Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауласы тазаның – ауасы таза

Ауласы тазаның – ауасы таза




Шиелі аудандық өндірістік учаскесінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Сейітов ауласы тазаның – ауасы таза дейді.

Соңғы кезде Шиелі кенті ішіндегі тұрғындардың есік алдын мекеме қызметкерлері тазалап беру үрдіске айналып барады. Бұл жұмыстың аяғы жақсылыққа апармайтыны кімге болса да аян. Қай заманда егесі бар үйдің есігінің алдын басқа біреу тазалаған? Аяқ-қолы сау, бауыры бүтін адам үшін біреудің еңбегін ақысыз, негізсіз пайдалану жөн бе?

Қазір біреуге ақыл айтып, жөн сілтеп көріңізші. Ақылыңызға пысқырмайды. Бірақ солар тазалыққа келгенде жабайы адамның, мәдениетсіздіктің, көргенсіздіктің үлгісін көрсетіп жүргенін біледі ме екен? Қашанғы бюджеттік мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары алыстан ат шалдырып келіп кент тұрғындарының үй-сыртын тазалап беруі керек? Ағайындар-ау! Сауаттымыз деп көкірек қаққанда қанатымыз аспан астын жауып кетеді. Бірақ есік алдына, аула сыртына қайсыбіріміз қоқыс жәшігін орнаттық? Қымбат үй, қымбат көлік, қымбат киім киіп кекірейіп, айналамызды көзге ілмей жүрген «аристократ» ағайындардың өзінің аула сыртында қоқыс жәшігі жоқ! «Өзің дуанасың, кімге пір боласың» деген осындайларға қарата айтылатынын ол шіркіндер санасына түйсе, біз осылай шырылдап қаламды қолға алар ма едік? Иә, өткен заманға кейде мұрын шүйіре қараймыз. Сол мұрын неге түсіп қалмайды? Өткен замандағы ата-баба тазалығы біздің бойымызға бітті ме? Қанымызға сіңді ме? Жоқ! Ілгеріні айтпай-ақ қоялық, кешегі кеңес өкіметі кезінде Сарысуға мал жайлаған малшылар  көктеу, жайлаудағы мал қораларының орнын өртеп, тазалап келесі жылға тап-тұйнақтай етіп тазалап, дайындап кетеді екен. 

Тазалық туралы айтқанда мақалама шешемді қоспай кетуім мүмкін емес. Анам марқұм тоғыз баланы дүниеге алып келді. Таңертең ерте тұрып, бірінші есік алдын сыпырып, содан соң бес сиыр сауатын, екі күбі пісетін, оның арасында 3-4 таба нан жауып алатын, бауға барып алма теріп қоятын. Одан бөлек біздің тамағымызды беріп, киіндіріп, сабаққа жіберетін. Сөйткен шешем еңбектен қайтқан жоқ. Алланың ауруы алды. Егер  мүгедек болып немесе қарт болса оларға сын жоқ. Бүгінде тепсе темір үзетін тұрғындардың есік алдын бөгде біреулердің тазалап беру өте ұят деп есептеймін. Сондықтан тез арада көше комитеттері, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі көше тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек. Жұмыс барысында егер ауласы таза болмаса, бір-екі рет ескерту беріп, содан соң айыппұл салынатыны жөнінде анықтап айтулары керек.  Осындай жұмыстар арқылы кент тұрғындарын жаман әдеттен арылтуымыз керек. Болашақ ұрпақ өз ауласын өзі тазалауды қазірден бастаған жөн. ал жалпыға ортақ сенбілік кезінде мекемелер біреудің есік алдын емес, өз мекеме аулаларында жаңадан ағаштар, гүлдер т.б көркейту-көгалдандыруды қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар сенбілік кезінде мүгедектер мен жалғызбасты қарттарға, жұмысқа жарамсыз ауру кісілерге көмектесуге болады. Бұл бір сауапты іс деп есептеймін. Шиелі ауданын болашақта көркейтіп, көркейту-көгалдандыру мақсатында аймақ басшысы тағайындаған марапатқа ие болуға атсалысайық ағайын!
24 мамыр 2023 ж. 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930