Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жеңістің жеңіл келмегенін айтыңдар...»

«Жеңістің жеңіл келмегенін айтыңдар...»

Жыл өткен сайын ұрыс даласында қасық қаны қалғанша шайқасып, бейбіт күннің атуына бірден-бір себепкер болған майдангерлердің қатары кеміп барады. Сол жандардың бірі – Нартай ауылында тұратын ауданның көзі тірі жалғыз ардагері Сәрсенбек Байжанов. Қарт майдангер биыл 100 жасқа толады. Ақсақалдың ғасырлық ғұмырындағы ғибратты білмекке арнайы барып сұқбат құрдық.

– Сәрсенбек ата, ең әуелі өзіңізді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ғұмырнамаңызға Шиелі халқы қанық. 100 жасаудың сыры неде?
– Мен 1923 жылдың 1 мамырында Шиелі ауданы, бұрынғы Үлгілі болса, қазіргі Керделі елді мекенінде дүниеге келдім. Ата-анам қарапайым адамдар болды. Десек те менің білімді азамат болғанымды қалап, 1933 жылы жеті жасымда Нартай ауылындағы орта мектепке берді. Ол жерде 7-сыныпқа дейін оқыдым. Одан соң, өзге балалар секілді колxозда еңбек еттім. Жастайымнан шаруаға ширап, жұмыстың ауырын да жеңілін де қатар көргеннен болар, қарттық жетті деп жатып қалғанды қаламадым. Үнемі қозғалыстағы адам ауруға бойұсына қоймайды. Сондықтан ұзақ жасаудың сырын тынымсыз еңбектен іздеңдер.
– Отанды қорғау әрбір азаматқа міндет һәм борыш екендігін жақсы білеміз. Біз өзіңіз секілді жаужүрек сарбаздардың арқасында Тәуелсіз елге айналдық. Бейбіт күннің бағасын қалай берер едіңіз?
– Біздің өміріміз аштық нәубетіне тап келді. Небір қиындықтарды бастан өткердік. Ол кезде колхозда қара жұмыста жүргенбіз. Сұрапыл соғыс басталды деген суық хабар келді. Елдегі ер азаматтардың барлығы қолға қару асынып, ұрыс даласына аттанып жатты. Менде 1942 жылы мектеп бітірісімен жаяу әскер қатарына алынып, 8 наурыз күні 19 жасымда Шиелі қыстағынан соғысқа аттандым. Отты күндерді де, шоқтығы биік Тәуелсіз күнді де көрдім. Аллаға шүкір! Біздер мәңгі өмір сүрмейміз. Сондықтан өздеріңнен кейінгі ұрпақтарға жеңістің жеңіл келмегенін айтыңдар. Бейбіт күннің бағасын біліңдер!
– Соғыс жылдарын есіңізге салғанымыз үшін кешірім сұраймыз. Сол бір жылдардың ауыр екендігі айтпаса да түсінікті. Десе де ойы қарақты оқырмандарға зұлмат жылдардағы басыңыздан кешкен оқиғаларды айтып берсеңіз?
– Әрине, есімде. Ол уақыттағы күндерді еш ұмыта алмаспын. 19 жасымда 30 жігіттің қатарында соғысқа аттандым. Үш айдай ұрыс тактикасына машықтанғаннан соң, Қазан, Саратов қалаларынан өтіп, ең қанқұйлы Сталинград шайқасына түстім. Дәлірек айтасам, менің майдандағы күндерім 1942-1944 жылдар аралығында Сталинградтың Солтүстік батысындағы «Магеллан» деген жерден басталды. 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста неміс-фашист армиясының генерал-фельдмаршалы Паулюс басқарған 340 мың әскер қаланы қоршады. Жан-жақтан жансызын жіберіп, «берілмесеңдер тірі шықпайсыңдар» деген талаптарын да қойды. Намысы қайралған біздің әскерлер ақтық демі шыққанша шайқасуға бел байлады. Ақыры 340 мың әскердің 92 мыңын қолға түсіріп, қалғанын қырып салдық. Ұсталғандардың ішінде фельдмаршал Фридрих Паулюс та бар. Одан соң, Чеxословакия астанасы Праганы азат етуге қатыстым. Прагадан соң Берлинге жеттік. Біраз елдерде шайқаста болдым.
Майданның қақ ортасында жүріп, талай фашистің көзін жоюға атсалыстым.Кескілескен ұрыстардың бірінде мина жарылғанда сол көзім мен оң қолымнан және аяғымнан жарақат алып, соғыс госпиталында, сонан соң Сталинград қаласында ұзақ емделдім. Кейін сырқатым сыр бере бастаған соң, соғысқа жарамсыздар қатарына қосылып, 1944 жылы елге оралдым.
– Ел қорғаудағы ерлігіңізді ұрпағыңыз ұмытпайды. Соғыстан кейінгі жылдардағы еңбек жолыңыз жайлы сөз қозғасаңыз.
– Соғыстан кейінгі жылдарда мен колхозда жұмысшы болып еңбек еттім. Одан соң 1950-1953 жылдар аралығында Түркістан педогогикалық училищесінде оқып, мұғалім мамандығын алып шықтым. Ауылдағы мектепке орналасып, балаларды білім нәрімен сусындатуға кірістім. Содан 1963-1991 жылдар аралығында №156 қазақ орта мектебінде 38 жыл мұғалімдік қызмет атқардым. Иә, жарты ғасыр ғұмырым жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арналды.
– Бейнеттің зейнетіне жеттіңіз. Осы уақыт аралығында көрген түйгеніңіз көп. Бізден, кейінгі буынан қандай ағаттықтар кетіп жатыр деп ойлайсыз?
– Құрметті еңбек демалысына 55 жасымда мүгедектігіме байланысты шықтым. 2019 жылы Шиелі ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл маған ғана емес, барлық соғысқа қатысқан майдангерлерге көрсетілген құрмет деп білемін. Қазір жас мемлекетіміз еңсесін тіктеген Жаңа Қазақстанды құруға қадам басты. Сол үшін қуанамын. Басшы мен бұқара бірлесіп, келісіп піскен тон келте болмайтынына сенімдімін. Сондықтан болашақ үшін, ел үшін адал қызмет етіңдер. Жерімізді жау баспай, халқымызды жат жұртқа жаутаңдатпаңдар!
– Бүгінде өзіңізді үлгі тұтатын жас­тар көп. Әсіресе әскерге аттанғалы отырған жас сарбазтар сіздің еңбек жолыңызды жақсы біледі. Алайда жеке өміріңізді емес. Осы сұқбатымызды пайдаланып біз сізден отбасыңыз жайлы сұрауды жөн көріп отырмыз.
Бір өкініштісі, 2019 жылы отау құрғаныма 60 жылдан асқан зайыбым Батыр ана Жәмила өмірден озды. Араға 3-4 ай салып үлкен ұлым Абылай дүниеден өтті. Осы екі қайғылы жағдай маған оңайға соқпады. Біраз қажытып тастады. Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, әйелім Жәмила екеуміз өмірге алып келіп, тәрбиелеген 5 ұл, 5 қыздан өрбіген 35 немере, 15 шөбере өмірімді мәнді де мағыналы етіп отыр. Соларға соғыста болған ерекше сәттерді әңгімелеп, барынша патриоттық сезімдерін оятуға тырысамын. Мен өзім шығармашылыққа жақын болдым. Белгілі ақын, сазгер, әнші Нартай Бекежановпен жақын дос болдым. Ол кісінің жыраулық еңбектерімен етене таныспын.
– Батыр Бауыржан Момышұлы «бейбіт елдің тұрғындары, нағыз бақытты адам» деген екен. Ал бейбіт заманда жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру үшін қайтпек керек?
– Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген, бола да береді. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.

Сұқбаттасқан
Шапағат Тілеубаев
06 мамыр 2022 ж. 551 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930