Соғыстың соңғы солдаты сапарына аттанды
Небәрі 18 жасында майдан даласына аттанған Сәрсенбек Байжанов ғасыр жасап, 2023 жылдың 21 тамызында мәңгілік сапарына аттанды.
Ол 1942 жылдың 8 наурызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының орталығында өмірге келген. Жастайынан елшіл, өршіл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Жасы 19-20 шамасында 30 жігіттің қатарында соғысқа аттануға асығады. Үш айдай ұрыс тактикасына машықтанғаннан соң, Қазан, Саратов қалаларынан өтіп, ең қанқұйлы Сталинград шайқасына түседі. Сталинград шайқасында генерал-фельдмаршал Паулюсті тұтқындау операциясына («Шеңбер») қатысқан сарбаздардың бірі, «Қызыл жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы», т.б ордендер мен ондаған әскери медальдың иегері атанған майдангер – Отан алдындағы борышын абыроймен атқара білді. Ұлы жеңіспен елге оралған азаматты жерлестері рухы биік нар тұлға, ардақты ұстаз бейнесінде үлгі тұтты.

Кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылы 19 қарашада басталған. Ол үш операциямен іске асырылған: «Уран» – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу, «Кіші Сатурн» – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау, «Шеңбер» – фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандап, өзін қолға түсіру. Сталинградта айбынды жауынгерлер 140 күн жаумен бетпе-бет айқасты. 330 мың неміс әскері мен офицері, 24 генерал қолға түсті. Сөйтіп жау ең негізгі күшінен айырылды. Нәтижесінде 22 фашист дивизиясы қоршауға алынып, генерал-фельдмаршал Паулюс басқарған 6 неміс армиясы тізе бүкті. Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандауды міндетіне алған «Шеңбер» операциясының жанкешті әрекеті нәтижесінде 1943 жылы 2 ақпанда генерал-фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. Сталинград шайқасы 2-дүниежүзілік соғыстың барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады.
Өжеттілік. Бірбеткейлік. Бұл соғыс ардагері Сәрсенбек Байжанов ақсақалдың бойынан табылатын қасиет еді. Оған Алматы қаласындағы бірер айлық дайындықтан соң, ант қабылдар кезде бұл рәсімді өз ана тілімде жасаймын деп қасарысып тұрып алуын дәлел ретінде айтсақ болады. Сондағы уәжі: «Мен Отан-ананы қорғауға аттанып барамын. Елге ант, өзіме серт бергелі тұрмын. Сондықтан қасиетті сөздерді ана тілімде айтсам деймін. Сол менің жүрегімді тербейді, намысымды жаниды», – дейді. Мұндай тосын мінез бен батыл ұсынысты бұрын-соңды естімеген офицерлер алғашында қарсылық танытқанымен, ойлана келе жауынгер талабын орынды санап, келісім береді. Осылайша, С.Байжанов жүздеген қазақ жігітінің ішінде бір өзі әскери антты қазақ тілінде қабылдап шыққан еді.
Ол ұдайы ұпайын емес, абыройын түгел ұстауға талпынды. Үнемі тек алдынғы шептен табылатын ол – кескілескен ұрыста сол көзі мен оң қолынан жарақат алып, соғыс госпиталында, сонан соң Сталинград қаласында ұзақ емделген еді. Кейін сырқаты сыр бере бастаған соң, соғысқа жарамсыздар қатарына қосып, бір жылдан соң елге оралады. Сәрсенбек Байжановтың негізгі мамандығы – педагог. Жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жұмсады. Бір елдің ақылшы ұстазы, бір әулеттің өнегелі қариясы Сәрсенбек Байжанов жұбайы Жәмиля Сейтжановамен 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, бір-бір маман иесі атандырды.
Ардагер ұстаз, елі үшін майданда төсін оққа тосып, Отан үшін от кешкен тұлғасы биік Соғыстың Соңғы Солдаты өнегеге толы өмірін ұрпақ жадында қалдырып, өзі бақилық сапарға аттанып кете барды. Алдында тосқауыл болған қаншама қиындықты жеңіп, жігері мұқалмай бақытты қарттықтың дәмін татып, 1 ғасыр ғұмыр жасады. Ерлікпен, өрлікпен есім-сойы аталатын соғыс ардагеріне мәңгілік тағзым етеміз! Жатқан жерің жәннат болсын, Жауынгер!
«Өскен өңір» газеті