Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРТ МАЙДАНГЕРМЕН СҰҚБАТ

ҚАРТ МАЙДАНГЕРМЕН СҰҚБАТ

Елді қорғау – ер азаматқа берілген ұлы мәртебе. Соны абыроймен атқара білген ардагерлердің арқасында біз бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз. Ата-бабаларымыз әрбір қазақты өзінің бауыры санап, солар үшін қасық қаны қалғанша күресті. Ақыр соңында жеңіс туын желбіретіп, бейбіт күнге қол жеткізді. Соғысқа қатысқан әрбір ардагер есімі мәңгі тариxта қалады. Осы мақсатта, бізде Нартай ауылында тұратын ауданның көзі тірі жалғыз ардагері – Сәрсенбек Байжановпен сұқбаттасқан болатынбыз. Көп созбай, сұқбат барысына көшсек деп отырмын.
– Сәлеметсіз бе, ата! Қалыңыз қалай?
– Шүкір жақсы шырағым, өздерің қалайсыңдар?
– Аман-есен, ақырындап жүріп жатырмыз. Ата сіз қай жерде дүниеге келдіңіз?
– Мен 1923 жылдың 1 мамырында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, бұрынғы Үлгілі болса, қазіргі Керделі елді мекенінде дүниеге келдім. Ата-анам қарапайым адамдар болды. Десек те менің білімді азамат болғанымды қалап, 1933 жылы мені өзіміздің ауылдағы мектепке берді. Осылайша жеті жасымда Нартай ауылындағы орта мектепке бардым. Ол жерде 7-сыныпқа дейін оқыдым. Одан соң, өзге балалар секілді колxозда еңбек еттім.
– Жалпы, ата соғысқа қай жылы аттандыңыз?
– Біз өміріміз аштық нәубетіне тап келді. Небір қиындықтарды бастан өткердік. Ол кезде колхозда қара жұмыста жүрген кезімізде сұрапыл соғыс басталды деген суық хабар келді. Елдегі ер азаматтардың барлығы қолға қару асынып, ел қорғауға аттанып жатыр екен. Менде 1942 жылы мектеп бітірісімен жаяу әскер қатарына алынып, ұрыс даласына 1942 жылдың 8 наурызында Қызылорда облысы Шиелі қыстағынан 19 жасымда аттандым.
– Есіңізде болса, қай жерлердегі шайқастарда болғаныңызды айта аласыз ба?! Біз жас ұрпақ үшін, сіздің қандай өткелдерден өткендігіңіз қызық.
– Әрине, есімде. Ол уақыттағы күндерді еш ұмыта алмаспын. Жасым шамамен 19-20 шамасында 30 жігіттің қатарында соғысқа аттандым. Үш айдай ұрыс тактикасына машықтанғаннан соң, Қазан, Саратов қалаларынан өтіп, ең қан­құйлы Сталинград шайқасына түстім. Дәлірек айтасм, менің соғыстағы шайқастарым 1942-1944 жылдар аралығында Сталинградтың Солтүстік батысындағы «Магеллан» деген жерден басталды ғой. 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста Гитлердің қолбасшысы фельдмаршал Паулюс басқарған 340 мың әскер қаланы қоршадық. Жан-жақтан жансызын жіберіп, берілмесеңдер тірі шықпайсыңдар деген талаптарын да қойды. Намысы қайралған біздің әскерлер ақтық демі шыққанша шайқасуға бел байлайды. Ақыры 340-мың әскердің 92 мыңын қолға түсіріп, қалғанын қырып салдық. Ұсталғандардың ішінде фельдмаршал Фридрих Паулюс та бар. Одан соң, Чеxословакия астанасы Праганы азат етуге қатыстым. Прагадан соң Берлинге оралдым. Біраз елдерде шайқаста болдым.
– Шайқас кезінде түрлі қиыншылықтарға тап болған шығарсыз. Майданда жүріп, қандай жарақат алдыңыз?
– Майданның қақ ортасында жүріп, талай фашистің көзін жоюға атсалыстым. Кескілескен ұрыстардың бірінде мина жарылғанда сол көзім мен оң қолымнан және аяғымнан жарақат алып, соғыс госпиталында, сонан соң Сталинград қаласында ұзақ емделедім. Кейін сырқатым сыр бере бастаған соң, соғысқа жарамсыздар қатарына қосып, 1944 жылы елге оралдым.
– Соғыстан елге 1947 оралдым деп айттыңыз. Соғыстан соң немен айналыстыңыз?
– Соғыстан кейінгі жылдарда мен колхозда жұмысшы болып еңбек еттім. Одан соң, білімге құштарлығымның арқасында 1950-1953 жылдар аралығында Түркістан педогогикалық училищесінде оқып, мұғалім мамандығын алып шықтым. Ауылдағы мектепке орналасып, балаларды білім нәрімен сусындатуға кірістім. Содан 1963-1991 жылдар аралығында №156 қазақ орта мектебінде 38 жыл мұғалімдік қызмет атқардым. Иә, жарты ғасыр ғұмырым жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнадым.
– Қарап отырсам, елге біршама жыл қызмет еткен екенсіз. Ал зейнетке қай жылы шықтыңыз?
– Құрметті еңбек демалысына 55 жасымда мүгедектігіме байланысты зейнеткерлікке шықтым.
– Әрине, елді қорғадыңыз, елде еңбек еттіңіз. Жеткен жетістіктеріңіз қандай?
– 2019 жылы ардагер ұстазға «Шиелі ауданның Құрметті азаматы» атағы берілген еді.
– Енді жеке өміріңізге де тоқталып өтсек. Қашан отбасы құрдыңыз?
– Бір өкініштісі, 2019 жылы отау құрғанына 60 жылдан асқан зайыбым Батыр Ана Жәмила өмірден озды. Араға 3-4 ай салып үлкен ұлым Абылай дүниеден өтті. Осы екі қайғылы жағдай маған оңайға соқпады. Біраз қажытып тастады. Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, әйелім Жәмила екеуміз өмірге әкеліп, тәрбиелеген 5 ұл, 5 қыздан өрбіген 35 немере, 15 шөбере сүйіп отырған өнегелі отбасына айналып отырмын. Мен өзім шығармашылыққа жақын болдым. Белгілі ақын, сазгер, әнші Нартай Бекежановпен жақын дос болдым. Ол кісінің жыраулық еңбектерін тереңнен білдім.
04 желтоқсан 2022 ж. 288 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930