiс, бақша дақылдары 19,8 мың гектарды құрайды. Ал Сыр маржаны саналатын ақ күрiш 89 мың гектарға себілген. Жалпы егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға артық. Ендігі міндет – өнімді ысырапсыз жинап, қамбаға құю, – деді.
Айта кетейік, Бауыржан Көпеев басқарып отырған «Төңкеріс К» шаруа қожалығы 2014 жылы құрылған. Егістікті әртараптандыруға көңіл бөлген қожалық бүгінде сыр салысымен бірге бидай егеді. Мұнан бөлек мал азығын дайындауды да қолға алған. Биыл қожалықта егістік алқабының 1050 гектарына күріш, 240 гектарына күздік бидай, 450 гектарына ескі жоңышқа септі. Бүгінде шаруашылық 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Егін жинау науқанында күріштің әр гектарынан 50-55 центнерден өнім алуда.
«Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» демекші, тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, қызу тірлікке кіріскен диқан қауымының күзгі жұмыстарын аудан әкімі Нұржан Ахатов та көзбен көріп қайтты. Оның ішінде «Әшірбеков», «Мақсат» шаруа қожалықтары бар.
Алдымен аудан әкімі Нұржан Ахатов Бағлан Әшірбеков басқаратын іргелі шаруа қожалықтың жұмысымен танысты. Биыл «Әшірбеков» шаруа қожалығында 300 гектарға күріш, 300 гектарға жоңышқа, 50 гектарға бидай егілген. Жыл сайын сыр салысын өсіруде тәжірибе жинақтап, егіс көлемін де жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Өткен жылы шаруа қожалық маңдай тердің арқасында күріштің әр гектарынан 50-60 центнерден өнім жинаған. Бүгінде 30 адам осы шаруа қожалықтың жұмысын дөңгелетіп отыр. Бұл қожалықтағы жұмысшылар 30-ға жуық ауыл шаруашылық техникаларын тізгіндейді. Биыл егіс алқабына күріштің «Маршал» сорты егілген. Аудан басшысы еңбек майданындағы диқандармен бірге тыныстап, қамба дәнге толсын деген ақ тілегін жеткізді.
Одан әрі қарай аудан әкімі Мақсат Ташматов басқаратын қожалықтың егіс алқабына арнайы атбасын бұрып, дала еңбеккерлерімен кездесті. Биыл «Мақсат» шаруа қожалығы 200 гектар жерге күріш дақылын сеуіп, алтын дәнге орақ салды. Сонымен қатар 130 гектар жоңышқа да бар. Қазіргі таңда қожалықта 20 адам жұмыс істейді. Қожалық төрағасы аймақ басшысының қолдауымен судан таршылық көрмей, егіс науқаны шығынсыз аяқталғанын жеткізді. Қожалықтағы жұмысшылар алдағы уақытта егістік алқабын ұлғайтуды көздеп отырғандарын тілге тиек етті. Диқан қауымның бұл ұсынысын назарға алған аудан басшысы дала жұмыстары мен күріштік алқаптарын суару жұмыстары күн тәртібінен түспей, бақылауда болатынын айтты.
Айта кетейік, «Төңкеріс К», «Ақмая», «Бидайкөл», «Алтын дән – Шиелі», «Халық», «Байсын», «Мақсат», «Бестам елі» шаруа қожалықтары күрішке орақ салды. Биыл аудан бойынша 13176 гектар жерге күріш дақылы себілген. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, 13 176 гектар күріш алқаптың 1802 гектары орылып, 5005 тонна сыр салысы қамбаға құйылған. Қазіргі гектар өнімділігі 45,5 центнерді құрады.

Дархан Байтілес
11 қыркүйек 2023 ж. 210 0