Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілім менің - тірлігімнің айғағы

Тілім менің - тірлігімнің айғағы


Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы "Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл" деп дөп басып айтқан. Иә, жер жүзінде қаншама тіл болса оның ішінде күмбірлеген күйдей естіліп, тыңдаған құлақтың құрышын қандыратын ең әдемісі – қазақ тілі. Тек әуезді естілуімен ғана емес, сөздік қорының бай болуымен де әлемдік тілдер арасында ойып тұрып орын алады. Мұны қазіргі заманда ғана емес, өткен ғасырдың сөз саптау ерекшеліктерінен де, әдеби туындылардан да аңғарамыз. Мәселен Алаш арысы А.Байтұрсынов "Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу" десек, енді бірде "Өз тіліңмен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы – еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды" дейді. Қазіргі тәуелсіз болған тұстағы ел президентінің "Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін" ұстанымының осынау қанатты сөздермен астасып, біте қайнасып жатқанын көреміз.
Дүниежүзіндегі тіл мамандарының деректеріне сүйенсек, жер бетінде 14 күнде бір тіл жоғалып отырады екен. Ал кез келген ұлттың келешегі өзінің ана тіліне байланысты. Сондықтан бұл кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Сол секілді қазақ тіліміздің де тағдырын осы бастан қолға алуымыз қажет. Иә, егемендік алып, еңсеміз тіктегелі өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Алайда әлі де болсын тіліміз тұралап, кей жерде дұрыс қолданылмай жатады. Әсіресе әлеуметтік желіде қазақ тілінің жартысы желініп жатыр десек жасырын емес. Тәуелсіз елде дүниеге келген ұл-қыздар ел басқарып, ақыл айтар шаққа жеттік. Ендігі жерде ұлттық құндылықтарымызды одан әрі қарқынды түрде дамыта түсуге бағытталу қажет. Еліміздің әр азаматы әуезді, әдемі, жағымды қазақ тілін былғамай, таза сөйлесе қандай керемет. Тіл мәдениеті деген де осы болса керек. Осы орайда Ыбырай Алтынсариннің «Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкін қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмас­тан ілгері бастырып сөйлесе» деген сөзі еріксіз ойға оралады.
Тіл жанашыры А.Байтұрсынов та «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді. Міне, әліппенің атасы айтқан осы сөздің өзі мемлекеттік тілімізді қаншалықты құрметтеп, қадірлеу керектігімізді айшықтап тұр. Қалай десек те ана тілінің қадірін арттыру – дамудың даңғыл жолындағы бір қадам екенін естен шығармайық.
Айбар МҰСАБЕК,
Құжаттамалық қамтамасыз ету тобының
старшинасы қатардағы полицей
12 шілде 2023 ж. 444 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930