Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің ұстазым – Сәрсенбек ағай «Соғыстың соңғы сарбазы»

Менің ұстазым – Сәрсенбек ағай «Соғыстың соңғы сарбазы»

Сұрапыл соғыстың аяқталып, жеңіс туының желбірегеніне – 76 жыл. Бұл сол кездегі кеңес әскерінің ержүректілігі мен төзімділігін паш еткен, тарихи күн. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді.

Сталинград түбіндегі шайқаста фельдмаршал Паулюсті тұтқындауға қатысқан сарбаздардың бірі Нартай ауылының тумасы – Сәрсенбек ­Байжанов. Бір қызығы, қарт майдангердің туған күні де 9 мамыр – Жеңіс күнімен қатар тойланады. Қос қуанышы қатар келген майдангер биыл 98 жасқа келді. Сәрсенбек Байжанов 1942 жылдың 8 наурызында шиелілік қылшылдаған 30 жастың қатарында соғысқа аттанды.
Жас сарбаз үш ай ұрыс тактикасына машықтанып, Отан алдындағы ант беру рәсімінде орыс тілінде ант беруден бас тартады. Сол кезде командирі келіп «сен неге бұйрыққа бағынбайсың?» деп одан қазақша сұрайды. Ол «мен орыс тілін түсінбеймін, мен не үшін ант беріп тұрғанымды да түсінбеймін, сол себептен маған қазақ тілінде ант беруге рұқсат етіңіз» дейді. Мұны бақылап тұрған генерал үш сағаттың ішінде антты қазақ тіліне аударып береді. Сөйтіп, Сәрсенбек ағамыз Отан алдындағы антын қазақ тілінде береді. Осыдан кейін Қазан, Саратов қалаларынан өтіп, ең қанқұйлы Сталинград шайқасына түседі.

Сұрапыл соғыс жылдары Шиелі ауданынан 6 мың сарбаз қан майданға аттанды. Бірақ олардың 1862-сі ғана туған жерге аман оралды. Ал Сәрсенбек ­Байжановпен бірге майданға сұранған 30 жігіттің тек екеуі отбасымен қайта қауышқан. Жеңісті жақындатқан жауынгер 1944 жылы ауыр жарақаттан кейін елге оралып, туған ауылында ұстаздық қызмет атқарды. Солтүстік Сталинград майданы, Магилан селосының шығыс жақ бетінде – қызыл Армия жауынгерлері, арғы бетінде – фашистік Германия солдаттары. Екі жақ та окоп, траншея сияқты бекіністерді күшейтіп бірін-бірі аңдып жатыр. Сталинград түбіндегі ауыр соққыдан есеңгіреген гитлершілерді бұрынғыдан да соққылай түсу әрекетімен біздің жауынгерлер шабуылды үдете бастады. № 345 атқыштар полкінің командирі ең таңдаулы жігіттерді іріктеп алған, олардың ішінде жерлесіміз мерген-пулеметші Сәрсенбек Байжанов та бар.
– Ура, алға жолдастар! – деген капитан даусына Сәрсенбек даусы да қосыла шықты, төңіректі уралаған дауыс басып кетті.
Майдан шебінде қиян-кескі шайқас жүріп жатты. Сәрсенбек жау шебіне қарай жүгіріп келеді, кенет жау оғы оның қолына келіп тиді. Екпінмен біраз жерге дейін домалаған жас жауынгер «қап, жаудың сазайын енді бере бастап ем» деп ойлап үлгерді. Одан арғысын білмеді, госпитальда есін жиғанда оң қолының істен шыққанын, қос қабырғаның сынғанын сезді. Жас жауынгер көп қиыншылықтарды басынан өткерді. Бас дәрігердің көмегімен, науқасына қарамастан, жарақат алған қолын қимылдатып, «қайтсем кәдеге жаратып, әскер қатарына қосылам» деген оймен көп әрекеттенді, түрлі жаттығулар жасады. Қазақ жігіттеріне өзінің жүрегін жарып шыққан өзек­жарды өлеңдерін домбыраға қосып, күйзеліп, жақын туыс, дос­тарынан айырылған жауынгерлерге күш-қуат беріп, жігерлендірді. Жаралы қолы икемге келмей, елге оралды.

Сәрсенбек Байжанов Қызылорда облысы, Шиелі елді мекеніндегі «Ақ Орда», бұрынғы Октябрьдің 14 жылдығы атындағы мектепте 8 сыныпта оқып жүріп, мектеп партасынан армия қатарына алынған. Туған ауылына жаралы болып оралысымен, қарапайым қолхозшы болып еңбекке етене араласты. Білім бұлағына сусындағысы келген ол 1950 жылы Түркістан қаласындағы педогогикалық училищеге түсіп, мұнан соң Еңбекші ауылында мұғалімдік қызметін ойдағыдай атқарды. Содан кейін Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп, мектепте химия пәнінен сабақ бере бастады. Оқушылар бойында осы сабаққа деген сүйіспеншілікті арттырды, ең алғаш рет химия бөлмесін ашып, сабақ берудің кабинеттік жүйесіне алдыңғылардың бірі болып көшкен де – осы кісі. Химия бөлмесін жабдықтауда көптеген жұмыстарды оқушылар көмегімен өзі жасады. Мектеп бітірген оқушыларының бесеуі химия пәнінің маманы болып қазіргі таңда №156 мектепте жемісті еңбек етіп жүр. Олар үнемі ұстаздарымен жүздесіп, хабарласып тұрады.
Сәрсенбек ағаның өмірде оқығаны мен тоқығаны көп. Ол кісі сабақ бергенде сыныпта шыбынның ызыңы естілмейтін, қаталдығы жоқ, бірақ, барлығын бір көз қарасымен ұғындыратын. Сәрсенбек аға ылғи сыныпта оқушыларға ақылымен қоса басынан өткен оқиғаларды айтып отыратын. Ол кісі «тамақ жегенде обығып жеме, қанша тісің болса сонша рет шайнап же, ылғи күліп жүріңдер, күлген адамның жүзінде нұр болады» дейтін. Ағамыз бірде тартылып кеткен көлшіктің орнына картоп егеді, оған біраз ауыл адамдары ол жерге бекер ектің деп уәж айтады, сол көлшіктің орнынан ағамыз үлкендігі әңгелектің көлеміндей болатын картоп алады, 9 картоп бір қап болды деп, бізге айтып беретін..

Міне, өткенге көз жібере отырып, ұстазымның бақытты екендігін сезіндім. Жан жары Жәмила апамен он бала тәрбиелеп өсіріп, 33 немере, 23 шөбере көріп отырған ақ әже мен ардақты ата. Ағамыз ұл қыздарын өте тәртіпті, қарапайым, еңбексүйгіш етіп тәрбиеледі. Ол кешегі күнге дейін ауыл мешітіне, аудан орталығындағы моншаға жаяу баратын, ол өте сабырлы кісі, ағамыздың осы қасиеттері ұзақ жасаудың бір сыры шығар. Бүгінгі күні дүниеден өткен 680 ауыл тұрғындары мен ағайын туыстарының аты – жөндерін қағазға жазып алып, аруақтарын құранға қосып бағыштап отырады. Ол үлкен сауап. Оған төзімділік қажет, ол төзімділік Сәрсенбек ағаның бойында жетерлік.

Жауынгер – ұстаз шығармашылықтан да құр-алақан емес. Оның өлеңмен жазған майдан хаттары кейін кітап болып басылды. Бұл бір жұқалау кітап болса да, бейбіт күнді сыйлаған батыр бабалардың ерлігі мен еңбегін суреттеген тарихи құнды мұраға айналары анық.

Құттықыз Ыханова,
Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі директоры
07 мамыр 2021 ж. 349 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930